– Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздермен жаңа Премьер-Министр Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында, көп жұмыс атқарылды, – деді Қазақстан Президенті.
Жиын барысында Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен комитеттер төрағалары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына ұсынылған Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.
Бекітілген Үкіметтің жаңа құрамынан бірнеше жайтты байқауға болады. Біріншіден, Елбасы осыған дейін өткен түрлі отырыстарда ел экономикасының өсімі мен қоғамның әл-ауқаты мәселесін көтеріп, министрлер кабинетін бірнеше рет сынға алған еді. Ірі державалардың арасындағы санкциялық текетірес уақытында ерекше дайындықтың керек екендігін ескертті. Алайда дер кезінде қажет шаралардың қабылданбауы Үкімет отставкасына әкелді. Оны Президент өзінің арнайы мәлімдемесінде айшықтады. Яғни, Елбасы әлемдік және мемлекет ішіндегі жалпы жағдайды, дамуды жіті бақылап отыр.
Екіншіден, 11-ші Үкіметтің алдындағы ендігі негізгі тапсырмалардың бірі – әлеуметтік блок болғалы тұр. Себебі соңғы уақытта қатардағы азаматтар дәл осы мәселені жиі көтерді. Әсіресе, жақында өткен әкімдер есебінде бұл саланың сұрақтары сан рет қойылды. Халықтың айтқан уәжіне жауап ретінде Үкіметтің осы құрамына әлеуметтік саланы нығайтуға экс-Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Вице-премьер ретінде, ал тәжірибелі Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ретінде кіріп отыр. Қос мемлекеттік қайраткер де бұрын осы бағытта істеген, тәжірибесі мол. Сәйкесінше, жаңа міндеттің қатарында азаматтардың жұмыспен қамтылуы, табыс көлемінің артуы, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар және басқа да мәселелердің болуы әбден мүмкін. Иә, бұрынғы үкіметтер де аталған мәселемен айналысты, оны жоққа шығаруға болмайды. Алайда енді бос статистиканы келтіре отырып, мәселені шешілдіге жатқызуға келмес. Қазіргі кезде әлеуметтік түйткілдер Үкіметтен кешенді қадамдарды талап етеді.
Үшіншіден, егер Үкіметтің жаңа құрамына қарасақ, онда Президент маман таңдау мәселесінде дәстүрлі ұстанымдардан айнымаған. Алғашқысы – жақсы көрсеткішке ие министрлер өз қызметінде қалды. Бұдан бөлек, үкіметтер арасындағы сабақтастық үзілмес үшін кабинет тек жартылай жаңарды. Ал соңғы принцип – мамандардың жаңа легіне сенім азайған жоқ, яғни Елбасы оларға мүмкіндік береді. Соңғы сөзімізге Руслан Дәленовтың Ұлттық экономика министрі атануы, Әлихан Смайыловтың Қаржы министрімен қоса Премьер-Министрдің бірінші орынбасары деңгейіне көтерілуі, индустрия және инфрақұрылымдық даму саласын басқарып келген Жеңіс Қасымбектің Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалуы дәлел.
Мамандар жаңа Үкіметтің құрамы, оның алдындағы тапсырмалары жайлы өз пікірлерін білдіріп жатыр. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары жаңа Премьер-Министр Асқар Мамин алдымен әлеуметтік салаға басымдық беруі тиіс дейді.
Санат КӨШКІМБАЕВ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы:
– Асқар Маминнің Үкімет басшысы болып тағайындалуында ешқандай кездейсоқтық жоқ. Президент министрлер кабинетінің құрамы 50 пайызға жаңартылатындығын атап өтті. Бұл дамудың жаңа мақсат-міндеттеріне байланысты қалыптасып отырған жағдай. Үкімет бұрынғы құраммен сабақтастығын да жоғалтпайды көптеген мемлекеттік бағдарламалар А.Маминнің бірінші Вице-премьерлігі тұсында – 2017-2018 жылдары қабылданды. Оның ішінде, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен Елбасының өткен жылдың қазан айындағы әлеуметтік сала кеңінен қамтылған Жолдауындағы мақсат-міндеттер қазір орындалуда.
Сонымен қатар Үкіметтің жаңа құрамының алдындағы басты міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Атап айтқанда, министрлер кабинеті тұрғындардың табысын молайтуға, жалақыларын көбейтуге, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға басымдық береді. Бұл – Үкімет жұмысы бағаланатын басты көрсеткіш. Президентіміз айтып өткендей, қарапайым халықты аса қызықтыра қоймайтын ішкі жалпы өнімнің өсуі, мұнай бағасының өзгеруі тәрізді мәселелерден бұрын, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нақты көрсеткіштері есепке алынады.
Қазір әлемдік конъюнктура нашарлап барады, ішкі және уақыт талаптары өзгерген тұста Үкіметке шаруашылықты, аталған салаларды жетік білетін тұлға қажет болды. Ал Асқар Мамин бұл өлшемдерге толық сай келеді – министр, әкім болды, ірі ұлттық компания – «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамын басқарды, жеке бизнесте де тәжірибесі бар, ысылған маман.
Халықаралық мәселелер бойынша да соңғы жылдары әлемдік экономикалық интеграцияларға белсене араласты, біздің ірі серіктестерімізбен арадағы инфрақұрылымдық келісімдерді жүзеге асырды. Оған қоса, А.Маминнің өз ісін жарнамалауды аса қаламайтындығын, керісінше нақты істерді орындауға бейіл екендігін көріп отырмыз.
Бүгінгі уақыт талабы көрсетіп отырғандай, Үкіметтік құрылымдар аса жайылмай, ықшам әрі шапшаң болу тиіс. Оның үстіне, барлық министрліктер қандай да бір шешім қабылдауда әлеуметтік саланы қаперден шығармауы керек. Бұл – Президенттің талабы және халықтың үміті.
Оның үстіне, мемлекеттік құрылымдардың басшылары халықпен әлеуметтік желі болсын, басқа да тетіктер арқылы ешқандай көмекші, хатшылардың көмегінсіз байланысқа шығулары керек. Қазір әлемдік трендке айналған мұндай байланыстың тиімділігі көрініп отыр. Сондай-ақ шешім қабылдайтын басшылар мен халықтың арасы алшақтамауы тиіс. Бүгінгі уақыт талабы ешқандай алшақтықты көтермейді. Қазір А.Мамин басқаратын Үкіметке дәл осындай талап қойылып отыр.
Әсел НАЗАРБЕТОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:
– Мемлекет басшысы Үкіметтің бұрынғы құрамын орнынан алуын елдегі әлеуметтік бағдарламалардың толық орындалмауымен байланыстырды. Ал жаңа Премьер-Министр Асқар Мамин ұзақ жылдан бері Елбасының командасында жауапты қызметтер атқарып келді. Нақтырақ айтқанда, елдегі барлық стратегиялық бағдарламалардың орындалуына барынша үлес қосты. Ол кездейсоқ таңдалған кандидатура емес.
Қызмет жолында көптеген баспалдақтан өткен А.Мамин алдағы уақытта Елбасы талап етіп отырған, қоғам үміттене қарап отырған әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіртіп, қордаланған мәселелерді кезек-кезегімен шешуі тиіс. Сонымен қатар Үкімет мүшелері соңғы конституциялық өзгерістерге сәйкес, әрбір саладағы жетістіктер мен кемшіліктерге байланысты жауапкершілік алулары қажет. Сайып келгенде, олардың жұмысында құзыреті кеңейген Үкіметтің барлық мүмкіндіктері қамтылуы тиіс. Өйткені бұрынғы Үкіметтің ең осал тұсы әлеуметтік мәселелерді қамтитын бағдарламаларды соңына дейін жеткізе алмағандықтары болды.
Қазіргідей алпауыт мемлекеттердің текетіресінің өршіп тұрған уақытында экономиканы сақтап қалумен қатар, жаһандық қауіпсіздік мәселелері де күн тәртібіне енеді. Осыған байланысты Үкімет мүшелері шұғыл әрі нәтижелі шешім қабылдап, әрекеттенуге даяр болулары қажет.
Жазып алған Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»