01 Наурыз, 2019

Б.Сәрсенбаев: Джамму мен Кашмир аймағында қазақстандық жоқ

754 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үндістан мен Пәкістан арасындағы қатынастың ушығуына байланысты Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Сәрсенбаев Сыртқы істер министрлігінің телеграм каналына сұхбат берді. 

Б.Сәрсенбаев: Джамму мен Кашмир аймағында қазақстандық жоқ

– Қазіргі таңда Үндістанда елімізге қайта алмай жүрген отандастарымыз туралы айтып берсеңіз?

– Үндістан мен Пәкістан арасында әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты 27 ақпанда әуе кеңістігі жабылған болатын. Нәтижесінде AirAstana компаниясының 4 әуе рейсі кейінге шегерілді. Сондай-ақ қазақстандық әуе компаниясының пайдаланған өз азаматтарымыз бен басқа жолаушыларға қиындық келтіріп отыр. 

AirAstana компаниясы 27 ақпан күні ұшуы тиіс 168 жолаушыны өз күшімен қонақ үйге орналастырып, тамақ үлестірді. Ал 28 ақпанда олар басқа жол арқылы Қазақстанға қайтты.

– Еліміздің дипломаттары қазақстандықтарға қандай көмек көрсетті? 

– Елшілікте жедел жұмыс тобы құрылып, 120 жолаушыға кейінгі уақытқа не басқа әуе компанияларына билет әперілді. Ал 18 азаматымызды елшіліктің ғимаратына уақытша орналастырдық. Олардың туыстарымен байланысып, тамақ берілді. Ертеңіне қонақ үйге орналастырдық. 

Қазіргі таңда 304 жолаушының мәселесі әлі күн тәртібінде тұр. Атап айтар болсақ, AirAstana компаниясының 1 наурызда Дели-Алматы бағытына билет алған 170 адам бар. 

Сондай-ақ елшілік тәулік бойы азаматтарымызға қолдау көрсетуге әзір. Ол үшін +91 11 455 55 110 және +91 99 109 27 641 нөмірлеріне хабарласуға болады. 

– Қалған жолаушыларды елге әкелу бойынша қандай шаралар жасалып жатыр? 

– AirAstana компаниясының деректеріне сүйенсек, әуе кеңістігі ашылған жағдайда қалған жолаушыларды әкелу үшін қосымша ұшақ әкелу қарастырылған. Осы орайда мынаны ескере кеткен жөн. Басқа билет сатып алу да қиындық туғызады. Өйткені көптеген халықаралық авиакомпания рейстерін кейінге шегеріп жатыр. 

Біз оқиғаның қалай өрбитінін бақылаймыз және азаматтарымызға көмек қолын созамыз. AirAstana компаниясы өзінің имиджін сақтап қалу үшін клиенттеріне осындай қысылтаяң шақта тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етеді деп ойлаймын. 

– Үндістанда қанша Қазақстан азаматы бар? Кашмирде ше? 

– Қазіргі таңда Үндістанның консульдық есебінде Қазақстанның 15 азаматы тіркелген. Айта кетерлігі, Джамму мен Кашмир аймағында қазақстандық жоқ. Консулдық бөлім есепте тұрған отандастарымыздың бәрімен әрдайым хабар алып отыр. Сондай-ақ Джамму мен Кашмир аймағына бару үшін Үндістан Ішкі істер министрлігінен арнайы рұқсат алу қажет. 

– Үндістанға баруды жоспарлаған азаматтарымыз нені ескеруі керек? 

– Үндістанға сапарын жоспарлаған қазақстандықтарға әуе кеңістігінің жабылғанын ескеруіне кеңес береміз. Мұндай жағдай әуе рейстерінің кейінге шегерілуіне әкеліп соғуы мүмкін. 

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Делидегі Қазақстан елшілігімен байланыс орнатып, жағдайдың өзгеруіне қатысты ақпарат алып отыруға кеңес береміз. 

– Сұхбатыңызға рахмет!