«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлова 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу жұмыстарының қорытындысын жария етті.
Келісімшарт бекіткен емханалар мен клиникалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын болады.
Нұржамал Шамғонқызының айтуынша, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қамтылған қызметтерді көрсететін жеткізуші-компанияларды аймақтық комиссия іріктейді. Комиссия құрамында Медициналық сақтандыру қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, пациенттер мен денсаулық сақтау нысандарының мүддесін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың және Медицина қызметкерлерінің кәсіподағы өкілдері бар.
2019 жылдың басында Әлеуетті жеткізушілер дерекқорына Батыс Қазақстан облысы бойынша 57 медицина ұйымы енген екен. Оның 38-і немесе 66,6%-ы – мемлекеттік, 19-ы немесе 33,4%-ы – жекеменшік клиникалар. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жекеменшік клиникалар саны артқаны байқалады.
Сонымен, Батыс Қазақстан облысы бойынша медициналық сақтандыру қорының филиалы 2019 жылдың қаңтар айында мемлекеттік тапсырысты алу туралы 51 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Оның 15-і – жеке меншік клиника. Медициналық көмек көрсететін жеткізуші-ұйымдармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 32 млрд 959 млн теңгені құрады. Осының ішінде мемлекеттік емханалар – 30 млрд 402 млн теңге, жеке меншік клиникалар – 2 млрд 557 млн теңгенің қызметін көрсететін болады.
- Жекеменшік медицина ұйымдары стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуге де белсенді атсалысып жатыр. Биыл олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2-ге көбейді, - дейді Нұржамал Жұмағұлова.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан