Облыста 341 көп балалы отбасы пәтер кезегінде тұр. Құмар Іргебайұлы «Nur Otan» партиясының жуырда өткен мерейтойлық сьезінде Елбасы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, негізгі басымдықты әлеуметтік қолдауға аудару міндеттерін қойғанын айта келіп, биыл 226 пәтерлік 3 үй салынатынын, күнкөрісі төмен көпбалалы отбасылар бірінші кезекте қамтылатынын жеткізді.
«Бір жылдың ішінде осы санаттағы отбасылардың 50 проценті жайлы баспаналарға ие болады. Аудан әкімдері жергілікті жерлерде әр отбасымен жұмыс істеп, қандай әлеуметтік жағдайларға мұқтаж екенін анықтауы тиіс», деді Қ. Ақсақалов.
Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 2115 ден 3225-ға дейін өсетін болады. Бұл мақсат үшін республика қазынасынан 1,7 миллиард теңге бағытталмақ. 6700 көп балалы анаға әлеуметтік жәрдем ретінде ай сайын 1,2 миллиард теңге бөлінеді. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған екімыңға жуық отбасына әлеуметтік төлем 30 процентке көбейеді.Сондай-ақ көп балалы отбасыларға 2-3 пайызбен пәтер беріліп, облыстық бюджет алғашқы жарнаның 10 процентін өтейді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы