Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Мақсат – қажырлы ұлт қалыптастыру

1048 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жиырма жылдың белесін бағындырған «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде халықтың әлеуметтік және экономикалық ахуалын жақсартуға бағыт алған жобаларға басымдық берілді. 

Мақсат – қажырлы ұлт қалыптастыру

Партияның Қарағанды об­лыс­тық филиалының атынан сай­ланған съезд делегаты ретінде мен «Нұр Отан» партиясының 2030 жыл­ға дейінгі бағ­дар­ламасын және партияның көш­басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стра­тегиялық бағыт-бағдарын толық қолдаймын.

Тәуелсіздік, өркендеу және сала­­­­матты да қажырлы ұлт қалып­­тас­тыру – партияның басты мақ­саты. Медицина қызмет­кер­лері­нің мәртебесі мен еңбек­ақы­сын көтеруге, денсаулық сақтау инф­ра­құрылымын дамытуға және бас­тапқы медициналық-сани­тарлық жәрдемнің сапасын арт­тыруға қол жеткізуге барынша ниетті екендігі де белгілі.

Осы съезде Елбасы денсау­лық сақ­тау саласын дамыту үшін қосым­ша 120 млрд теңге бөлуді тап­­сырды. Мені жекеменшік меди­цина ұйымының басшысы, партия мүшесі ретінде «Нұр Отан­ның» біздің медицинаның әлемдік жоғары стандарттарға сай болуын және қазақстандықтардың ден­сау­лық сақтау саласындағы ең үздік тәжірибелерге тең жағдай­да қолжетімділік мүмкіндігімен қам­тамасыз етілуін қалайтыны қуан­тады. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жас буынын да ұмытпай, оларды мамандықтары бойынша жаңа және озық кәсіп­терге ұдайы әрі сапалы оқыт­уды қолдайтыны тәнті етеді.

Бұл бағытта біздің облыста үл­кен жұмыс атқарылуда. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, биыл «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Теміртау қаласында емхана құрылысын бас­тайды. Қарағандыда 300 орынға арналған облыстық көп салалы клиника салу жоспарланған. Сонымен қатар биыл Жезқазғандағы ауру­хана қалашығы жөнделеді. Оның аумағында диагностикалық орта­лық, стоматология және балалар шипажайы ашылады. 

Қызметтік баспана беру мен еңбекақыны көтеру медицина кадрларына деген мұқтаж­дық мәселесі шешімін табуда. Облыста 2017-2018 жылдары 45 қызметтік пәтер беріліпті. Биыл 60-тан астам дәрігер баспанаға ие болмақ. Балқаш қаласында ме­ди­циналық колледждің 300 адам­ға лайықталған жатақханасы пай­далануға берілді. 

Елбасы тұрғындарға қол созым жерде орналасқан емханалар­дың ашылғанына айрықша көңіл бөл­ді. Облыста бұл мәселе жеке ин­вес­тиция тарту және мемлекет­тік-жеке­шелік әріптестігі механизмі ар­қылы шешіліп жатыр. Бүгінде Қарағандыда дәл осындай 2 емхана ашылды, алдағы уақытта бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем негізінде 4 емхана салынбақшы. 

Алдағы онжылдық партия үшін еліміздің гүлденуі жолында екпінді еңбек ететін кезең болмақ. Партия бағдарламасы аясындағы белсенді жұмыс еліміздің әрбір тұрғынының жайлы өмір сүруіне, өсіп-өркендеуіне мүмкіндік бере­тін бақуатты қоғам құруға игі ық­палын тигізері сөзсіз.

Борис ЗОРИН,

«Стоматологиялық бірлестік» ЖШС бас директоры, 

«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық  филиалы саяси кеңесінің мүшесі

ҚАРАҒАНДЫ