Үкіметтік келіссөздер қорытындысы бойынша Қырғыз Республикасындағы фитосанитариялық карантиндік бақылауды күшейту мәселелері бойынша елдердің фитосанитариялық қызметтері арасында жол картасына қол қойылды. Құжатта 17 тармақтан тұратын іс-шаралардың нақты тізімі қарастырылған, оның бірінші кезекті тармақтарын осы жылдың ақпан айынан бастап маусым айына дейінгі кезеңде Қырғызстанның фитосанитариялық қызметі іске асыруы тиіс.
Қырғыз тарапы Қазақстанға картоп, алма және құрма жеткізуге қойылған тыйымды алып тастау туралы өтініш білдірді. Өз кезегінде Қазақстан 2018 жыл мен 2019 жылғы ақпан аралығында анықталған 465 бұзушылықты қырғыздың фитосанитариялық қызметі жойғаны туралы ақпаратты қазақстандық тарап қарағаннан кейін биыл 19 ақпанда уақытша енгізілген фитосанитариялық карантиндік шараларды алып тастауға дайын екенін білдірді.
Мемлекеттік шекараның Қазақстан–Қырғызстан учаскесіндегі ветеринарлық-санитарлық бақылау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Жалпы алғанда, тараптардың пікірінше, бақылаудың санитарлық-карантиндік, ветеринарлық-санитарлық, карантиндік фитосанитариялық және басқа да түрлерінің бағыттары бойынша шаралар кешені екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге жол ашады.
Бұдан өзге, су-энергетика саласындағы ортақ ұстанымдар анықталды. Трансшекаралық су ресурстарын есептеуді автоматтандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.