Аймақтар • 13 Наурыз, 2019

Дәстүрлі дінге бет бұрды

1195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының мамандары мен сарапшылары теріс діни ағымдардың жетегінде жүргендерді оң жолға бағыттау жөнінде кең ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді. Оның нәтижелері де айтарлықтай.

Дәстүрлі дінге бет бұрды

Айталық бүгінгі күні өңірде деструктивтік діни ағымды ұстанушалырдың арасынан 486 адам дәстүрлі ислам жолына бет бұрды. Бұған облыста құрылған ақпараттық-насихат топтары да тиісті ықпал жасағаны анық.

«Биылғы жылы талдау орталығы  мамандары мен аталған топ мүшелері діни сауықтыру жөніндегі атқарылатын жұмыстарды бірнеше бағыттар бойынша жүргізуді көздеп отыр. Осы орайда атқарылатын іс-шаралардың санынан гөрі, оның сапалық деңгейіне, мазмұндық әрі мағыналық қуатына баса назар аударылмақ», деді Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.

 Бұл бағыттарға сәл тереңдей түссек, адасу көп жағдайларда дін саласындағы құқықтық-сауаттылық деңгейінің төмендігінен орын алатынын көреміз. Сондықтан да ақпараттық топтар оңы мен солын ажырата алмай, адасып жүргендердің назарын осы мәселеге қарай аударғанды жөн көреді. Бұған дейін жұртшылыққа дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру ісінде де олқы соққан тұстар жоқ емес. Кейбір түсінбестіктер соның салдарынан туындағанын да жоққа шығаруға болмайды. Талдау орталығы мен ақпараттық топ мүшелері көңіл аударып отырған тағы бір бағы осындай.

Қалай дегенде де жат ағымның арбауында кеткендерді «қайтадан өз үйіріне қосуды» қамдастырғаннан гөрі, мұндай дерттің алдын-алу әлдеқайда тиімдірек. Келесі бағыт осы арнадан тамыр тартады.

Бұл бағыттар өңірде тұтастай діни ахуалды тұрақтандыруға өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.

Темір Құсайын,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ