Қазақстан • 27 Ақпан, 2019

Дзюдошылар Алматы облысында даярланды

517 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дзюдодан Қазақстанның әйелдер құрамасы өздерінің кезекті оқу-жаттығу жиынын Алматы облысы аумағында орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында өткізді.

Дзюдошылар Алматы облысында даярланды

Биылғы маусым лицензиялық турнирлерге толы. Сол жарыстарда сәтті өнер көрсеткен спортшыларға ғана Олимпия ойындарында бақ сынау бақыты бұйырады. Одан бөлек, әлем және құрлық чемпионаты, басқа да көптеген байрақты бәсекелер бар. Айтулы додаларға табысты өнер көрсету үшін жаттығу процессін дұрыс өткізу қажет. Сол себепті де бұл жолы біз Алматы облысы аумағындағы Олимпиадалық даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынын өткіздік, – дейді Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев.   

Расында да елімізде әйелдер дзюдосы қазір ақсап тұр. Қазақстанның туы астында өнер көрсететін балуандар арасынан тек Отгонцэцэг Галбадрахтың ғана қарқыны қуантарлық. Бүгінгі таңда ол әлемдік рейтингте сегізінші орында тұр. Өзге аруларымыздың тегеуріні тым баяу. Тіптен, олардың «ТОП-30» дзюдошының қатарына енудің өзі мұң болып тұр. Соны ретке келтіру үшін осындай сапалы жиындар қажет.

Жер жанаты – Жетісу өңірде өткен оқу-жаттығу жиынына еліміздің ең үздік 16 спортшысы қатысты. Олар енді 8-10 наурыз аралығында Мароккода өтетін Гран-при турнирінде күш сынасады. Ал қосалқы құрама Чехияға аттанып, 2 наурызда шымылдығы түрілетін Еуропа кубогында өнер көрсетеді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»