01 Наурыз, 2019

Дәурен Абаев жаңа министрлікке басшы болып келуіне қатысты пікір білдірді

774 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңадан құрылған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшысы Дәурен Абаев алдағы уақытта жаңа ведомстовның басты басымдықтары айқындалатынын мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА хабарлады. 

Дәурен Абаев жаңа министрлікке басшы болып келуіне қатысты пікір білдірді

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі 3 жылдай уақыт жұмыс атқарды. Мен үшін - басқарушылық жұмыстағы теңдессіз тәжірибе болды. Осы уақыттың ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы басталды, «Астана Хаб» технопаркінің іргесі қаланды. Аймақтардың біразында цифрлы телевизия көрсетіле бастады. Ауылды жерлерде 20 мың шақырымдық оптикалық-талшықты желінің құрылысы басталды. Мемлекеттік қызмет көрсету процестері оңтайландырылды. Маған сенім білдірген Президентке алғысымды айтамын», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр өткен шақты еске ала келе ендігі кезекте қандай бағытта жұмыс жүргізетінін айтып өтті.

«Қазіргі уақытта біз ұйымдастырушылық мәселелерін шешуге тырысып жатырмыз. Ең алдымен, жаңа құрылымның әкімшілік, құқықтық, қаржылай жұмысын реттеп, бірыңғай жұмыс жоспарын әзірлеу керек. Сонымен бірге, шайқалып жүруге уақыттың жоқтығын біліп отырмыз. Күні ертең біздің министрліктің алқа отырысы өткізіліп, соның барысында осы жылғы жұмыстың басты басымдықтары айқындалатын болады. Дархан Аманұлы Кәлетаев үлкен жұмыс атқарды. Басшылықтың ауысуы деген - бір сағатта бәрін өзгертіп, қысқартып, қайта жасау керек дегенді білдірмейді. Жоқ! Біз басталған істі жалғастырып, жұмыс бағытын жаңа идеялармен, бастамалармен және жобалармен толықтыра түсеміз», - дейді Дәурен Абаев.