Қазақстан • 27 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстанда 4 млрд теңгеге медициналық қондырғылар орнатылады

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы саяси ұйымның бүгін өтіп жатқан сьезінде халыққа көрсетілетін әлеуметтік  мәселелерді бір сәт те бәсеңдетпеуді тиісті орындарға қатты қадағалап, тапсырды.

Солтүстік Қазақстанда 4 млрд теңгеге медициналық қондырғылар орнатылады

Өңірдің денсаулық сақтау саласында қордаланған проблемалар аз емес. Солардың ішіндегі ең өзектісі – медициналық құрал-жабдықтардың көптен бері жаңартылмауы. Бүгінде олардың тозуы 62,5 %-ды құрап отыр. Осы олқылықтын орнын толтыру үшін биыл республикалық және жергілікті бюджеттен жаңа емдеу аппараттарын сатып алуға 4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл - өткен жылдармен салыстырғанда 3 есе көп.

Жаңа магнитті-резонанстық томограф, 2 ангиограф, 3 рентген кешені және басқа да құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. Сөйтіп, озық технологияларды қолданудың арқасында медициналық қызметтің сапасы артып, нақты диагностика қойылатын болады. Сонымен қатар өзге де шетін мәселелерді шешу үшін Елбасының тапсырмасымен осы заманғы көпсалалы аурухана салынбақ. Оның құрамына облыстың 6 стационары енеді. Бұл ауруханаға жатқызу, емдеу мерзімін қысқартып, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін оңтайландырады. Жаңа аурухананың жанынан медицина қызметкерлеріне арналған 200 пәтерлі үй салу жоспарланған.

«Бүгінде  30-дан астам медициналық ұйым және 600-ден астам медициналық нысан жұмыс істейді. Олардың барлығын қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат керек. 4 млрд теңгеден бөлек, 900 млн теңге жеке меншік-мемлекеттік әріптестік нәтижесінде қарастырылған. Оған облыстық ауруханаға магниттік резонанстық  томограф сатып алатын боламыз» дейді Денсаулық сақтау басармасынының басшысы Тимур Сұлтанғазиев.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы