Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Бибісара Асаубаева туған елге қалай қайта оралды?

637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық жас шахматшы, Халықаралық шахмат федерациясының шебері Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова спортшының Қазақстанға оралу себептерін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Бибісара Асаубаева туған елге қалай қайта оралды?

«Бибісараның Қазақстанда жетістікке жетуі бірнеше себептен мүмкін болмай тұрды. Мен оның әкесімен ажырасып кеткенмін. Бибісараның ағасы біздің алғашқы алтын медалімізден соң  үнемі аяқтан шала бастады. Бірақ, біз қарсыласа алмадық. Себебі, ол кезде ағасы беделді шенеунік болатын. Бізді шараларға шақырмайтын болды. Шахматтың дамуына қатысты көп шаралар Бибісараның қатысуынсыз өтіп жатты», - деді Лиана Таңжарықова.

Бұл жағдайлардан соң анасы қызын алып, Ресейдің туын желбіретуге кетті. Оларды Мәскеу облыстық шахмат федерациясының президенті Сергей Нестеров шақырған.

«Бибісара Ресей қоржынына алғашқы алтын медальді салған соң, біздің «ағамыз» кедергі келтіре алмайтын болды. Мен оңтайлы сәтті пайдаланып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жаздым. Бізді қабылдап, қайта оралуымызға рұқсат берілді. Ресейде бізге пәтер берілген. Оны жекешелендіріп алуға да болар еді. Спорт формасын алып, Спорт министрлігінен қаржыландыруға да қол жеткізуге болар еді. Бірақ тек қана төлқұжат ауыстырған жағдайда. Біз төлқұжат ауыстырмадық! Мен В.Путин берсін деген шарт қойдым. Бұл орындалуы мүмкін емес шарт еді», - деді шахматшының анасы.

Оның айтуынша, Бибісараның келуіне Маңғыстау облысынан ұсыныс түскен. Оларға АҚШ-тан да шақырту келген.

«2018 жылдың қарашасында АҚШ-қа Гарри Каспаровтың сессиясына шақырды. Ол жақта спортшыларға жақсы жағдай жасалған. Оларда Американың кез-келген ЖОО-сы грант береді, жүріп-тұруы тегін болады. АҚШ-та өз төлқұжатыңды ауыстырмасаң да болады. Оларда ондай талап жоқ», - деді Лиана Таңжарықова.

Осының бәрін ойлана келе спортшының анасы әрі менеджері Қазақстанға келу туралы шешім қабылдаған.

«Сіздер патриот болып кетті деп ойлайсыздар ма? Иә, дәл солай. Патриотпыз. Біз өз елімізден басқа ешкімге керек емеспіз! Мен өмірден сабақ алып келе жатырмын! Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтамын! Ол спортшы балаларды назарынан тыс қалдырған емес. 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы - Президенттің көрегендігін білдіреді. Бибісара енді өз елінің лайықты қызы болуы үшін барын салатын болады», - деді анасы.

Сонымен қатар, Лиана Таңжарықова ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешовке, белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаевқа, Ғалымжан Есеновке, Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысын білдірді.

«Барлығыңызға қиын сәтте демеу болғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бибісараға бапкерге қарсы тұру оңай болған жоқ. Мен тек сот біткенін күттім. Мен біздің жеңіске жететінімізге сенімді болдым. Бапкердің бізге таққан айыптары жалған болатын. Сот әділ шешім шығарды. Адвокаттарымыз Александр Добровинскийге, Марина Дубровскаяға, Ирина Булкатоваға алғыс айтамын! Олар - Нағыз өз ісінің мамандары! Енді Бибісара Асаубаева өз Отанының намысын бар ынтасымен қорғайтын болады», - деді ол.

Айта кету керек, 2017 жылдың күзінде Ресей Шахмат құрамасының бапкері Евгений Соложенкин Бибісара Асаубаеваны алаяқтық жасады деп айыптады. Оның айтуынша, Бибісара Уругвайдағы әлем чемпионаты кезінде электронды нұсқау берушіні пайдаланған деген уәж келтірді. Ол кезде Бибісара 14 жасқа дейінгі қыздар арасында ойнайтын. Кейінірек Мәскеу апелляциялық соты Асаубаеваның өз ар-ұятын қорғау туралы арызын қанағаттандырды. Жас спортшы жақында  Қазақстан құрамасына енді. Ол енді Астанада 4-15 наурыз аралығында өтетін әлем чемпионатында бақ сынайтын болды.