Аймақтар • 10 Наурыз, 2019

Бауыржан Байбек алматылық аналарды мерекемен құттықтады

1022 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің әр өңірінде айрықша аталып өтетін халықаралық әйелдер мерекесі алып мегаполис алматыда да ерекше тойланды. Сан салада табысты еңбек етіп жүрген ханымдарды Республика сарайына жинаған шаһар басшысы әрбір шаңырақтың ғана емес, қоғамның ұйытқысына айналған әзиз аналарды шуақты мерекемен құттықтады.

Бауыржан Байбек алматылық аналарды мерекемен құттықтады

«Баршаңызды 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн шұғылалы көктемнің ең алғашқы мерекесі. Әр үйге шаттық пен бақыт сыйлайтын ерекше күн. Адамзат үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ пен құрмет ардақты аналар мен аяулы аруларға арналады. Бүгінде қаламызда 11 мыңнан астам көпбалалы ана болса, оның ішінде 3900 ана – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері. Елімізде әйел азаматтарға оның ішінде аналарға деген қамқорлық қашанда ерекше» – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Алматыда 7 бағыт бойынша нақтылы 13 шараны қамтыған  «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы қолға алынды. Олардың ішінде жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, қайта оқыту және жұмыспен қамту, стипендия және тегін балабақша, жергілікті бюджеттен бір реттік төлем көлемін арттыру сынды көмектер қарастырылған.

Мерекелік құттықтау соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аналарға  арналған әсем әуендер шырқалды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ