Біздің елімізде көпұлтты Қазақстан халқының өз дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауына, бүкіл әлемге өзінің бейбітсүйгіш саясаты мен бір-біріне деген жақсы көршілік қарым-қатынасын көрсетуіне бірегей мүмкіндік бар.
Біз, Қазақстанда тұратын литвалықтар өз жерінде өмір сүріп, тағдырдың талай қиыншылықтарын бастарынан өткеріп жатса да, қиын-қыстау жағдайда, басқаларға көмектесуге мүмкіндік тапқаны үшін қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз.
Қазақ халқы тарапынан біздерге көрсетілген жақсылықтың, ізгілік пен қолдаудың ондаған, тіпті жүздеген мысалдарын айта аламыз, соның арқасында қазір біз бейбітшілік пен өзара түсіністікте, келісімде өмір сүріп жатырмыз. Тағдыр тәлкегімен қуғынға ұшырап Қазақстанға қоныс аударған этностар өз тарихынан Қазақ елінің бауырмал да қонақжай қасиетін өскелең ұрпаққа жеткізіп келеді. Адамгершілік қарым-қатынастың үлгісіне айналған айшықты мереке – Алғыс айту күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес мерекеленеді. Елімізде тұратын 130-дан астам этностар бұл айтулы күннің мән-маңызын өте жақсы біледі әрі құрметтейді.
Қазақстанға бүгінде әлемнің түрлі елдерінен келетін қонақтар таза көңілмен, шын пейілдерімен қуана атбасын бұрады.
Біз 2017 жылы ЭКСПО көрмесін, Әлемдік діндер съезін өткіздік, ядролық қарудан бас тарттық, біз ЕҚЫҰ мен БҰҰ-ның бейбітшілік сүйгіш саясатындағы қарарларына қолдау көрсетеміз. Бізде Мемлекет басшысы басқаратын бейбітшілік пен келісімнің бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы бар және оның атқарып отырған айшықты да ауқымды жұмыстары бүкіл әлемге танымал.
Елімізде қазақстандықтардың бизнеспен айналысуына барлық жағдайлар қарастырылған, сондай-ақ инвесторларды тарту үшін де тиімді тәсілдер жасалған.
Біздің литвалық достарымыздың біріне Қарағанды облысындағы біздің өңіріміз ұнады, ол ерекше «Литвалықтар ауласын» салып берді, біз өз мерекелерімізді, өзге де іс-шараларымызды осында ризашылықпен және тегін өткіземіз.
Біздер үшін салынған, этномәдени бірлестіктердің басын бір жерде шоғырландыратын «Достық үйіміз» секілді зәулім сарайымыз бар және заман талабына сай бой көтерген ғажап ғимарат үшін, бейбітшілік пен келісімнің, достық пен жақсылықтың салтанат құруына негіз қалаған құтты шаңырақ үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор алғысымызды білдіреміз.
Мұндай асыл қасиет пен қайырлы батылдық үлгісінің бүгінде біздің жаңа буынымыздың бойынан да көрініс тауып отырғанына куә болып отырмыз. Біздің ізбасарларымыз, желкілдеп шыққан құрақтай болып тамаша жастарымыз өсіп келеді, олар Қазақстанның болашағы. Осы орайда биылғы жылды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жастар жылы деп жариялағаны кездейсоқтық емес. Біз жастарға мемлекет, бизнес, отбасы құру ісінде өзін таныта білуіне, тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендей түсуіне үлес қосуына жан-жақты бірегей мүмкіндіктер жасап келеміз.
Мен болашақта бұл ұрпақтың да бізге риза болатындығына сенім артамын.
Виталий ТВАРИОНАС,
Қарағанды облыстық «Lituanica» литва этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары
ҚАРАҒАНДЫ