«Қостанайда шаңғы спорты кең өріс алған. Атақты Иван Гаранин, Ольга Селезневаның жеңістері Қостанайдың атағын алыстарға мәшһүр еткен еді. Жерлесіміз Александр Колядин паралимпиадада чемпион атанып, мықтылық пен шынығудың, еңбектің құдіретін тағы бір дәлелдеді. Бұлардан басқа бүгінде жастарымыз да қысқы спортқа белсене қатысып, облыс атын шығарып жүр. Мысалы шорт-тректен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Алена Волковицкая, Хадиша Бақтыгереева, Глеб Ищенколар халықаралық спорт шебері нормасын орындады. Ал Оңтүстік Сахалинде өткен тұңғыш қысқы халықаралық «Азия балалары» ойындарында шаңғы тебуге қатысқан Пащенко Валерия, шорт-тректен Вадим Садовников алтын медальді жеңіп алды. Осындай жетістіктердің барлығы да жас кезінен шынығудың арқасында мүмкін болады. Сондықтан бүгінгідей бұқаралық сипат алып отырған шаңғы мерекесінің маңызы зор» деді Марат Қонысбайұлы.
Шаңғы фестивалінің ауылдық, аудандық сатылары он бес мыңдай адамды қамтыды. Облыс орталығында басталған фестивальде мың қаралы адам шаңғы жолдарына шықты. Жалпы облыс өңірінде бес мыңдай адам шаңғы спортымен айналысады. Фестивальге тек жастар ғана емес, шаңғы әуесқойлары және кәсіпорын мен мекемелер қызметкерлері, студенттер мен оқушылар да қатысты.
«Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен бүгінгі фестивальге 17 қызметкер қатысып отыр. Олардың барлығы да шаңғы сөресінен көрінді. Біз алдымен қысқы спорттың денсаулық кепілінің бірі екенін көрсеткіміз келді» дейді осы департаменттің директоры Орал Бекмағамбетов.
Фестиваль ертең жалғасатын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай