Аймақтар • 11 Наурыз, 2019

Кері кетіретін кедергілер

1023 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс орталығының дәл іргесінде орналасқан елді мекен өркениеттен алыс қалды дегенге сену қиын. Алайда, тұрғындардың жанайқайына құлақ түрсең амалсыз илануға тура келеді.

Кері кетіретін кедергілер

Ауыз судың азабы

Ауылдың атауы шұбалаңдау – «2603 шақырымдағы аялдау бекеті». Мұнда бір кездері ауқымды темір жол бекеті бол­ған­ға ұқсайды. Қазір он шақты үй ғана қалған. Үлкендер жағы мал, құс өсірумен айналыс­са, балалар көрші ауылға қаты­нап оқиды. Әлеуметтік нысан­дар­дың жоқтығына еті әбден үйреніп кеткен тұрғындар енді ауыз судың азабын тартып ке­ле­ді.

– Осында Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлім­ше­сінің қызметкерлері жұмыс істе­­гендіктен, аталған мекеме кү­на­ра тіршілік көзімен қамта­масыз етіп келген. Енді эконо­ми­калық жағынан тиімсіз деген уәжді алға тартып қызмет етуді доғарғандықтан, қар суын тұтынуға мәжбүрміз. Күніміз үйге қар тасумен өтеді. Бір шелектен бір литр ғана су шығады. Оның өзі кір, лас. Қанша қай­на­тып, сүзгенмен, кермек дәмі, жа­ғымсыз иісі сезіліп тұ­ра­ды. Облыс орталығынан бар-жоғы 20 шақырым жерде тұра­мыз. Қызылжар ауданының бас­шы­лы­ғы мәселені «әне-міне шеше­міз» деумен келеді, – дейді ша­ра­­сыздық танытқан тұр­ғын­дар.

Аялдау бекетіне жақын қон­­ған Боровское ауылына жа­яу-жалпылап суға баратын, темір жолды кесіп өтіп, өмір­ле­рін қатерге тігетін сәттер аз кез­дес­пейді екен. Су құйылған ыдыс­ты рельстен көтеріп өткізу бір машақат көрінеді. Округ әкі­мі жиын өткізіп, жағдай түзеледі деп сендіріп кеткенмен құрғақ уәденің ұшы ұстатар емес. Татьяна Мещерякова, Айнагүл Ғабдуллина, тағы бас­қа тұрғындардың айтуына қа­ра­­ғанда, арнайы көлікпен әкел­ген су ащы, адам түгілі мал ішуге де, кір жууға да жа­рам­­сыз. Оның өзін уәде етіл­ген 10 күнде емес, араға екі апта салып жеткізген. Соған қара­ған­да жергілікті шаруа қожа­лықтарымен бес күнде бір рет жеткізіп тұру жөнінде жасасқан келісімшарт бақы­лау­сыз қалған тәрізді. 

Жұртшылықтың қар суын пайдаланып отырғанын білмей қалған аудандық әкімдікке не дерсің?! 

 Фермерлер неге наразы?

Былтыр 84 фермер өзгенің кінәсінен 133 миллион теңге демеу қаржыдан қағылып, сан соғып қалған болатын. Олар биыл тағы да жер сипап қаламыз ба деген алаңдаушылығын жасырмайды.

 Аққайың ауданына қарасты «Лидер» шаруа қожалығының жетек­шісі Виктор Мамаев өт­кен жылы бір кәсіпорыннан 8 мил­лион теңгеге минералдық тыңайт­қыш сатып алған. Жұм­сал­ған қаражаттың 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидия түрінде қайтарылуы тиіс бола тұра әлі күнге дейін 4 мил­лион теңгені даулаумен жүр. Айтуынша, даулы мәселе демеу қаржының ақпараттық жүйе арқылы беріле бастауынан шыққан. Атап айтқанда, цифрлы бағдарламаның дұрыс енгізілмеуі салдарынан осындай келеңсіздікке ұрынған. Жауапты органдарға жүгінгенімен, доп сияқты қақпақылдап, бір-біріне итере салған. 

Облыстық кәсіпкерлер пала­та­сының бөлім басшысы Айдос Кең­пейі­лов бағдарламаны Ас­та­на қаласындағы «Ақпа­рат­тық есеп­тік орталық» АҚ әзір­ле­ге­нін жеткізді. Озық технология арқылы шаруашылықтар жайлы деректер түрлі ведомстволардан алынып, бір орталыққа жинақталудың орнына бірқатар мәлімет бұрмаланып кеткен. Адамдардың аты-жөндері, пайдаланылатын жер аумағы қамтылмай қалған.

Бастама, талап жақсы-ау. Бірақ жүзеге асыру тетіктері жан-жақты ойластырылмағаны қын­­жы­лтады. Ауыл шаруа­шы­­­лығы министрлігінің тапсыр­масымен дайындалған жоба­ның жетілдіретін тұстары аз емес. В.Мамаевты әділет органын­­дағы бірыңғай базаға жеке тұл­ға орнына заңды тұлға етіп қосып қойған. 2007 жылы ал­ған бірыңғай сәйкестендіру нөмірі жаңа үлгіде тіркелсе деген ұсынысы да ескерілмеген. Осындай ағаттықтар салдары­н­ан онлайн арқылы өтініш берге­ні­мен әлі күнге дейін тіркеле ал­май отыр. «Қызылжар ауданы «Золотилин С.А.» шаруа қожалығының жер телім­де­рі жеке тұлғаның БСН-не рә­сім­­деліп кеткендіктен, демеу қар­­жы көзден бұлбұл ұшқан. Осы­лай­ша бірыңғай ақпараттық жүйеге мәлі­­меттер дұрыс орналас­ты­рыл­мағандықтан 84 солтүстікқазақ­стандық фермердің тиісті қаржы­дан қағылуына тура келген. 

– Мемлекеттік кірістер жө­нін­­дегі комитет «құпия ақ­парат» деген желеумен дерек­тер­ді беруден бас тартып отыр. Мұның өзі мәселенің ақ-қарасын жедел анықтауға кедергі келтіруде. Ауыл шаруашылығы тауар өн­ді­ру­шілері құқығының өрес­к­ел бұзылғаны жөнінде Бас прокуратураға шағым хат жол­дадық. Тіпті сотқа дейін арыз­да­нуға тура келетін шығар? Қалай десек те, мәселені аяқ­сыз қалдырмаймыз, аяғына дейін жеткіземіз, – дейді кәсіп­кер­лер­дің құқығын қорғау кеңесінің төрайы­­мы Инесса Қуанова. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Еgemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы