Жалпы, алғыс айтуда жай ғана сөзбен шектеліп қалмай, оны ісімізбен көрсете білуіміз керек. Яғни, әрбір жасалған жақсылыққа жанды жылытатын ілтипат сөздермен алғысымызды білдіріп, әрекет етіп отырған абзал.
Қазіргі таңда әр адам өзінің хал-қадерінше шынайы ықыласпен игілікті іс жасап жүр. Менің бағытым ғылым мен білім саласы болған соң, көбіне осы бағытта білімімді шет мемлекеттерде шыңдап, тереңдетудемін. Алған білімімді елімізде шақырылған аудиторияларда дәріс оқып, тәжірибеммен бөлісемін. Сонымен қатар өзімнің кітапқұмарлығымның арқасында Қазақстанда жарыққа шығып жатқан ғылыми еңбектерге, кітаптарға және монографияларға өз үлесімді қосып келемін. Биыл жылдар бойы қолға алып жүрген бірнеше еңбегімнің басын қосып, жақсы бір туындыны оқырманның назарына ұсынбақшымын.
Менің шетелден оқып келіп, Жамбыл облысы, Талас ауданының Салық комитетінде заңгер болып жұмысқа орналасқан кезім – өмірімдегі әсерлі сәт. Сол жердегі жергілікті халықтың мені өте жылы қабылдағаны соншалық, қаратаулық достарым пәтерде жалғыз қалдырмай, өз үйлеріне алып кеткен болатын. Сөйтіп мен досымның шаңырағында сол үйдің баласына айналып, бір-бірімізбен жақын бауыр болып кеткен едік. Мұнымен менің айтпағым, қазақ халқының кең пейілді, дархан мінезді қасиеттері менің жүрегімді баурап алған-ды.
Осы күнде Қазақстанға жер аударылып келген этностар өздерін құшақ жая қарсы алған қазақ халқына шексіз алғыстарын көз жастарымен жеткізуде. Тарихта бастан кешкендерін, ұлт ретінде қазақ жерінде тұрақтап, ұрпақ жалғастырғандары туралы кейінгі ұрпаққа өнеге, өсиет етіп қалдырып келеді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностар бір-біріне алғыс айтып, мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Біздің бірлестікте халық арасындағы бірлік пен жарасымдыққа және жас ұрпаққа үлгі беретін тәрбиелі іс-шараларға көптеп мән береміз. Бұл Елбасының саясатын қолдауымызды білдіреді. Сонымен қатар қарияларымыз бен ардагерлерімізді құрметтеп, оларға шексіз алғысымызды іс-әрекетімізбен білдіреміз.
Сөзімді тәмамдай келе, бауырмал қазақ халқының құшақ ашқан кең жүрегіне барша этностармен бірге өзімнің ризашылығымды жеткіземін. Алғыс айту күнін мерекелей отырып, әрбір күніміздегі алғысты әрекетіміз арқылы жеткізіп отырсақ, бір ғанибет болар еді.
Қазақ еліне мың алғыс!
Шерзод ПУЛАТОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы