Аймақтар • 27 Ақпан, 2019

Көне кеме жасау шебері

1130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Юрий Попов кез келген музыкалық аспапта еркін ойнайды. Әнді де жақсы шырқайды. Оның адамды тәнті ететін басқа да қырлары бар.

Көне кеме жасау шебері

Енді қараңыз, негізгі мамандығы музыкант болғанымен мектепте электр қондырғылар бойынша  инженер болып жұмыс істейді. Бұл да оның  жан-жақты өнер иесі екенін айғақтаса керек.  Ал бос уақытында, қолы қалт еткенде немен айналысады десеңізші? Таңдап алған сүйікті ісі, былайша айтқанда, ермегі таңдандырмай қоймайды. Мехнатқа толы жанкешті, күрделі  еңбек десе  де болады. Оның біраз жылдан бері кеме модельдеу ісімен  айналысады. Бірде интернет парақшаларын  ақтарып отырып  көне кеме суреттерін кезіктіріп, кішірейтілген нұсқасын жасауға аңсары ауған. Ерен қызығушылық жетегінде бірнеше күн әрі-сәрі күйге түсіп жүрген. Ақыры алдына мақсат қойса соған жеткенше тыным таппайтын табандылық қасиеті жеңіп,  үш діңгекті желкенді кемені жасауға бақандай екі айы уақытын сарп еткен. Ой, пәлі-ай десеңші, күндіз-түні көздің майын тауысып, бір күні жалығып  кетсем, тастай салармын, одан ештеңем кете қоймас деген ішкі  сайтани ойдың орнына ерекше бір күш пайда болып, тұма бұлақтай бұлқынып ала  жөнелгеніне әлі күнге дейін қайран.

   «Қолөнерге бұрыннан біртабан жақындығым бар ед. Әшекейлі кездік, пышақ жасаумен шұғылдандым. Тіпті тері өңдеген кезім де болды,»дейді сегіз қырлы, бір сырлы жан.

  Бастапқыда тұпнұсқадан айнытпауға тырысса, қазір ой-қиялына да ерік беріп қояды. Мәселен, екі  діңгекті бриг кемесін  үш діңгекті етіпті. Сонда бұрынғыдан да әдемірек, әсемдірек көрінген. Оның айтуынша,  желкенді флот дәуірінде 12-16 адамдық бригтер көпес кемелерін күзетіп, барлаушы қызметін атқарған. Бұйымды жасамас үшін алдынала тарихын зерттеп алып, ұсақ-түйегіне дейін ерекше мән берген. Жуырда оның коллекциясын толықтырған бригтің ұзындығы 70 сантиметр, биіктігі  80 сантиметр. Оған жұқа ағаш пен желімді ғана қолданғандықтан, салмағы жеп-жеңіл. Сатысы, діңгектері, шпилі, штурвалы, тіпті зеңбіректеріне де  қаз-қалпында орнатылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

  Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар