Іс-шараға Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, ҚХА-дан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, қоғам қайраткерлері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Гүл қою шарасына арналған жиынды Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко ашып, бұл күннің тарихи және саяси маңызына тоқталып өтті.
Ал Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мерекелік шараға жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Жер аударудың қорқынышты жылдарын бастан кешкен және Қазақстанды жаңа Отан тұтқан адамдарға құрмет ретінде бұл күн барлық қазақстандықтардың жадында қалады. Сол кезде еркінен тыс бірнеше этнос өкілдері қазақ даласына жер аударылды. Қазақ даласы қаншалықты кең болса, халықтың рухы да соншалықты дархан. Жер аударылған халыққа зор ықылас, көмек және қамқорлық көрсетті. Қазақстанды өз үйі санайтын адамдардың ұрпағы өсті. Үлкендерге өз этносының дәстүрлерін қолдау және басқа халықтардың мәдениетін сыйлағаны үшін алғыс айтамын, – деді Н.Нұркенов.
Мерекелік шара кезінде, сондай-ақ Астана қаласы Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак қуғын-сүргін кезінде Қазақстан аумағына жер аударылған түрлі этнос өкілдеріне пана болып, мейірімділік танытқан қазақ халқына ризашылығын білдірді.
– Бүгін біз үшін толғанысқа толы күн. Біз гүл шоқтарын қойып, сол жылдары көптеген халықты құшақ жая қарсы алғаны үшін қазақ жеріне тағы да алғыс айтамыз. Менің анам өткен жылы 100 жасқа толды. Бүгін ол қазақ халқының мейірімділігі мен көмегін, бізге жаңа үй, Отанды табуға қалай көмектескенін күлімсіреп, терең құрметпен еске алады. Біз өркендеу мен мүмкіндіктерге толы тату елде өмір сүріп жатқанымызға зор рахмет айтамыз, – деп Роза Пак өз әсерімен бөлісті.
Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенділері Алғыс айту күніне арнап дайындаған әдеби композициясын ұсынды.
Жалпы, Алғыс айту күнін мерекелеу аясында елімізде 4 мыңға тарта елді мекенде 1570-ке жуық әртүрлі мәдени-көпшілік және қайырымдылық іс-шарасын өткізу жоспарланған. Оларға 1,4 млн-нан астам адам қатысады деп күтілуде.
Еліміз бойынша «Қазақ еліне мың алғыс!» монументтері Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында бой көтерген.
Алтынай ҚАНАТҚЫЗЫ