Бірде...
Бақытжан Момышұлы келініміз Анарды келген күннен бастап-ақ еркелеп жүруге, еркін сөйлеуге дағдыландырған еді. Сол Анар Бәкеңнің жас кезіндегі суреттерін көріп отырып:
– Папа, өзіңіз сондай көрікті әрі «городской парень» бола тұрып, ауылда өскен бір жапырақ мамаға қалай үйленіп жүрсіз? – дейді ылғи Бәкеңнің сөзін сөйлейтін әдетімен.
– Ой, балам-ай, қалай дерің бар ма, асыл магинтке тот басқан темір де жабысып қалады ғой, – деп Бәкең тағы да табан астынан жауап тапты.
***
8 наурыз күні балаларым түске дейін не звондамады, не келе қоймады. Әншейінде ертеңгілікте алдымен құттықтап кететін інім Камал да тым-тырыс. Осының бәрі қосылып бұрқ етіп ашуланып бәрін сыртынан сыбап жатырмын. Бәкең келіп басу айтқан болды, тыңдап жатқан мен жоқпын. Қолым – істе, аузым – сөзде, тіпті Бәкеңе де бір-екі түйдек «лебізімді» арнап жібердім.
Бір шамада қарасам, қасымда ешкім жоқ, өзіммен-өзім даурығып тұр екенмін. Бір кесе суық суды кенезем кеуіп қалғандай сімірген соң барып сабама түстім. «Бүлінген ештеңе жоқ, соншама шаңым көтерілетіндей не болды маған» деп әлгіндегі қылығыма ұялып-ақ қалдым. Содан Бәкеңнің бөлмесіне моп-момақан кейіпте келдім де:
– Балпақ, кешірші мені, аяқ астынан ашуланып саған да бірдеңе айтып салдым-ау деймін. Ренжімеші, – деп қиыла өтіндім.
– Мамасы, мен ренжіген жоқпын. Бәрін түсінемін, көктемде, күзде «біреулердің» ауруы қозатынын білемін ғой, –дегені.
***
Бақытжанның жамбас сүйегіне жасалған жетінші жолғы операция ауыр болды. Бұрынғылары да жеңіл болмайтын, әрқайсысы екі-үш сағатқа созылатын. Бұл жолғысында асыл металдардың қоспасынан арнайы жасалған жамбас пен жілікті біріктіру үшін бекітілген бұрандалы шегені (шуруп, болт) алды. Ол бақандай алты жыл денесінде жүрді.
Наркоздан кейін есін жиғанда дәрігерлер мені палатасына ертіп апарды. Жуған шүберектей құп-қу болып, көздері мұнарланып, бізге қарады. Дәрігердің біреуі аяғынан алынған ұзын шеге мен оны бұрайтын тетігін қолына алып:
– Міне, Бәке, аяғыңыздан мыналарды алдық, – деп өзіне көрсетті. Сонда ол назарын аударып қарады да, дауысы әрең шығип:
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қалай күн көрер?
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қалай күн көрер?
Шурупы жоқ, болты жоқ,
Бәкең қалай күн көрер?» – деп езу тартып, өз халін әзілдегенде дәрігердің көзінен жас шығып кетті.
***
Біз ауылға – Жуалыға барған сайын Айша бибінің кесенесіне бұрылып дұға оқып өтеміз. Кезекті бір сапарымызда мазарға бардық. Әншейінде үнемі осында жүретін шырақшы бұл жолы көрінбеді. Бәкең өзі Құран оқыды.
Өзімше қытығына тиіп, көзін алайтайын деген оймен әрі ақшамды алмайтын шығар деп, бұрын шырақшыға ұстататын ақшаны осы жолы Бәкеңе ұсындым. Ол болса:
– Тәңір жарылқасын! Бала-шағаңның қызығын көр! – деп бетін сипап бата жасады да, ақшаны қалтасына салып, машинаға қарай беттеді.
Зейнеп АХМЕТОВА
Зардабы зор «жара»
Осы, парақор пенделер қызық,
Ойлары да орасан бұзық.
Алдарына ісің түсіп барсаң,
Ететіні-ай әуре-сарсаң...
Бірінің екі көзі ойнап тұрады,
«Өзі біліп берсе!» – деп ойлап тұрады...
Бірінің оң көзі жылап тұрады,
Сол көзі суланып, сұрап тұрады...
Бірі жөн айтпай жекіріп,
Сөйлемей дұрыс шешіліп,
Келген бе деп құр қол,
Қарайтыны-ай тесіліп...
Бірі шаруаңды біліп,
Күлкісі келмесе де күліп,
Деп тұрғаны «енді береді»,
«Ырым» жасамай тұрсаң,
Сөзді басқа жаққа бұрсаң,
Берсей деген «белгі» береді.
Енді бірі қара аспанды төндіріп,
Бар үмітіңді сөндіріп,
Мінез көрсетіп, морт кетеді.
«Бұл ісіңіз қиын!»,
«Бұған салынған тыйым!»,
«Болмайды!» – деп шорт кеседі.
Бірақ...
Бірі «әңгіменің» ашығын айтады,
Бірі «ставкасын» асырып айтады.
Бірі жалтақтап «жасырып» айтады,
Бірі қашықтан «қашырып» айтады.
Қалайда алудың амалы көп,
Парақор машықтанған «маманы» боп,
Беруге мәжбүрлейді,
Бермесең, «зәбірлейді...».
Заң бойынша,
Пара алған да тұтылады,
Пара берген де тұтылады.
Ал, пара берген сормаңдай,
Бір емес, екі есе ұтылады.
Қай жетіскеннен береді дейсің, жай шаруа адам.
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ
ҚЫЗЫЛОРДА
Мойындау
- Өз есебім бойынша тапқан ақшам өмірімнің соңына дейін жетеді. Әрине, тек осы аптаның соңында дүние салсам...
- Кеше жарық атаулы сөніп, екі сағат бойы интернетсіз қалдым. Сөйтіп амалсыз отбасыммен сөйлесіп-пікірлесуге тура келді. Сөйтсем олар өте жақсы адамдар екен...
- Мен әйеліме айтарымды бір-ақ рет айтамын! Айттым бітті – қайталау – табиғатымда жоқ! Одан соң айтқанымды қайталамай өзім-ақ істеп тастаймын.
- Кеше күйеуімнен өзім туралы бар шындықты естіп білдім... Білдім де оған жаным ашыды! Ойпырмай, ол кіммен тұрып келген-ей?!
Күлуге бола ма?
«Аспанға қараймын,
Жұлдызды санаймын.
Сол жұлдыздың ішінде,
Сен жоқсың арайлым».
Осы өлеңді оқиды да, біреулер абайсыз ыржиып күледі. Неге күледі? Мұңды әрі жоқ іздеген өлеңді оқып отырып ұялмай күлуге бола ма? Жә, өлеңді талдап, тарамдап, ішіне үңіліп көрейік.
«Аспанға қараймын». Дәл мына ғасырда қаймықпай аспанға тура қарау ерлікпен пара-пар. Неге дейсіз бе? Қазір аспанда не жоқ? Аспан әлемінің кеңістігінде жердің жасанды серіктері, зымыран тасығыштардың қалдықтары қалбалақтап бағыт-бағдарсыз қаңғып жүр. Жерге құлап жатқандары тағы бар. Осы жақын жылдарда да Байқоңырдан ұшырылған зымыран тасығыш қиқайып, қисайып барып омақаса отқа оранды. Аспанға қарап аңырап тұрғанда соның бірі дәл төбеңнен түссе қайтер едің?
«Жұлдызды санаймын». Не көп аспанда жұлдыз көп. Ал, санай бер. Бір, екі, үш, он мың, жүз мың, миллион. Арасында енді санайын деп тұрған жұлдыздардың бірі ағып, екіншісі тамып кетті. Жаңылысып қалып қайта санайды. Бүкіл жұлдыздарды санап шығуға қанша уақыт кетеді десеңші? Не деген шыдамдылық, неткен төзім. Дәл осы жерде басыңа басқаша бір ой келеді. Қазақ жерінде тұратындардың қаншасында жұмыс бар, қаншасында жұмыс жоқ? Қанша жанұя баспанасыз? Біз соны санай алмай жүргенде, жүрексінбей жұлдыз санау оңай ма?..
«Сол жұлдыздың ішінде,
Сен жоқсың арайлым».
Нағыз қайғы-мұң дәл осы жерден басталады. Самсаған жұлдыздың ішінде оның жұлдызы неге жоқ? Ол қалайша жоғалды. Егер жер бетінде жоғалса түрлі ойға берілуге болар еді. Шетелге адам сатқыштар немесе адам ұрлағыштар оның көзін құртты ма деуге болады . Тіпті, біреулер оны сойып, жүрегін, бүйрегін тағы басқа мүшесін сатып, ақшаға айналдырып жіберді ме деп есің шығады. Қалай болғанда да оны іздеу керек. Көңілге бір жұбаныш болатын жері, жұлдыздың арасына пенделер жаяу да, көлігімен де бара алмайды. Демек, ол мол қаржыны жымқырып тығылып қалған шығар? Бәлкім, Айдың қалқасына жасырынған болар. Интерполға табуға көмектес деп жалынсақ қайтеді? Бірақ олар елімізден қыруар қаржыны алып кеткендерді тауып жүр ме? Жоқ, іздеген құрысын. Біздің жоғалтқанымыз көбейіп бара жатқаны қалай? Іздейсің, іркілесің...
Мен алжасып осы өлеңге жазылған әннің қайырмасын ұмытып қалыппын. Қалай еді?
«А, а, а, ай» деп айтылса айқайлағаны . « О, о, ой» дей салса ойланбағаны. Біреулер кейінгі жылдарда шыққан әндерді қасқайып тұрған қазаққа тартпаған дейді. Қазақ жерінде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті тұрады. Бізге тартсын-тартпасын сазгер ән тудырса болды емес пе? Кіндігін өзіміз кесеміз.
Ой-бу-у, төрт жол өлеңді талдаймын деп қайда лағып кеттім. Жә, қоя-қояйын. Өзім шығарма жаза алмай жүріп, біреудің шығармашылығында нем бар, үнімді өшіріп, үндемейін. Түсініп жатқан кім бар?
Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ
Алматы облысы
Неміс әзілдері
Екі миллиардердің әңгімесі.
– Осы күні байығаным сондай, бүкіл әлемді сатып алар шамам бар.
– Солай де. Бірақ, сен кешір, өйткені мен оны ешкімге сатайын деп жүрген жоқпын.
***
Екі жылан кездесіп қалып, деген екен.
– Бауырым, сен білетін бе едің, мен осы улы жыланмын ба?
– Білмеймін. Оны неге сұрадың?
– Жаңа ғана тілімді тістеп алып едім.
***
Бірінші рет ұшаққа мінген қария таңданып:
– Ойпырмай, биіктен адамның бәрі құмырсқа боп көрінеді екен- ау, ә? – депті.
Стюардесса да ана кісінің терезесінен төменге қарап:
– Сіз шынында да құмырсқа көріп отырсыз, өйткені біз әлі ұшқан жоқпыз, – деген екен.
***
– Өсімдікке де жылы-жылы сөйлеу керек. Сонда олар жақсы өседі.
– Әйтпесе өспей қоятын болып тұр ғой, ә? Онда мен қазір барайын да, арамшөптерге айғайлап ұрысайын!
***
– Мюллер! – депті апайы қатқыл үнмен. – Сенің диктантыңда 21 қате және парталасыңда қандай болса, сенде де тура сондай. Мұны қалай түсіндіресің?
– Екеуміздің де ұстазымыз біреу ғой, апай...
***
Жол жағасын бойлай екі кісі жұмыс істеп келеді. Бірі шұңқыр қазса, екіншісі іле-шала оны көміп жүр. Жанынан өтіп бара жатқан біреу себебін сұраса:
– Біз ағаш егіп жүрміз. Тек қазылған шұқырға көшетті тігетін үшіншіміз бүгін сырқаттанып, жұмысқа шықпай қалды, – деген жауап алыпты.
Шымшыма шумақтар
Молда жабырайыл
Күнде өліктен киім кисе –
«маған берген құдай ғой», – дейді.
Түнде тамағына жүз грамм тисе
«мына бәлең удай ғой», – дейді.
Кермінезді Керғайша
Дүкеніне бара қалсаңыз:
«Қош келіпсіз» деп ыржияды.
Қалған тиынды ала қалсаңыз –
Бет-ауызы тыржияды.
Реніш
Әскерден келген баласы:
«Здрасти апа,
Мен қазақша білмейді», – депті.
Ренжіген анасы:
«Балам,
Апаң оныңа қайғырмаса, күлмейді», – депті.
Бөкен қу
Паркке биге барғанда,
Қылмыңдап жасарып қалады.
Ал, жеңгейге үйге барғанда,
Белі ауырып қасарып қалады.
Мұсахан ӘБДІХАНҰЛЫ
Алматы облысы