Бірінші вице-премьер, мұндай мемлекеттік лауазымға ие болу Мемлекет басшысының жоғары сенімінің, сондай-ақ жеке, кәсіби және іскерлік қасиетін бағалауының көрінісі екенін атап өтті. Ә. Смайылов сондай-ақ, жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Руслан Ерболатұлы Дәленовтің экономиканы тұрақтандыру мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру жөнінде Үкімет қойып отырған міндеттерді табысты орындауда жинаған тәжірибесі мен білімін, кәсіби дағдысын қолданатынына сенім білдірді.
Бірінші вице-премьер Руслан Дәленовтің қаржылық-экономикалық салада жеткілікті жұмыс тәжірибесі барлығын атап көрсетті. Ол әр жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде басшылық қызмет атқарды. 9 жыл бойы қаржы вице-министрі болды. Кейінгі екі жыл ішінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі лауазымын атқарды.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов ведомствоның Тимур Сүлейменовтің басшылығымен жүргізілген жемісті еңбегіне ризашылық білдірді.
Руслан Дәленов ел басшылығы мен Үкіметке зор сенімі үшін алғыс айта келіп, мемлекеттің дамуы жолында алдағы уақытта табанды жұмыс атқаруға дайын екенін білдірді.
Министр сонымен қатар, ұжымның кәсібилігін атап өтіп, министрліктің халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру, ел экономикасын одан арғы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орнын құру тәрізді ведомство атқаруы тиіс міндеттерді орындауға зор күш салатынына сендірді.
Руслан Дәленов Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 25 ақпандағы №855 Жарлығымен Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.