Аймақтар • 01 Наурыз, 2019

Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Маңғыстауда кездесу өткізді

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінде өңірімізге іс-сапармен келген Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Төлеген Ташмағамбетовтың қатысуымен кездесу өтті.

Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Маңғыстауда кездесу өткізді

Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Төлеген Жұмабекұлы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын сақтау, мемлекеттік органның әлеуметтік құндылықтары жөнінде түсінік беріп, мемлекеттік қызметте өзара қарым қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру мен басшылардың қарамағындағы қызметшілерімен қарым-қатынас кезінде ұстану қажет маңызды қағидалардың бірқатарын атап өтті.

Расында, ұжымда жайлы моральдық адамгершілік ахуалды қалыптастыруда басшының рөлі өте зор. Бұл тұрғыда басшының кәсіби біліктілігімен қатар, оның адамгершілік қасиеттерінің жоғары болуы маңызды.

- Ұжымда түсіністік пен сенім атмосферасын қалыптастыру, сондай-ақ кәсіби әдеп нормаларын сақтау біздің ортақ жауапкершілігіміз, - деді министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі.

Шара барысында аумақтық департамент басшысы Н.Алмасқызы Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Т.Ташмағамбетовке өңірдегі мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет саласының жағдайын, қазіргі таңда енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды, оның ішінде Агенттікпен енгізілген «casual friday», яғни аптаның жұма күндері еркін киініп келу мүмкіндігі бар екендігін, факторлы-баллдық шкала бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін, оның мемлекеттік қызмет саласына тигізіп жатқан оң әсері мен қоғамда қызығушылықтың артқанын жеткізді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Агенттікпен бастау алған «Өзгерістерді өзіңнен баста» атты жобасы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымын рухани және мәдени шараларға атсалысып, белсенділік танытуға шақырғандығын, атап айтқанда, ұжымдастармен бірігіп театрға бару, қарттар үйі мен жағдайы төмен отбасыларға қолұшын беріп, қайырымдылық шараларына қатысу және тағы басқалары екендігін айтты департамент басшысы.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы