Әлем • 26 Ақпан, 2019

Қазақстан балаларды қайта интеграциялау бойынша БҰҰ Достар тобын басқара бастады

129 реткөрсетілді

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қазақстанның, Мальтаның және Францияның төрағалығымен қарулы қақтығыстарға қатыстырылған балаларды қайта интеграциялау бойынша БҰҰ Достары тобының бірінші кездесуі болып өтті.

Кездесуге 40-қа жуық БҰҰ мүше-мемлекеттерінің, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), Дүниежүзілік банктің және түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, соның ішінде Угандада және Оңтүстік Суданда балаларды қайта интеграциялау мәселерімен айналысатын ұйымды басқаратын американдық актер, «Оскар» жүлдесінің иегері Форест Уитакер қатысты.

«Қазақстан біздің ең құнды байлығымыз болып табылатын балалардың, әсіресе қарулы қақтығыстардан зардап шеккен ұлдар мен қыздардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған барлық халықаралық бастамаларды қолдайды», - деп атап өтті Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде. Ол сондай-ақ, балаларды реинтеграциялаудың жаңа тәсілдемесі олардың қалыпты өмірге сәтті оралуына ғана емес, балаларға өздерінің қауымдарына «оң өзгерістердің өкілдері» ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді деп атап өтті.

Қазақстан, Мальта және Франция бірлесіп басқаратын Балаларды реинтеграциялау жөніндегі БҰҰ достары тобы 2018 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-да құрылған Реинтеграция бойынша жаһандық коалицияның құрамдас бөлігі болып табылады. Коалицияның түпкі мақсаты – қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды, оның ішінде терористік ұйымдармен жалданған бұрынғы әскер балаларды, әдеттегі өмірге қайтарудың жаңа, тиімді әдістерін әзірлеу.

Бұл мәселені шешу үшін Коалиция осы мәселе бойынша зерттеу жүргізу үшін бүкіл әлемнің танымал ғалымдары мен сарапшыларын жұмысқа тартты. Сонымен бір мезгілде мүше мемлекеттер мен БҰҰ агенттіктері арасында ақпарат пен тәжірибе алмасу жүзеге асырылуда.

Коалиция жұмысының нәтижелері 2019 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы шеңберінде жоғары деңгейдегі іс-шара барысында әлемдік қоғамдастыққа ұсынылатын болады.

Қазақстан қақтығыс жағдайындағы балалардың жағдайын жеңілдету, оларды қайта интеграциялау және оңалту, сондай-ақ білім мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды ілгерілетуге үлкен мән береді. Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы мүшелігі барысында Кеңестің және оның қосалқы органдарының осы саладағы қызметіне белсене қатысты. Оған қоса, Қазақстан Ауғанстандағы балаларды қайта интеграциялау және оңалту үшін ЮНИСЕФ-пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қаражат бөледі.

Қазақстанның төрағалығымен өтетін Достар тобының келесі кездесуі 2019 жылдың сәуір айына жоспарланған. Кездесу барысында балаларды қайта интеграциялау жөніндегі жобаларды қаржыландыру механизмдерінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар