Бес баланың анасы Айнұр, әсіресе ұлы Шахмұраттың ертеңіне алаңдаулы. Оның өзге ұл-қыздарындай емес, мүмкіндігі шектеулі екеніне көңілі жабырқағанымен, қатарынан қалдырмас үшін бар жағдайын жасауда. Ұл-қыздарының алды 9-сыныпта оқыса, кенжесі 2 жастан енді асқан Айнұр Жолдыбаева – «Нұр Отан» партиясы съезінде айтылған Елбасы бастамаларына ерекше қуанып, ертеңге деген сенімі нығая түскен аналардың бірі.
– «Әр баланың өз несібесі бар». Дегенмен, мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектердің орны бөлек. Өзім балалармен отырмын. Ал күйеуім ұзақ уақыт жұмыссыз жүрді. Жуырда көп балалы отбасыларды қолдау аясында берілген 563 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек күйеуімнің жеке кәсібін ашуға ықпал етіп отыр. Өткен жылы көп балалы отбасы ретінде үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Балаларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы аз, жасыратыны жоқ жеткізу қиын. Көңілді жабырқататыны да сол – жетпейтіні. Мүгедек баламды қатарға қосудан үмітімді үзген емеспін. Барлық мүмкіндікті жасауға тырысудамыз. Оған әрине, көп қаржы кетеді. Енді ертеңгі балаларға берілетін көмектің көбейе түсетіні қуантып отыр. Мемлекет басшысына осындай қолдауы үшін айтар алғысымыз шексіз. Елбасы әсіресе көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажеттігін айтты. Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін арттыруды, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл бізге үлкен демеу. Үйдегі балалар да кеше естіп, отбасымызбен қуанып жатырмыз, – дейді Айнұр.
Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана көбейетін жәрдемақы ұлдың денсаулығын жақсартуға септігін тигізетінін айтып отыр. Бүгінде оған қажетті заттар алып, қосымша емдеу жолдарын қарастыруға қаражат жетпейді. Мемлекет тарапынан жеңілдік жасалатын емдік көмектермен шектелуге мәжбүр. Қосымша ем қабылдаса, қатарына ертерек қосыла ма деген үміті енді сенімге айнала бастағандай. Жалпы, бұл мәселе Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Мысалы, Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиістігін айтқан болатын. Бүгінде мүгедектердің өмірі мен денсаулығын жақсартуды мақсат тұтатын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүгедектерге көмектесіп келеді. Күні кешегі съезде айтылған, осындай игі істерді жандандыра, жетілдіре түсетін Елбасының Үкіметке берген тапсырмалары бүгінде халық тарапынан қолдау табуда. Айнұр Жолдыбаева ғана емес, Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы аз қамтамасыз етілген мыңға жуық, оның ішінде 502 көп балалы отбасы әрбір балаға төленетін ең төменгі төлем 20 789 теңге көлемінде белгіленетініне қуанып, ризашылықтарын білдіруде.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы