15 Қараша, 2012

Қытайдың жаңа басшысы – Си Цзиньпин

1083 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Қытайдың жаңа басшысы – Си Цзиньпин

Бейсенбі, 15 қараша 2012 7:33

ҚХР және әлемдік қоғамдастық

Жаңа мыңжылдықтар тоғысындағы ғаламшардың саяси-әлеуметтік жағ­дай­ы­на аз-кем зер салған кісіге әлем на­за­ры­ның көбірек Азия құрлығына, оның ішінде Қытайға ауғаны айқын аң­ға­ры­лады. Жасыратын несі бар, өткен ХХ ғасырдың басында Азия құрлығы барып тұрған мешеу, жұбына жеткен кедей, батыс отаршылдарының жаппай езгісі мен билеп-төстеуіндегі қараңғы құрлық еді. Атап айтқанда, ол заманда Қытайдың солтүстік-шығыс аймағы­ның өзгелер тарапынан бөліске түсіп жат­қаны өз алдына, тіпті Бейжің, Шаң­хай, Тяньзинь секілді ел тірлігінің күре­та­мыры болып есептелетін ірі қала­ла­ры­ның тізгін-шылбыры да батыс ел­де­рінің қолында болатын.

Бейсенбі, 15 қараша 2012 7:33

ҚХР және әлемдік қоғамдастық

Жаңа мыңжылдықтар тоғысындағы ғаламшардың саяси-әлеуметтік жағ­дай­ы­на аз-кем зер салған кісіге әлем на­за­ры­ның көбірек Азия құрлығына, оның ішінде Қытайға ауғаны айқын аң­ға­ры­лады. Жасыратын несі бар, өткен ХХ ғасырдың басында Азия құрлығы барып тұрған мешеу, жұбына жеткен кедей, батыс отаршылдарының жаппай езгісі мен билеп-төстеуіндегі қараңғы құрлық еді. Атап айтқанда, ол заманда Қытайдың солтүстік-шығыс аймағы­ның өзгелер тарапынан бөліске түсіп жат­қаны өз алдына, тіпті Бейжің, Шаң­хай, Тяньзинь секілді ел тірлігінің күре­та­мыры болып есептелетін ірі қала­ла­ры­ның тізгін-шылбыры да батыс ел­де­рінің қолында болатын. Оны аз десеңіз, батыстық өктем күштердің тұтас бір алып елді екіге (ҚХР, Тайвань) бөліп тастағаны да сол кезеңнің еншісінде. Ал Қытайдан өзге Корей түбегі, Үн­ді­қытай, Бирма, Филиппин секілді елдер батыстағы алпауыттардың отар немесе жартылай отар өңіріне айналған болса, Үнді сахарасы, Малай түбегі, Индонезия аралдары отаршылдардың Қиыр Шығысқа жасайтын экспанcиясының се­німді бекінісі болатын.

Бүгінде дүние жүзі халқының жартысынан астамы мекендеп отырған сары құрлықтағы да­мы­ған және дамушы мемлекеттер әлем­дік экономиканың орталығына ғана емес, халықаралық саяси аренадағы жаңа күшке айналды.

Сол азиялық алыптардың ішінде, әсіресе, Қытай Халық Республикасы­ның алар орны алабөтен. Оның өзіндік себептері де жеткілікті. Атап айтқанда, ел территориясы жағынан Азия құр­лы­ғын­да ғана емес, дүние жүзі бойынша үшінші орында тұратын Қытай ғалам­шар­дан 9 миллион 600 мың шаршы ша­қырымдық жер аумағын иеленіп отыр. Табиғи ресурстарының түрі де, қоры да біршама мол, тіпті көптеген минералды ресурстар қоры жағынан әлемнің ал­дың­ғы қатарында тұрады. Ал Қытайға әлемнің жіті назар аударуының тағы бір себебі не дегенде, елдегі демогра­фия­лық жағдай алдымен ойға оралады. Қа­зір Қытайдың жалпы жан саны 1,5 мил­лиардқа жетті. Бұл күллі Жер жүзінде тірлік етіп жатқан 6 миллиард адамның төрттен бірі қытай деген сөз. Салыс­тырмалы түрде айтқанда, Қытайда 4 АҚШ немесе 9 Ресей өмір сүріп жатыр. Ал біздің Қазақстанның жалпы жан саны небәрі 17 миллионға таяу болса, Қытайдың Бейжің, Шаңхай cияқты ірі қалаларының тұрғындар саны 20 миллионнан баяғыда асып кеткен.

Жалпы, Қытай дамуының әлемдік саясат пен экономикаға тигізер маңыз­ды ықпалын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл ықпал туралы ха­лық­ара­лық қоғамдастықта екі түрлі көзқарас бар. Біреулер Қытайдың дамуы өзге елдерге, әсіресе, маңайын­да­ғы дамушы елдерге тың мүмкіндіктер, игіліктер әкеледі десе, енді біреулер Қытайдың дамуы әлемдегі тұрақтылық пен бей­бітшілік үшін өте қауіпті, се­бебі, ол державалар арасындағы бақта­ластықты өршітеді деп қарайды.

Қазірге дейінгі жалпы жағдайға назар аударатын болсақ, ҚХР-дың соңғы ширек ғасырдағы дамуы әлемдік экономика мен геосаясатқа айтарлықтай оң ықпал етіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Атап айтар болсақ, соңғы 10 жыл ішінде Қытайдың әлемдік экономи­ка­ның дамуына 20 пайыздан артық үлес қос­қаны белгілі болып отыр. Яғни, ҚХР жыл сайын 750 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі тауарды шетелдерден импорт етіп отырған болса, бұл қатысты мемлекеттер мен аймақтарда 14 миллионнан астам адамның жұмыс­пен қамтылуына мүмкіндік беріп отыр деген сөз. Бір ғана 2011 жылы ҚХР-дың импорт-экспортының жалпы көлемі 1 триллион 700 миллиард АҚШ долларын құрап, халықаралық сауда жалпы көлемінің 10 пайызын иеленді. Елдің ішіндегі сұраныс пен тұтыну қажетін қам­тамасыз ету үшін Қытай әлемдегі ең үлкен тұтыну нарығына айналуға мүд­делі болып отыр, мұндай жағдайда импорт көлемі алдағы уақытта табиғи түрде артады.

2011 жылдың соңында Қытайға тар­тылған сыртқы инвестиция көлемі 1 триллион 160 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл тағы бір жағынан шетел инвесторларының Қытайдан алатын пайдаларының да жылдан жылға артып отырғанын аңғартады. Ал 2011 жылы Қытайдың сыртқы инвестициясы 685 миллиард 800 миллион АҚШ долларын құрағаны белгілі. Бұл көрсеткіш Қытай инвесторларының өздері тұрған мемлекетке төлеген әртүрлі салықта­ры­ның жалпы көлемі 220 миллиард АҚШ долларынан асып жығылғанын, сонымен бірге, олардың 1 миллионға таяу жер­гілікті азаматты жұмыспен қамтып отырғанын көрсетеді. Ал 1997 жылы Азиядағы қаржы дағдарысы немесе 2008 жылғы халықаралық қаржы дағда­ры­сы кезінде Жер жүзіндегі небір алпауыт елдердің экономикасы шатқаяқ­тап, ырысы шайқалғанда, Қытайдың сыр бермегені өз алдына, керісінше, ма­ңайындағы көптеген елдерге қар­жылай көмек көрсетіп отырды.

Қытай – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңе­сі­не тұрақты мүше мемлекеттердің ішін­де мәмілегерлері ең көп ел, сондай-ақ басқа елдерге ядролық қаруды бірін­ші болып қолданбайтынын, ядролық қарусыз елдерге немесе ядролық қа­ру­сыз өңірлерге ядролық қаруды мүлде қолданбайтынын немесе оларға қыр көрсетпейтінін ашық жариялаған ядро­лық держава. Қазірге дейін Қытай құр­лық арқылы шектесетін 12 көрші мемлекетпен тарихи шекара мәселесін бей­біт жолмен шешіп алды. Әрі қалған көр­ші мемлекеттермен құрлықтық және теңіз айдынының шекарасы туралы мә­се­лені де үнқатысу арқылы шешу қағи­датын ұстанып отыр. Ғаламшардың әр-түрлі өңірінде туындап жататын өткір мәселелер төңірегінде кеңесіп, пікір­ле­сіп шешу жолын ұсынып, халықаралық даулы мәселелерді ылғи да бейбіт жолмен реттеуге, әсте күш қолданбауға мұ­рындық болуда. Әсіресе, бұл соңғы жылдардағы АҚШ пен Ирак, Сирия мә­се­лесі, Иран мен Солтүстік Корея­ның ядролық мәселесі болсын, Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде үйлестіру мен шешім етуге белсене атсалысып келеді. Бәрінен де маңыздысы, бүгінгі күні кез келген халықаралық күрделі мәселені шешуде әлемдік қоғамдастық Қытай­дың пікірі мен ұстанымына құрметпен қарайтыны қалыпты үрдіс­ке айналды.

Жаңа Қытайдың жаңа басшысы

1949-1978 жылдар аралығында ҚХР әсіре шоғырландырылған жоспарлы экономика жүйесінде томаға-тұйық күй ке­шіп келді. 1978 жылы Дэнь Сяопин би­лік басына келісімен қажырлы күрес, ты­нымсыз ізденіс нәтижесінде жүйеге реформа жасау, сыртқа есік ашу саясаты жолға қойылып, Қытайдың жағ­дайына үйлесетін даму жолын, яғни «қы­тайлық ерекшелікке ие социализм жолын» тапты.

Ал әлемдік қоғамдастықтың, әсіре­се, әлемдік саяси-сарапшылардың назары соңғы күндерде ҚХР-дың су жаңа бас­шысы Си Цзиньпинге ауғаны бел­гі­лі. Олай болатын жөні де, қисыны да бар. Себебі Си, біріншіден, ҚХР құрыл­ған­нан кейін өмірге келген Қытайдың жаңа буын ұрпағы. Екіншіден, елдің бұ­рынғы басшылары секілді күрделі саяси-әскери күрестерде шынықпаған адам. Үшіншіден, ол «үлкен шаңы­рақ­та», аға буын мемлекет басшысының от­басында өмірге келген азамат. Төр­тін­шіден, жасынан демократияшыл, реформашыл әкенің тәрбиесін көрген адам. Яғни, оның әкесі үлкен Си, сонау Дэнь билігі тұсында демократияшыл жас­тардың қозғалысына (1989) бүй­регі бұрғаны үшін биліктен шеттетіл­ген болатын. Бесіншіден, оның билікке келген кезі ресми Бейжіңдегі Цзянь Цзэминь бастаған «шанхайшылдар» тобы мен Ху Цзиньтао бастаған «комсомолдар» тобы қарым-қатынасының салқын тартқан кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Алтыншыдан, соңғы кездерде күр­делене бастаған ҚХР мен Жапония, АҚШ, Вьетнам, Филиппин ара­сындағы мәселелерді шешу, реттеу мін­деттері де жаңа басшының еншісіне бұйырып отыр. Жетіншіден, соңғы он­шақ­ты жыл­дың жүзінде Қытайдағы ауқат­­ты­лар мен кедейлердің айырма­шы­лығы шектен тыс алшақтап кеткені­мен тынбай, елдегі олигархтардың би­лікке ұм­ты­лу ниеті де жиі байқалып қалуда. Міне, елдің іші-сыртындағы осы және өзге де ауқымды саяси-әлеу­меттік мәселелерді реттеуге, ҚХР се­кіл­ді алып та күрделі елді басқаруға жаңа басшы қаншалық дайын? ҚХР-дың ішкі және әлемдік геосаясаттағы ұстанымында нендей бетбұрыстар болады? деген сұ­рақтар төңірегінде, анау-мынау емес, небір алпауыт елдердің бастары қатуда. Өйткені, әрбір қадамы, әрбір тынысы әлемнің экономикалық жағдайы мен сая­си атмосферасына тікелей әсер ете­тін алып елдің билігі ауысып жатқанда, таққа отырған жаңа басшының кім екеніне, билікке қалай келгеніне, кісілік һәм саяси бейнесіне назар аудару, түп­теп келгенде, өз еліңнің ертеңі туралы толғану деген сөз. Олай болса, Си Цзиньпин кім?

Си Цзиньпин, 1953 жылы 15 маусымда Бейжің қаласында өмірге келген. Атажұрты Шанщи өлкесінің Фупиң ауданы. 1974 жылдан Қытай КП мүшесі. Екі мамандығы бар. Алғашында Қы­тай­дағы ең беделді жоо болып есеп­те­ле­тін Циньхуа университетінің гумани­тар­лық ғылымдар институтынан марксизм теориясы мен саяси-идеялық тәр­бие мамандығын, кейін тағы да аталған оқу орнының химия факультетінен инженер-химик мамандығын алып шық­қан. Экономика басқару мамандығы бойынша магистр академиялық дәре­же­сі, саяси-заң мамандығы бойынша PhD доктор ғылыми дәрежесі бар. Еңбек жолын қабырғасы қатпаған 16 жасында (1969 жылы) бастаған Си сол кездегі саясат бойынша «еңбекпен тәрбиелену­ші жас» ретінде Шанщи өлкесіне қа­рас­ты Яньчуан ауданының Ляңцзяхэ қыс­тағына барып, жас диқан болып, егін­шілікпен айналысқан. 1974 жылы атал­ған қыстақтағы коммунистер оны бір­ауыздан жергілікті партия ұйымының жетекшісі етіп сайлаған. 1975-1979 жыл­дары Циньхуа университетінде студент. 1979-1982 жылдары ҚХР министрлер кабинетінде, Орталық әскери іс­тер комитетінің аппаратында хатшы. 1982-1985 жылдары Хэбэй өлкесі Джың­диң ауданының партия, үкімет, әскери салаларында жауапты қызметтер атқарды. 1985-1988 жылдары Фуцзянь өлкесі Щямэн қаласы парткомының хатшысы, қала басшысының орынбасары. 1988-1990 жылдары Фуцзянь өлкесі Ниңдэ аймағы парткомының хатшысы, Ниңдэ әскери істер комитетінің бас хатшысы. 1990-2002 жылдары, Фуцзянь өлкесінің орталығы – Фучжоу қалалық халық құ­рыл­тайының (мәслихаты) төрағасы, Фучжоу әскери істер комитетінің бас хатшысы, Фучжоу қалалық партия мек­тебінің директоры, Фуцзянь өлкелік парткомының хатшысы, өлке бастығы қызметтерін атқарды. 2002-2007 жылдары Чжэцзяң өлкелік парткомының хатшысы, өлкелік халық құрылтайы тұ­рақты комитетінің төрағасы. 2007 жылдан қазірге дейін ілгерінді-кейінді Қы­тай КП Шаңхай қалалық комитетінің хатшысы, Қытай КП ОК саяси бюро­сының тұрақты мүшесі, Қытай КП ОК хатшылар басқармасының хатшысы, Қытай КП ОК жанындағы Гонконг, Макао істерін үйлестіру тобының жетек­шісі, Қытай КП ОК жанындағы жоғары партия мектебінің директоры, ҚХР төр­ағасының орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарып келеді.

Жоғарыда біз Си Цзиньпинді «үлкен шаңырақта, аға буын мемлекет басшы­сы­ның отбасында өмірге келген азамат», дедік. Солайы солай. Яғни, ол өмір­ге келген 1953 жылы әкесі Си Чжо­ңсюнь ҚХР Министрлер кабинетінің бас хатшысы болатын. Алайда Қытай­дағы «мәдени төңкерістің» алдындағы Мао­ның «тазалау» науқаны кезінде (1962) әкесі қызметтен шеттетіліп, жер аударылады. Оның арты «тергеу, тұт­қындау, бақылауда ұстау» шараларына ұласып, 1978 жылға дейін жал­ғасады. Тек 1976 жылы Мао өліп, 1978 жылы билік басына Дэнь Сяопин келгеннен кейін ақталып, барлық саяси, аза­маттық атақ-абыройы қалпына кел­тіріледі. Демек, кішкене Си тоғыз жас­қа толар-толмаста әкесінің басына үйі­рілген тағдырдың қара бұлты ол оң-со­лын танып, азамат болғанға дейін айыға қойған жоқ. Егер әкесі сол биік лауазымда аман-есен отыра бергенде, бала Си ит арқасы қияндағы қыстаққа барып, ауыр еңбек, азапты өмірді басынан кешірер ме еді, кешірмес пе еді?! Құдай біледі. Өмірінің осы кезеңін бір естелігінде Си Цзиньпин: «Ол жылдары мен, ара-тұра бір ауырып қалған кез­де болмаса, 365 күнді мүлде демалыссыз өткізіп жүрдім. Істемеген жұ­мы­сым қалған жоқ. Жауын-шашынға қа­рамай ауыл адамдарымен бірге шөп шауып, мал бақтым. Кейде 100 кило бидай салынған дағарды иыққа салып алып, ондаған шақырым жерге жаяу та­сыған кездеріміз де болды…», деп еске алады. Ал Ляңцзяхэ қыстағының сол кездегі жас диқан, қазіргі қария­лары­ның бірі: «Си Цзиньпин сол кезде қа­быр­ғасы қатпаған жас бала болғаны­мен, өте қайсар, еңбекқор еді, үстінде көнетоз мақталы көк шапаны бар болатын, белін ылғи да ток сымымен буып алатын. Ақпан, наурыз айларында ауылда қар еріп, су тасығанда, Си ылғи да балағын түріп тастап, тастай суық суды белшеден кешіп жүріп, жанын салып істейтін», десе, тағы бір қария: «Әдетте қаладан келген жастар шабадандарына киім-кешек, ыдыс-аяқ, азық-түлік толтырып әкеледі. Ал бала Сидің бір шабадан кітап арқалап келгенін басында ауылдағылар күлкі ғып жүрді. Сөйтсек, ол шынында да кітапқұмар бала екен. Сондай азапты, ауыр жұмыс істеп жүрсе де, Си Цзиньпиннің қолы­нан кітап түспеуші еді. Таңғы ас үс­тін­де, түскі ас кезіндегі үзілісте, кешке қа­рай сығырайған май шамның жары­ғын­да кірпіштей-кірпіштей қалың кітап­тар­дан бас алмайтын», дейді. Қысқасы, Бейжіңде, «үлкен төренің» отбасында өмір есігін ашқанымен, Си Цзиньпинде кісі қызығатындай балалық та, жастық дәурен де болған жоқ. Ол кез, әрине, жалғыз Си ғана емес, тұтас ҚХР халқы әрі аш-жалаңаш әрі үрей құшағында өмір сүрген шақ еді.

«Жаһандағы ең жақсы жар…»

ҚХР-дың су жаңа бірінші ханы­мы­ның аты-жөні Пың Лиюань (орыстар Пэн Лиюань деп жазады, негізі латынша транскрипциясы Peng Liyuan). Қы­тайда көптен танымал әйгілі әнші. 1987 жылы олар үйленіп, жаңа өмірге аяқ басқан кезде, Си Цзиньпиннен гөрі, Пың ханым елге жаппай танымал болатын. Яғни, ол кезде Си бар болғаны Фуцзянь өлкесі Щямэн қаласы парт­ко­мы­ның хатшысы, қала мэрінің орынбасары еді. Екеуін 1986 жылы Пың Лию­аньнің құрбысы Щямэн қаласында таныстырады. Сол кездесуде бірін бірі бір көргеннен құлай сүйген екеуі іштей «армандаған адамымды таптым», деп тарасады.

Сонымен 1987 жылы үйлен­ген екі жас ұзақ уақыт екі қалада тұрып келді. Олар Си Цзиньпиннің қызметі Орталыққа біржола ауысқан соңғы 6-7 жылдан бері ғана Бейжіңде бірге өмір сүріп келеді. Бүгінде Пың Лиюань ханым Қытайдың әлемге әйгілі тенор әншісі, қазіргі заманғы Қытайдағы ұлт­тық ән өнерінің ең көрнекті тұлғасы, ҚХР ұлттық ән өнері мамандығы бойынша тұңғыш магистр, Қытай халық азаттық армиясының ең жас генералы, Бүкілқытай Саяси кеңесінің VIII, IX, X шақырылымдарының депутаты, ҚХР жастар бірлестігі төрағасының орынбасары, мемлекеттік І дәрежелі артист, ҚХР музыканттар одағының басқарма мүшесі, Бүкілқытайлық әйелдер бірлес­ті­гінің тұрақты жорасы, Қытай мем­ле­кеттік консерваториясының профессоры, ҚХР әскери филармониясының көр­кемдік жетекшісі, халықаралық дәс­түрлі ән фестивальдерінің бірнеше дүркін бас жүлдесінің иегері, т.б. толып жатқан бас айналар атақтар мен сый­лық­тардың иегері бола тұрса да, ол осының бәрін отбасы бақытынан жоға­ры қоймайды. Пың ханым тілшілерге берген сұхбат­та­рында ылғи да: «Мен тек жұмысыммен, кәсібіммен ғана боламын, отбасы, бала-шаға керек емес дейтіндерді түсін­бей­мін. Әйел адам үшін отбасы асқар тау, жылы ұя. Менің де қытайдағы барлық шаңырақтар се­кіл­ді қарапайым да бақытты отбасым бар. Ал менің күйеуім жаһандағы ең жақ­сы жар…», дегенді қайталаудан жа­лыққан емес.

Олардың Си Миңдзэ есімді бір қыз­дары бар. Миңдзэ бикеш қазір АҚШ-тың Гарвард университетінде оқып жатыр. Аталған оқу орнының Давид есім­ді профессоры тілшілерге берген сұх­батында ҚХР «ханшайымына»: «Өзге ел басшыларының балаларын былай қойып, Қытайдың басқа басшылары­ның балаларымен салыстырғанда Си Миңдзэ өзін өте қарапайым ұстайды, кішіпейіл де инабатты. Сабақ үлгерімі де өте жақсы», деп мінездеме береді. Осының өзі де жаңа төрағаның кісілік келбетіне қатысты көп жайдан дерек берсе керек.

Жаңа басшы жаңа бағыт ұстана ма?

2008 жылы Си Цзиньпин ҚХР төр­аға­сының орынбасары және ҚХР әс­ке­ри істері комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл Қытайдағы қалыптасқан саяси үрдіс, жазылмаған заң бойынша билік басына келетін кан­дидатураның айқындалғандығын білді­реді. Осы кезден бастап халықаралық саяси-сарапшылар: «Си Цзиньпин билік басына келсе қандай бағыт ұстанады? Қытайдың ішкі-сыртқы саясатында қандай бетбұрыстар болуы мүмкін?» деген мәселені қызу талқылай бастады. Талқыға тамызық болып отырған себеп, Си Цзиньпиннің бұл лауазымға бірсыдырғы, дәстүрлі жолмен жайлап жүріп келгендігінде. Шынында да оның бүгінге дейінгі саяси өмірінен елдің іші-сыртын елең еткізердей елден ерек жетістікті де, сонымен қатар, шалыс басқан қателікті де, аңдамай сөйлеген аусай сөзді де көре алмайсыз. Бұдан оның өз пікірі жоқ, қой аузынан шөп алмас маубас орындаушы деген ұғым тумауға тиіс. Себебі, «әрбір жеке адам өзінше бір әлем» деген ұғым бар ғой, ал мұны «әрбір жеке қытай өте күрделі бір әлем» деп өзгертіп айтуға толық негіз бар. Ендеше, ресми Бейжіңнің билік дәлізіндегі осындай «өте күрделі әлемдердің» шоғырынан, нәзік те қым-қуыт, семсердей қылпылдап, жауһардай мың құбылып тұрған, қиян-кескі күрес, мылтықсыз майданнан үс­ті­не қылау қондырмай бүгінгідей абы­ройға жету «мен-мен» деген саясат­кер­дің бәрінің қолынан келе беретін шаруа емес. Егер ол өз мінезі, өз пікірі жоқ, тек қана орындаушы болатын болса, үс­тіміздегі жылдың тамыз айында Қытай КП ОК-нің Бэйдайхэ санаторийінде өт­кен ерекше құпия жиналысында Си ел­дегі өте ықпалды екі бірдей (Чяо Шы, Суң Пиң) ақсақалдан «сын, ескерту» ес­тімеген болар еді. Яғни, аға буын мем­лекет басшылары Си Цзиньпин бас­таған елдің жаңа буын басшыларын «сенімсіз, тіл алмайды» деп ашық жаз­ғыр­ды. Сидің консерваторларға «сенім­сіз» болуы, олар­дың «тілін алмауы» нені түсін­діреді? Әрине, бұл бір жа­ғы­нан оның өз беті, өз пікірі бар екендігін аңғартса, тағы бір жағынан оның саяси ұста­ны­мы мен бет-бағдарын да білдіреді.

Қытайдың ең жоғарғы билік бұ­тақ­тарында бұрынғы төраға Цзянь Цзэмин өсі­ріп, отырғызып кеткен кадрлар шо­ғыры бар, оларды жұрт «шаңхай­шы­л­дар тобы» деп атайды. Ал биліктен әлі то­лық кетіп үлгермеген Ху Цзиньтао­ның кадрлары да аз емес. Олар «комсомолдар тобы» деп аталады. Бұның сыртында билік дәлізінде Маомен замандас, Дэньмен замандас бұрынғы ақ­са­қал басшылардың балалары мен неме­релері де қаулап, қаптап өсіп келеді. Олар «төрелер тобы» деп аталады. Бұлар өз ішінен тағы «консерваторлар», «реформаторлар» деп тағы екі үйекке жіктеледі. Осындай қым-қуыт, жік-жік саяси элита өткен жолғы XVII құрыл­тайда ары ырғасып, бері ырғасып, өз таңдауларын өткізе алмай, ортақ кандидатура ретін­де Си Цзиньпинге тоқ­та­ға­ны белгілі. Бұл жағдай Сидің билікке келуіне үл­кен ұтыс алып келгенімен, алдағы уа­қыт­та үлкен әурешілік те осыдан туындайын деп тұр. Елдің іші-сыртындағы саяси сарапшылардың бол­жамына құ­лақ түретін болсақ, бұ­рынғы екі төраға­ның екеуі де (Цзянь және Ху) перде артында тұрып алып, Си арқылы өз «саясаттарын» жүргізгісі келуі мүмкін. Сол кезде Си бұл тығырықтан қалай шыға­ды?! Жалпы, Си өзінің саяси ұстанымы бойынша көбірек Цзянь Цзэминге бейім. Екеуі де елде саяси реформалар қадамын жеделдетуді қолдайды. Егер Сидің бүйрегі «шаңхайшылдар тобына» бұрылатын болса, 2013 жылға дейін мемлекет төрағалығын, 2014 жыл­ға дейін әскери билікті шеңгелінде ұстап тұратын Ху Цзиньтао қарап жата ма?! Егер Си «комсомолдар тобының» жырын жырлап кететін болса, «шаң­хайшылдар тобы» мен «төрелер тобы» бұл мәселеге жай ғана «бопты» деп, ойыннан тып-тыныш шегіне қоя ма?! Мейлі қалай болғанда да, Сидің ысыл­ған саясаткер екені рас болса, алдағы уақытта ҚХР мемлекет төрағалығы мен Әскери істер комитетінің төрағалығын толық алып болмайынша, «өгізді де өлтірмеуге, арбаны да сындырмауға» тырысумен бірге, жалпы «комсомолдар то­бының» ықпалына бейімделуі мүм­кін.

Демек, ҚХР жаңа басшысының тақ­қа отыра салып, «ойлаған ұстаным, қа­лаған бағытым осы» деп тартып кетуіне мүмкіндігі жоқ. Себебі, ол елде, қай деңгейдегі басшы болмасын, әр қандай мәселені бір өзі «айттым бітті, кестім үзілді» деп шеше алмайды. Жүйе сондай.

Ал енді бірер сөз жаңа басшының Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы туралы көзқарасы. Жалпы, Қытайда, ел ішінде қандай ырың-жырың болып жатса да, мемлекет, ұлт тағдырына саятын мәселеде бірігіп кетеді. 1930-жылдары жапондар Қытайға басып кір­генде, ата жау Мао Цзэдун мен Чан Кайшидің өзі қол ұстасып, жапондарды қуып шықты. Демек, Ху Цзиньтаоның орнына кім келсе де, ішкі саясатты қайдам, сыртқы саясатында бейберекет бетбұрыс бола қоймас еді. Себебі, бұл саясат о баста-ақ ел тағдыры мен ұлт болашағы тұрғысынан жасалып қойған. Сондықтан Сидің ҚХР мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты одан сайын нығайтпаса, әлсіретпесі анық. Оның бұл көзқарасы биыл маусым айында Бейжіңге ШЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммитіне қатысу үшін барған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кезде­суін­де мәлім болды. Яғни, біздің Елбасымызбен болған ресми әңгімесін: «Дипломатиялық қарым-қатынас орнат­қан 20 жылдан бері ҚХР мен Қазақстан қарым-қатынасы ақаусыз, қарқынды дамып келеді. Сіз қытай халқының жақсы досысыз және Қытай-Қазақстан досты­ғы мен ынтымақтастығының дамуына жүйелі түрде көп күш-жігер жұмсап келесіз. Біз Сіздің екі ел арасындағы достықты дамытуға қосқан зор үлесі­ңізді жоғары бағалаймыз. Сіз Төраға Ху Цзиньтао екеуіңіз мемлекет басшылары ретінде екі ел арасындағы ынтымақтас­тықты дамыту үшін жаңа стратегиялық көп қырлы жоспардың қалыбын айқын­дадыңыздар», деп бастаған ол, екіжақ­ты қарым-қатынастарды дамытудың алдағы беталысы мен мүмкіндіктеріне де баса назар аударды. Н.­Ә.На­зар­баев­пен болған сол жолғы кездесуінде Си Цзиньпин тағы да Қытай Қазақстанмен барлық сала бойынша қарым-қатынас­тарды одан әрі дамыту ниетінде екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстан Қытайдың сенімді стратегиялық әріп­те­сі, тату көршісі ғана емес, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ел» екен­дігін шегелей айтқан ол, екі ел жер жағдайының тиімділігін толық пайдаланып, экономикалық дамуда бірінің кемдігін бірі толықтырып отыру, сонымен бірге, алдағы уақытта шекаралық өңірлердегі сауданың көлемін арттырып, стратегиялық ірі жобаларды бір­лесіп жүзеге асыру, шекара өңірі тұр­ғындарының барыс-келісін нығайтып, екі ел қарым-қатынасының дамуына халықтық сипат беру, сол арқылы екі елдің мүддесін қорғау мен аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, т.б. келелі мәселелермен ой бөліскен болатын. Қысқасы, алдағы «Си Цзиньпин дәуірі» тұсында да Қазақстан мен ҚХР қарым-қатынасы өзара сенім, өзара тиімділік, бейбіт қатар өмір сүру ұстанымдары негізінде сенімді достық пен тату көршілік байланыстарын әрі қарай жалғастыра береді деп сеніммен айтуға болады.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия Ұлттық университеті

қытай тілі кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.