Аймақтар • 01 Наурыз, 2019

Түлкібас ауданында мектептер «Wi-Fi» желісімен қамтылуда

597 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Түркістан облысы Түлкібас ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аудан әкімдігінің жанынан заман талабына сай мемлекеттік қызметтің 95 түрі бойынша бір терезе қағидасы арқылы қызмет көрсететін «Халықтық кеңсе» жұмыс істеуде.

Түлкібас ауданында мектептер «Wi-Fi» желісімен қамтылуда

Кеңседе әкімдіктің мамандары тұрғындарға кеңес беріп, қажетті құжаттарын рәсімдеуге әдістемелік көмек көрсетеді. Ал қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында ауданда 33 фото-бейнежазба құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар, 14 ауылдық округтегі елді мекендерде санитарлық-тазалық жұмыстарына абонентік төлемақыны «24 касса» терминал жүйесі арқылы төлеу мүмкіндігі жасалған. Терминалдар халық көп шоғырланатын жерлерге орналастырылған. Аудандық ауруханада науқастардың кезекте тұруын реттеу мақсатында емханаға POST-терминал орнатылып, дәліздеріне қосымша 3 монитор қойылды. Ал, электр қуатын тиімді пайдалану және үнемдеу мақсатында, соңғы технологияларға сүйене отырып, аудан аумағындағы «Тұнғыш Президент» саябағы, «Түркібасы әулие», «Балалар» алаңшаларына жалпы саны 34 күн көзінен қуат алатын ақылды шамдар орнатылды.

«Цифрлы Қазақтан» бағдарламасы аясында аудан мектептерін «Wi-Fi» желісімен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, максималды жылдамдықтағы 50 дана «Wi-fi роутерлермен» аудандық білім ошақтары жабдықталды. Сондай-ақ Майлыкент ауылдық округінде орналасқан «Түлкібас автобус паркі» ЖШС-да ауданішілік бағыттарға қатынайтын 18 шағын автокөліктің 12-сіне GPS құрылғылары орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға орталық көшеден өтуге ыңғайлы болу үшін Т.Рысқұлов ауылы, Т.Рысқұлов көшесі бойына дыбысты бағдаршамдар орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы