Медицина • 14 Наурыз, 2019

Жұмыссыздық көрсеткіштерін жүйелеу қажет

1957 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жастар – бәсекеге қабілеттілікте ғана емес, адам капиталын дамытудың да шешуші факторы. Алайда, жастарға қатысты түйіні шешілмеген мәселелер аз емес. Соның қатарында жұмыссыздық та бар.

Жұмыссыздық көрсеткіштерін жүйелеу қажет

Ел халқының 18 млн 415 мыңға жеткенін ескерсек, жастардың үлесі 22 пайызды құрайды. Сол жастардың 2,3 млн-ы қалаларда, 1,7 млн-ы ауылдарда тұрады. Демек, елдегі барлық жас азаматтардың 43 пайызы, жалпы халықтың 9,2 пайызы – ауыл жастары. Бір сөзбен айтқанда жастардың үлесі қала және ауыл халқының мөлшерімен шамалас. Қазақстандықтардың 57,8 пайы­зы қалада тұрса, 42,2 пайызы ауыл­да тұрады. Жастар да солай. Дегенмен, ауыл жастары қалаға көптеп ағылып жатқаны жайлы жиі айтылады. Бірақ статистикаға қарасақ, ауылдағы жастардың үлесі азайғанға ұқсамайды. Сонда қалаға ағылып жатқан жастар қайдан келіп жатыр?! Масс-медиада жиі айтылатын «жетім бұрышта» тұратын жұмысшылар қайдан пайда болды?! Сауал көп. Ресми статистика мұндай азаматтар жайлы ләм-мим демейді. Бұл статистика мен нақты жағдайдың сәйкестігіне күмәнмен қарауға мәжбүрлейді. Биыл ақпан айында Парламенттегі Үкімет сағатында сол кездегі Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев елде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі соңғы 15 жылда 10 пайызға төмендегенін айтқан болатын. Нәтижесінде үш жыл бұрынғы 92 мың жұмыссыз жастың қатары 81 мыңға дейін төмендепті. Бұл жас­тар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,9 пайызға дейін азайғанын білдіреді. Бірақ бұл мәлімет ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген жастарға ғана қатысты болған-ау деп топшылаймыз. Себебі жұмыссыз жастардан бөлек NEET (Not in Employment, Educationor Training) санатына кіретін азаматтар да бар. Ондай топтың қалыптасқанын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 қаңтарда өткен Жастар жылының ашылу салтанатында айтқан болатын. 

Президент: «Қазір елімізде 300 мыңға жуық адам немесе жастар­дың 9 пайызы оқуға және еңбекке тар­тылмаған. Бұл санатқа жататын жас­тардың санын азайтуға септігін тигі­зетін тиімді шаралар қабыл­дау қажет», деген еді. Ал әлгі NEET санаты «жұмыс істемейтін, оқымайтын әрі жұмыс табуға тырыспайтын адам» дегенді білдіреді. Яғни, өз өмі­ріне салғырт қарайтын жандар. 

Еліміздегі жастардың 2 млн 100 мыңнан астамы еңбек күші ретінде бағаланады. Жұмыс күші ретінде қарастырылмайтын жастардың саны 1 млн 400 мың шамасында. Бұл 14-16 жас аралығындағы оқушылар, студенттер, мерзімді әскери борышын өтеп жүрген азаматтар. Ал еңбек күші саналатын 2 млн-нан астам жастың 1 млн 590 мыңдайы жұмысы бар азаматтар болса, 460 мыңдайы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Соңғы қатарға жеке кәсіпкерлер де, фрилансерлер де, ұсақ-түйек кәсіппен айналысып, қызмет көрсететіндер де кіреді. Енді оларға жұмыссыз ретінде бағаланған 81 мың жас азаматты қоссаңыз, жалпы саны 2 млн 100 мыңнан асады. Ресми статистика көрсеткішіне сәйкес келеді. Бірақ 2,1 млн еңбекке жарамды жастар мен еңбек күші ретінде есептелмейтін 1,4 млн азаматты қоссаңыз, 3,5 млн адам. Ал жалпы жастар саны 4 млн-нан асады. Демек, Елбасы айтқан 300 мың жас азамат жұмыссыз ретінде есептелмей қалғанға ұқсайды. Әрі 200 мыңға жуық жас азаматтың не істеп жүргеніне қатысты есеп жоқ болып шығады. Қарапайым арифметика осыны көрсетіп тұр. Ендеше, біз жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға қатысты мәсе­лені алдымен есеп-қисаптан жаңыл­маудан бастағанымыз жөн-ау. Онсыз мемлекеттің жастарға ба­ғыт­­талған саясаты дұрыс жүзеге аспайды. 

NEET санатына кіретін­дердің үлесі жағынан Қарағанды облысы көш бастап тұр. Аталған облыстағы жастардың 12 пайызы осы санатқа енеді. Сонымен бірге Түркістан облысы жастарының 11,8 пайызы оқуға және еңбекке тартылмаған. Антирекордтық үш­тікті Солтүстік Қазақстан облысы қорытындылайды. Теріскейдегі жас­тардың 10 пайызы оқуды да, еңбек етуді де қаламайтын немесе аталған процестерден тыс қалған жастар. Ал мұндай жастардың үлесі ең аз кездесетін аймақ Батыс Қазақстан об­лысы. Ондағы жастардың 3,3 па­йы­зы ғана осы санатқа кіреді. Шы­ғыс Қазақстанда бұл көрсеткіш – 4,6, Қостанайда 4,9 пайыз. Өзге ай­мақ­тардағы көрсеткіштер әртүрлі деңгейде. 

Ал ел бойынша 2018 жылдың ортасында NEET санатына кіретін жастар­дың үлесі 7,7 пайыз болса, биыл­ғы қаңтарда Елбасы 9 пайыз деген дерек айтты. Мұндайда жұ­мыс­сыздық мәселесін ауыл жастары мен қала жастарының арасындағы жағ­даймен салыстыру мүмкін емес. Жас­тар арасындағы жұмыссыздық­ты азай­ту үшін Елбасы айтқан 300 мың азаматтың мәселесін шешу бірін­ші орынға шығып тұрған жайы бар. Ал мамандар жұмыссыз жас­тар мәселесінің шешілуіне биылғы «Жас­тар жылы» себеп болатын шығар деген үміттерін жасырмайды.

Олжас БЕРКІНБАЕВ, саясаттанушы

Жастар арасындағы жұмыс­сыз­дықты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер деп қабылдау қажет. Себебі ел ертеңі жұмыссыздық мәсе­лесі­мен бетпе-бет келген жағдайда, ин­фантильді көңіл күйге тап болып, түрлі жайттардың орын алуы ғажап емес. Дегенмен, Қазақстан­да «Жастар жылының» жариялануы аясында біршама ірі жобалар қолға алынбақ. Оған мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан түрлі әлеуметтік бағдарлама­лар­ды қоса кеткен жөн. Мұның өзі жұмыссыздықты біршама азайтады. Дегенмен, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған­дай сананы жаңғырту – әр саналы жас­тың міндеті. Өйткені соңғы кездері шетелге кетуші жастар­дың саны да артып отыр. Жастар жайлы өмірді шеттен емес, өз елімізден іздеп, үлесін қосса дейміз. Осы жерде шетел­­ден келген үрдіс – фриланс мәсе­­лесіне назар аударсам деймін. Бәл­­кім біздің есеп-қисапта олар да жұ­­мыс­сыздар қатарына кіретін шығар. Бірақ қазір үйде отырып немесе қыдырып жүріп жұмыс істейтін қоғам өкілдерінен де зейнетақы жар­насы ұсталады. Сондықтан фрилансерлерді жұмыссыздар қата­рына қоспаған жөн. 

Айдар ХАМИТ, 

әлеуметтанушы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші сарапшысы

Ауыл жастарының негізін мек­теп оқушылары, өз-өзін жұмыс­пен қамтып жүргендер, үй шаруа­шылығында, шаруа қожалықтарын­да маусымдық жұмыспен немесе ұзақ мерзімді жұмыспен қамтыл­ған және жұмыссыз жастар құрай­ды. Ауылдарда қалыптасқан ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы саласындағы бірден-бір жұмыс беруші болып қалды. Мектеп пен медициналық мекемелер де жастарға азды-көпті жұмыс ұсына алады. Ауыл жастарының біразы сонда қызмет атқарады, бірақ олар ауылда көп қала бермейді, бар үміті қалада. Қазіргі әлемдік жаһан­дану мен урбанизация үрдістері нәтижесінде еліміздегі ірі қалалар дамып, жастарды тартып жатыр. Жастар ерікті де, еріксіз түрде де бұл процестің қатысушысына айналды. 
 

Ауыл жастары қалаға келгенде түрлі мәселеге кездесіп жатады. Яғ­ни, қалаға бейімделу, тұрақты жұмыс табу, баспана және өзге тұр­мыс­тық, әлеуметтік-мәдени мәсе­лелер көлденең шығады. Жастар­ға әлеуметтік лифт қызметін атқа­ратын тетіктер табу қажет болады. Сондықтан жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін кешенді қарас­тырған дұрыс. «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» және өзге де бағ­дар­ламалардағы олқылықтар мен кемшіліктерді ұдайы талдап, жұ­мыссыз жастар көп шоғарланған ай­мақ­тардан өндірістік, аграрлық өңірлерге көшуге ынталандыру тетіктерін жетілдіру назарда болуы тиіс. 

Амангелді ҚҰРМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»