Қазақстан • 01 Наурыз, 2019

Ақмола облысында «Үш би» естелік ескерткіші мен «Жеті жарғы» көшесі ашылды

941 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының Целиноград ауданында аудандық сот ғимараты алдында қазақ халқының төбе билеріне арналған «Үш би» естелік ескерткішінің және Ақмол ауылында «Жеті жарғы» көшесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ақмола облысында «Үш би» естелік ескерткіші мен «Жеті жарғы» көшесі ашылды

Ашылу салтанатына аудан тұрғындары, сот жүйесінің, әкімдіктің, аудандық маслихаттың өкілдері, құқық қорғау органдарының, прокуратура, жергілікті мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдарының басшылары, еңбек және сот жүйесінің ардагерлері қатысты. Аталған іс-шара аудан және облыс үшін маңызды оқиға болды.

Салтанатты іс-шарада Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, «Целиноградское» кредиттік серіктестігі» ЖШС-нің басқарма төрағасы, Қоғамдық кеңес төрағасы Сағдат Әшебеков, аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова және Целиноград аудандық сотының төрағасы Төлеген Тұрғамбаев құттықтау сөздерімен сөз сөйледі.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров өз сөзінде үш жүздің бас билері ел тұтастығына, халықтың бірлігіне айрықша ықпал еткендігін атап өтті.

–Төле, Қазыбек және Әйтеке билеріне арналған естелік ескерткіштері осы елді мекенге келетін жұртшылықтың көзін қуантатын, сүйікті орынға айналады. Қазақ халқының бірігуіне және мемлекеттің тұтастығын сақтауға көп еңбек еткен қайраткерлерді өскелең ұрпақ білетін болады. «Үш би» ескерткіші даналықты және тұрақтылықты бейнелеп, мақтаныш, күш пен ерлікті сондай-ақ, бірлікпен мықты мемлекетті және әділ қоғамды айшықтап тұрады,– деді Досжан Әміров.

Аудандағы екінші маңызды оқиға – ол «Жеті жарғы» көшесінің ашылуы. Ақмол ауылындағы «Жеті жарғы» көшесі 15-19 ғасырлардағы хандық дәуірдегі қазақ құқығының тарихында болған «Жеті жарғы» заңнамалық ескерткішінің атымен қойылған. Аталған заң Тәуке хан тұсында жеті бөлімнен құрылып, мемлекетте құқықтық қатынасты реттеген бірінші Ата заң болып табылады.

Облыстық соттың төрағасы, судьялар қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдардың қазақ халқының билерінің есімдерімен ауыл және көше атауларын өзгерту бойынша талпыныстарын атап өтті. Бүгінгі таңда облысымызда 13 көше және 1 кентке билердің есімдері беріліп, осы арқылы қазақ халқының тарихы жаңғыртылды. Аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының негізгі қағидаларын іске асыру мақсатында жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету бойынша департаментінің өкілі Нүргүл Қарағойшина іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановтың құттықтауын жеткізді. Н.Қарағойшина «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында үш биге арналған ескерткіштің ашылуы мен «Жеті жарғы» көшесінің қайта аталуының маңыздылығына тоқталды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы.