Жастар жылы аясында одақ пен университет машина жасау саласында техникалық мамандықтардың білікті кадрларын даярлауға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Шараға аталған одақ басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев және ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.
«Ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту инновацияны қолдау арқылы іске асады. Бүгінгі іс-шара машина жасау саласында жаңа форматтағы кадрларды даярлауға бағытталған болашақ ынтымақтастыққа жақсы түрткі болады», деді ректор.
М.Пішембаев та бұл шараның маңызын атап өтті. «Бүгін біз ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылы саласындағы маңызды іс-шаралардың бірін өткіземіз. Елбасы айтқан әлеуметтік бастамалар төртінші өнеркәсіптік төңкеріс жағдайында жаңа экономикада талап етілетін мамандарды дамытуға баса назар аударады. Яғни, машина жасауда ғана емес, барлық өңдеуші саланы дамытудың қозғаушы күші болатын білікті кадрлар қажет», деді ол.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры одақпен бірлесіп роботтехника бойынша практикалық сабақтар өткізуге арналған оқу жинақтарын, құралдар мен қорғаныс құралдарын табыс етті. Бұл жинақтар оқыту процесін толықтыруға, атап айтқанда, теориялық білімді практикада қолдануға мүмкіндік береді. Өз кезегінде студенттер зертханада өздерінің тәжірибелік дағдыларын көрсетті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»