Халықаралық жәрмеңке Қазақстан мен Қытай елдері бірлесіп 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салған «Qaz Luimiere» сауда орталығының ресми ашылуына орайластырылған.
– Екі бірдей мемлекет жүзеге асыратын жоба қазақстандық және еуропалық тауарлардың қолжетімділігін арттыруды көздейді әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға септеседі, – дейді халықаралық жәрмеңкені ұйымдастыруға ат салысып отырған «Қуан-Шыңғыс» инвестициялық компаниясы директорының орынбасары Ұлан Әренов.
Қазірдің өзінде отандық тауарларды өндіретін 300-ге тарта кәсіпкердің басын біріктіретін қауымдастықпен арнайы келісім-шарт жасалынған.
Алдағы ұйымдастырушылардың айтуынша, сауда орталығы іскерлік кездесулерге, Қазақстан мен ТМД елдеріне шығарылатын өнімдермен таныстыру, сауда-саттық және бос уақытты өткізуге арналған тиімді іс-шаралардың алаңына айналады. Бұл іс-шара жақын және алыс шет елдердің іскер топтары мен туристерінің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін, бірінші кезекте Қытайдын көпмиллионды нарығына шығу, халықаралық сауданы дамытудың мүмкіндігі.
Көрмеде алкоголь өнімдері, сигареттер, сигаралар, темекі, киім-кешек, аяқ киім, кондитерлік өнімдер, құрғақ сүт, ұн өнімдері (ұн, макарон өнімдері және т.б.), жиһаз, ыдыс-аяқ, дастархан, перделер, жарық құрылғылар, шағын-бұрқақтар, фитодизайн, экодизайн бұйымдарына орын бөлінген.
Алайда, жаңа ауланған балық, жұмыртқа, шұжық өнімдеріне, уылдырық, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен өсімдік тұқымдары (көкөніс, гүлдердің тұқымы және т.б.), алтын сияқты тауарларды көрме-жәрмеңкеге шығаруға тыйым салынып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы
Панфилов ауданы