Аймақтар • 27 Ақпан, 2019

Шетелдіктер трансплантация операциясын жасатуда Шымкент дәрігерлеріне сенім артады

463 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отандық медицинаның әлеуеті артып келеді. Оған бір дәлел, өткен жылы Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасына 17 шетелдік азаматы жергілікті хирургтардың көмегіне жүгінген. Алыс-жақын шетел азаматтары ағза мүшелеріне сапалы трансплантация операциясын жасату үшін үшінші мегаполиске арнайы келген. Ем алушылардың ішінде денсаулық сақтау саласы дамыған Германия, Канада, Израиль және Румыния елдерінің азаматтары да бар.

Шетелдіктер трансплантация операциясын жасатуда Шымкент дәрігерлеріне сенім артады

«Шетелдік азаматтар бізге өздерінің донорларымен келеді. Қазақстандықтар ағза мүшесін донор ретінде ұсынған жағдай болған жоқ. Біздің мақсатымыз – медициналық туризмді дамыту», дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Абылай Донбай.

Бүгінге дейін мұнда бүйрек алмастыруға қатысты 145, бауыр алмастыру бойынша 19 операция жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығы сәтті аяқталып, науқастар өздерін жақсы сезінуде. Ақ халаттылар мұндай нәтижеге медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде қол жетіп отыр дейді.

Транспланталогиялық операцияларды жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Мұндағы мамандарда білімділігімен қатар білікті. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді екен.     

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент