Қазақстан • 28 Ақпан, 2019

Семейде «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» атты көрме ашылды

717 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінде Алғыс айту күніне арналған «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» атты балалар қолөнер бұйымдарының көрмесі өткізілді. Көрмеде №8 мектеп-кешені мен Семей қаласындағы татар өнер мектебінің оқушыларының жұмыстары көрсетілді.

Семейде «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» атты көрме ашылды

- Қазақ халқы бауырмал, ақ дариға кең көңіл халық, - деді Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Нұржан Боранбаев, - еске салсақ, 2016 жылғы 14 қантарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні - 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Шарамызға қатысушы татар балалары шығармашылығын дамыта түспек. Оларды осындай жиындар танымдық қабілеттері мен  қызығушылығын арттырғымыз келеді. Музей мен мектеп арасындағы байланысты дамыту да біздің басты мақсатымыз.  

Музейге қарасты «Абай» өнер мектебінің қолөнер үйірмесі өнер мен білім беру ісін бір-бірімен ұштастырып келеді. Музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева іс-шараға қатысушы Семей қаласындағы №8 мектеп-кешені мен татар өнер мектебінің оқушыларына алғыс білдіріп, жетекшілері Ғабдулхақ Ахунжановқа марапат қағазын табыс етті. Ғабдулхақ Ахунжанов та өз тарапынан қазақ халқына алғысын білдірді. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде, сондай-ақ, 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған кітап көрмесі де ашылды.

Іс-шарада татар өнер мектебінің оқушылары қазақ, орыс және татар тілдерінде әндер орындады. Татар өнер мектебінің оқушылары Абайдың бала кезі туралы Евгений Титаевтың сөзіне жазылған Габдулхақ Ахунжановтың «Мамины песни, бабушкины сказки» әнін орындап, татар биін биледі. Жиынға қаладағы колледж студенттері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

«Егемен ҚАЗАҚСТАН»

Сурет автордыкі.

СЕМЕЙ