Оған белгілі жазушы Алдан Смайыл, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, институт директорының орынбасары Амангелді Қашқынбаев, белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолушысы Жылқыбай Жағыпарұлы, кәсіпкер Марат Нәбиев қатысып, сөз сөйледі.
Іс-шара барысында қордың Астанадағы өкілдігін ұйымдастыру бойынша мәселелер талқыланып, қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып танымал мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов сайланды. Сондай-ақ еліміздің тұтастығы үшін күрескен өңірдегі ақталмаған және ұлықталмаған ақтаңдақтарды ақтау және ерліктерін мәңгі есте сақтау мәселелері сөз болды.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуларына қарағанда, тұжырымдаманы әзірлеу кезінде танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, академиктер – Мәмбет Қойгелді, Дихан Қамзабекұлы, Бүркітбай Аяған, Зиябек Қабылдинов, Талас Омарбеков, Амангелді Айталы, Сейдахмет Құттықадам және осы тақырыппен айналысатын зерттеушілердің де кеңестері пайдаланылған.
Қор өкілдері көпэтносты халқымыздың бүгінгі және болашақ ұрпағын патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ, Елбасының «Мәңгілік ел» стратегиясы және «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын іске асыруды идеологиялық жағынан қамтамасыз етуде, Отанымыздың азаттығы мен бостандығы жолында жасалған ерліктері мен қаһармандық істерін насихаттау мен жаңғырту жолында жұмыс істей беретіндерін айтты.
Еске сала кетсек, «Қаһарман» қоғамдық қорының президенті – белгілі заңгер, құқық қорғаушы, бұл мәселелерді терең білетін азамат Сабыр Қасымов.