Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Рашид Блялов: «Мұндай анықтағыштарды орнатқан үйлерде улы газдардан зардап шегу оқиғалары болмайды. Апат болған жағдайда құрылғы газды бірден тоқтатады», - дейді.
Астанадағы бес баланың қайғылы қазасынан кейін, шыны керек, өңірлерде де төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Мұнайлы аймақта тұрғын үй секторында өртке қарсы және алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жедел штаб құрылды. Соңғы екі аптаның ішінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 4 мыңға жуық тұрғын үймен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, пештер мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің талапқа сай болмауының 68 дерегін тіркеген.
2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымында облыста көміртегі тотығы мен табиғи газдан уланудың 2 оқиғасы болды. Департамент мамандары өткен жылы тіркелген 323 өрттің 90-ы тұрғындардың абайсыздығынан және жетеуі балалардың отпен ойнауынан болғанын айтады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ