Дүбірге толы дүние
Жұма, 9 қараша 2012 7:17
Қарулы күшке күшті адам керек
Ресейде Қорғаныс министрі өзгерді. Анатолий Сердюков кетіп, орнына Сергей Шойгу келді. Бұған Ресейдің ғана емес, әлемнің ақпарат құралдары айрықша мән беріп, сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, бағаларын беріп жатыр.
Жұма, 9 қараша 2012 7:17
Қарулы күшке күшті адам керек
Ресейде Қорғаныс министрі өзгерді. Анатолий Сердюков кетіп, орнына Сергей Шойгу келді. Бұған Ресейдің ғана емес, әлемнің ақпарат құралдары айрықша мән беріп, сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, бағаларын беріп жатыр.
Министр ауысса, онда тұрған не бар деуге әбден болады. Министр түгілі, басқа елдерде үкімет басшылары, тіпті мемлекет басшылары ауысып жатса да, оған жұрт мән бере қоймас еді. Осы Ресейдің өзінде министрлер емес, үкімет басшысының орынбасарлары ауысып жатса да, оны жұрт аңғармай қалады. Ал бұл елде Қорғаныс министрінің ауысуы аңғарылмай қалуы мүмкін емес. Өйткені, бұл ел – Ресей.
Бұл ел үшін Қорғаныс министрлігінің де, оның басшысының да орны бөлек. Бұл – дәстүр. Сонау орыс империясының дәуірінен, одан соң кешегі кеңестік империяның заманынан келе жатқан дәстүр. Ал Ресей Федерациясы – сол екеуінің де мұрагері. Алысқа бармай-ақ, кешегі КСРО-да Қорғаныс министрі қашан да тұлғалы адам болған, партия, ел басшысының бірі болған.
Мұны президент Владимир Путин Қорғаныс министрін ауыстырар кезде де нақты тұжырымдады. «Ең маңызды министрліктердің бірінің басына ұстанған бағытты жүзеге асыратын, елдің Қарулы күштерінің қарқынды дамуын қамтамасыз ететін адам керек. Қорғаныс тапсырыстарын, біздің армиямызды қайта жарақтандыру жөніндегі орасан зор жоспарды орындауды қамтамасыз ету керек. Сізді сондай адам санаймын. Сізге сол Қорғаныс министрі қызметін атқаруды ұсынамын».
Шын мәнінде Ресейдің әскері – әлемдегі ең күшті әскердің бірі. Болашақта да ол солай бола бермек. Бұлар өз әскерін НАТО күштерімен, АҚШ әскерімен тайталасатындай деңгейге көтеру үшін еш нәрсені аямақ емес. Алдағы бес жылда Ресей әскерінің 70 пайызы жаңа техникамен жарақтанады, оған 20 триллион рубль қаржы бөлінбек. Бұл елде бюджеттің қомақты бөлігі әскерге жұмсалады. Міне, соған ие керек. Сол шаруа енді Сергей Шойгуге жүктеледі.
Бұрынғы Анатолий Сердюков та сенімді адам болатын. Басқасын былай қойғанда, басшылардың бірімен туыстығы да бар еді. Сірә, соны арқаланды ма екен, ол әскерге бөлінген қаржыны шашып-төккенге ұқсайды. Қазаннан қақпақ кеткен соң, оны ожаулап ішкендер көбейіпті. Бір ғана мысал. Бұл елде Қорғаныс министрлігіне қарасты «Оборонсервис» деген бар. Ақшасы көп. Сол акционерлік қоғамның директорлар кеңесін А.Сердюковтың өзі басқарады екен. Ал сол кеңеске мүше, Қорғаныс министрлігінің мүліктік қатынас департаментінің басшысы Евгения Васильеваның 13 бөлмелі пәтерін тәркілеу кезінде одан 3 миллион рубль, белгілі суретшілердің көптеген картиналары, бағасы 1 миллион доллардан асатын әшекей заттар табылыпты. Ол өзі Сердюковқа көрші де екен. Дүние көп болған соң, осылай шашылар. Алғашқы сәттен С.Шойгуға жүктелер міндет министрлікті сол «Сердюковтың дамаларынан тазарту» болмақ көрінеді.
Бірақ әлем назар аударып отырған жай – Ресей басшылығының өз Қорғаныс министрлігін кадрлық жағынан күшейтуі болып отыр. Сергей Шойгу бұрын Төтенше жағдайлар министрлігінде қатты тәртіп орнатып, көзге түскен. Ресейдің батыры, армия генералы. Енді Қорғаныс министрлігінде тәртіп орнатса, Ресейдің әскери әлеуеті күшейеді.
Әрине, әр ел өзінің қорғанысын ойлауы керек. Әсіресе, жау көрініп тұрса, барлық күш-қуатты соған жұмылдырған жөн-ақ. Ал төңіректің бәрін жау санағандай, қалай да қарулануды саясатқа айналдырудың да жөні жоқтай көрінеді. Екінші жағынан, шекараңа НАТО төніп тұрса қайтер едің деген сұрақ та қылаң береді…
Сирия Сомалиге айналса қиын
Екі жылға таяу соғыс жағдайында өмір сүріп жатқан Сириядағы жағдайға етіміз де, көзіміз де үйреніп кеткендей-ау. Күні кеше онда лаңкестік әрекет салдарынан 60 адам қаза тауып еді, тіпті оған ақпарат құралдары мән де бермегендей.
Бұл елде күн сайын адам өлімінің болып жатуы қалыпты жағдайға айналғандай. Әйтпесе, осындай әрекет басқа бір елде орын алсыншы, жұрт шулап қоя берер еді. Сириядағы осынау қанның судай аққан жағдайына ондағылар ғана емес, ең алдымен, шешімді қадамдарға бара алмай отырған сырттағылар – жетекші елдер, халықаралық ұйымдар да айыптыдай көрінеді. Бұлай созыла беруіне жол беруге болмайды, қанды қақтығысты тоқтатуға жеткізетін пәрменді әрекеттер керек-ақ.
Дәл осылай созыла берсе, бұл елдің жаңа Сомалиге айналу қаупі барлығын БҰҰ мен Араб мемлекеттері лигасының арнаулы өкілі Лахдор Брахими мәлімдеді. Сомалидегі жағдай белгілі. Онда мемлекеттік билік жоқ, дала командирлері мен «Әл-Каида» ұйымымен байланыстағы жасақшылар арасындағы азамат соғысы үздіксіз жүріп жатыр.
«Сириядағы жағдай өте қауіпті, – дейді Брахими. – Егер қазіргі дағдарыс жылдам түзелмесе, оның «Сомалиге айналуы» әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің апатқа ұшырауы. Дала командирлері мен қарулы құрылымдардың күшеюіне соқтырады».
Сомалиде, 1991 жылдан бері диктатор Сиада Баррені құлатқаннан кейін іс жүзінде орталық мемлекеттік билік жоқ. Елдің үкіметі тек астанада ғана бақылау жасайды, ал өңірлердің өз әкімшіліктері бар, орталыққа бағынбайды. Соның салдарынан түрлі топтар бір-бірімен соғысып жатады. Африкалық одақтың бітімгершілік күштерінің «Аш-Шабаб» исламдық ұйымымен күресуден басқа қолынан келері жоқ.
Сириядағы жағдай Сомалидегі жағдайға айналар болса, оның зардаптары айрықша ауыр болмақ. Сирия – жоғары деңгейлі милитаристік мемлекет. Оның қару-жарағы бақылаудан кеткен топтардың қолына тиетін болса, қантөгіс ауқымы кеңейеді, қайшылық күшейе түседі. Әсіресе, бұл елдегі қақтығыстың діни сипат алуы оны реттеуді барынша қиындатпақ.
БҰҰ және Араб мемлекеттері лигасының арнаулы өкілі Брахимидің қаупі негізді. Болған жағдайға куәлік етіп қана қоймай, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің де, жетекші елдердің де пәрменді әрекеттерге көшкені қажет-ақ. Пәрменді әрекет дегенде, күш-қолдану ғана емес, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров атап көрсеткендей, алдымен белсенді дипломатияға жүгіне отырып, арандатушылыққа қолдау көрсетіп келе жатқан елдерге ықпал етудің жолдарын іздестіру жөн болар еді-ау дейсің. Қалған жол – келісім жолы. Бұл жол – Сирияның Сомалиге айналуынан да құтқаратын жол.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».