Темекі шегетін адамдарды оның зияны туралы ақпараттандыру шараның басты мақсаты етіп алынды. Волонтерлер көшеге шығып, темекі шегетіндерге бір алманы бір тал темекіге айырбастады. Олар осы арқылы рудныйлықтарға пайдалы іске көшудің дұрыстығын көрсетті. Алманың өкпе ауруына қарсы тұратын қасиеті бар екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Аптасына екі алма жеп отырса да өкпе ауруына көмегі болатынын ғалымдар дәлелдеген. Жемістің бұл түрі шылымшыларға зиянды әдетті тастауға да көмектеседі екен. Бұл қызықты да пайдалы акцияның бастамашысы Рудный қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлім Бажықбаевтың өзі еді.
«Акцияға көшеде отыз шақты адам қатысты. Кездескеннің барлығы да шылымшы болып шықты. Бірақ олардың көзқарасы әртүрлі болды. Біреулері алмаға бір тал шылымын да қимай қалды, ал кейбір кісілер қалтасындағы «уды» қорабымен қолымызға бере салды» дейді волонтер Мария Зюванова.
Мамандар статистикасы бойынша, Қазақстанда жыл сайын шылымнан 25 мың өлім тіркеледі екен. Шылым рак ауруының көптеген түрлерінің себебіне айналады. Рудныйлық жастар жинаған темекінің көзін жойды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай