Біз, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшелері «Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі» доктринасын мұқият тыңдап, оны зор ықыласпен қабылдадық.
Ел мүддесі үшін қыруар қаржы жұмсалып, өңірлердің, аудандарымыздың дамуына зор серпін беретін мақсаттар қойылды. Елбасы әлеуметтік салаға республикамыздың барлық кірісінің 45%-ы бөлінетінін айтты. Бұл бұрын-соңды болмаған үлкен қаржылай қолдау.
Елбасы көп балалы аналар, әлеуметтік әлжуаз топтағы адамдардың, мүгедектердің мұң-мұқтажына зор көңіл бөліп отыр. Көп балалы отбасындағы әр балаға төленетін жәрдемақы көлемі 21 000 теңгені құрайтын болды. Бұл аз көмек емес.
Президенттің айқындаған 10 мақсаты жас отбасылар үшін үлкен көмек. Әр отбасы қолжетімді тұрғын үйді армандайды. Жылдан жылға тұрғын үй құрылысы артып келеді. Осы жолы да «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 40 000 арендалық пәтер салуға тапсырма берілді. Съезде қабылданған доктрина – сол арманға жетудің бірден-бір нақты қадамы.
Әлемдік аренада әртүрлі масштабтағы, түрлі даму жолындағы қаншама мемлекеттер бар. Бірақ бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан халқының әлеуеті үшін осындай батыл қадамдарға барып, бюджеттен қыруар қаржы бөліп, шешім қабылдап отыр. Осының барлығы еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатының арқасы деп білеміз.
Біз, аналар қауымы жастарымызға ел бірлігін, ұрпақ сабақтастығын насихаттай отырып, Елбасының үмітін ақтап, Отанымыздың жарқын болашағын тәрбиелейміз деп сендіргіміз келеді.
Сәлима НҰРМАҒАМБЕТОВА,
Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің құрметті төрайымы