Ең қиыны 25 ажырасқан бұрынғы ерлі-зайыптының балаларының қай жақта қалатындығы сот арқылы анықталған. Бұрынғы жұбайлар арасында баламен кездесуді ұйымдастыру туралы 56 азаматтық іс қаралыпты.
Бұл туралы Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айтылды.
«Ажырасқан ата-аналар балалармен кездесу уақытын белгілеу туралы алдымен білім басқарамаларына өтініш білдіре алады. Бұл сатыда келісімге келе алмаған ата-налар сотқа жүгініп, сот арқылы дауды шешуге тура келеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты азаматтық істердің арасында осы санаттағы істер азаймай тұр. Көбінде ажырасқан аналар: Баланың психикасына әсер етеді деген секілді уәждерді алға тартып, баланың әкесімен кездесу белгілеуден бас тартып жатады. Біз бітімгерлікке келуге үндейміз», дейді Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Феруза Балтаева.
Былтыр кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа 348 азаматтық талап арыз келіп түскен. 252 іс аяқталып, 165 шешім шыққан. Соның ішінде балаларрға жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасаған екі азамат темір торға тоғытылған. Ал кәмелетке толмағандардың арасында тонау мен ұрлық қылмысы өршіп тұр, дейді судьялар.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент