27 Ақпан, 2019

Қостанайда құрастырылған 50 автобус Атырау автопаркін жаңартады

415 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанайда құрастырылған 50 автобус Атырау автопаркін жаңартады

Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауыты конвейерінен шыққан автобустар Атырау қаласы ішіндегі бағыттармен жолаушы тасымалдайтын болады. Зауыттан 50 автобусты «Тенгизшевройл» компаниясы Атыраудың автопаркін жаңарту үшін сатып алды. Келісім бойынша Ankai маркалы 30 автобус Атырауға жеткізіліп те берілді. Мұның сыртында «СарыарқаАвтоПром» зауыты мен Атырау қалалық әкімдігінің арасында газбен жүретін тағы да 150 автобусты «БРК-Лизинг» АҚ автопаркін жаңарту бағдарламасы бойынша алу жөнінде меморандумға қол қойылды. Атыраулықтар электрмен жүретін автобусты сынауды да жоспарлап отыр. Егер ұнаса қала ішілік бағыттарға қанатқақты жобамен 10 автобус алып көрмек.

Қостанайдан шыққан автобустарға мүмкіндігі шектеулі жандар арбамен мініп түсу үшін арнайы пандус орнатылған. Сонымен қатар жаңа көлік заманауи техникалық талаптардың барлығына жауап береді.Іші қыс айларында жылы, жазда желдеткіші жұмыс істейді. Бейнебақылауы да бар. Автобусқа 86 жолаушы сыяды, көліктің ұзындығы 10,5 метр.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай