Қазақстан • 11 Наурыз, 2019

Баламалы энергетика саласындағы Қазақстан-Француз іскерлік қарым-қатынасы нығая түспек

1012 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

8 наурызда Францияның Канн қаласында Қазақстан күн энергетикасы қауымдастығы мен Франция ірі электр энергетикалық «Urbosolar SAS» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Баламалы энергетика саласындағы Қазақстан-Француз іскерлік қарым-қатынасы нығая түспек

Қазақстан Республикасының ресми мемлекеттік делегациясы құрамындағы Қазақстан Республикасының «Қазақстан күн энергетикасы қауымдастығы» Франциядағы ҚР-ның Елшілігі, «Kazakh Invest» АҚ, Францияның оңтүстігіндегі ҚР-ның Құрметті консулдығы және «MEDEF International» Француз кәсіпкерлерінің қауымдастығы ұйымдастырған цифрландыру және баламалы энергетика жөніндегі қазақстан-француз форумының жұмысына қатысты.

Мемлекеттік ведомстволардың, ұлттық компаниялардың және іскерлік салалық бизнес-қауымдастықтың өкілдерінен тұратын Қазақстан делегациясын ҚР-ның цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Дарын Тұяқов бастап барды.

«Қазақстан күн энергетикасының қауымдастығы» француздық кәсіби салалық аудиториясын күн электр станцияларын тұрғызу мен пайдалануға берудің табысты тәжірибесінің бірі болып табылатын BURNOE SOLAR-мен таныстырды. ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы электр стансасының жұмысын 2018 жылдың желтоқсан айында бастап берді, ал EMEA Finance беделді әлемдік қаржы басылымы Еуропалық қайта құру және даму банкіне өз марапатын тапсырды және Қазақстан Республикасында осы жобаны іске асыруда банктің елеулі қаржылық қолдауын бағалай отырып, осы инвестициялық жобаны «Күн энергетикасы саласындағы Шығыс Еуропадағы ең үздік мәміле – 2018» деп мойындады.

30-дан астам мүдделі қазақстандық сарапшыдан тұратын Қазақстан тарапы өз елінің инвестициялық мүмкіндіктерін («KAZAKH INVEST» АҚ), сондай-ақ Цифрлық технологиялар мен баламалы энергетика саласын дамытуды мемлекеттік қолдау және ынталандыру жүйесімен таныстырды (ҚР-ның энергетика министрлігі, «АХҚО» АҚ, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ).

Форумның жұмысы аяқталған соң, «Қазақстан күн энергетикасы қауымдастығы» мен «жасыл» экономика саласында жұмыс істейтін он үздік еуропалық электр энергетикалық компаниялардың бірі «Urbosolar SAS» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Қазақстан қауымдастығының басшысы Нұрлан Қапенов мырза мен француз компаниясының вице-президенті Поль Керинк мырза осы Форум мен қол қойылған келісім екіжақты жемісті экономикалық ынтымақтастықтпен бірге баламалы энергетика саласындағы озық технологиялармен алмасудың кезекті кезеңі болатынына сенім білдірді.

Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев мырза цифрландыру мен баламалы энергетика жөніндегі өткен қазақстан-француз форумын экономикалық әріптестікті табысты және тиімді дамытуға қажетті оқиға ретінде сипаттады.

Елші мырза 2019 жылдың екінші жартысына Франция президенті Эмманюэль Макронның жоспарлаған Қазақстанға сапары қарсаңында экономиканың түрлі салаларындағы сарапшылардың екіжақты кездесулері сауда және инвестициялық қатынастардың қосымша серпіні ретінде маңызды екендігін атап өтті.