Қоғам • 14 Наурыз, 2019

Айнұр Көкетаева: Шетелде жұмыс істеу қалыпты жағдай

1852 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде халықаралық аренада білімімен Қазақ­станды әлемге танытып, үлгі етіп жүрген жастар жетерлік. Со­ның бірі – Америкада ең­бек етіп жүрген отандасымыз, заң­гер Айнұр КӨКЕТАЕВА. Ол Амери­каға технологиялық ком­панияның жұмысқа шақы­руы бойынша отбасымен ар­найы кеткен. Қазақ қызын жұмысқа шақырған елдер­дің  қатарында Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты дамыған елдер де бол­ды. Айнұрмен АҚШ-тағы өмірі, қызмет бабы және жастар мәселелері туралы әңгіме­лескен едік.  

Айнұр Көкетаева: Шетелде жұмыс істеу қалыпты жағдай

– Айнұр, неліктен Америкада жұмыс істеу туралы шешім қабылдадыңыз? 

– АҚШ-та бәріне мүмкіндік жасалған. Адамның мүмкіндігі мен қабілеті анық көрінеді. Ел астанасында барлық музейге кіру тегін. Күн сайын музей аралауға, елдің мәдениетімен, тарихымен танысуға болады. Америкалықтар тәуелсіздігін ерекше құрметтейді, тіпті кішкентай жерлер немесе қалалардың тарихы туралы сағаттап айтуға дайын. Америкаға келгеннен кейін компания бізге жиһаздалған үш бөлмелі пәтер беріп, алғашқы пайызсыз қарыз алуға көмектесті. Бір сөзбен айтқанда, қолайлы жағдайдың барлығын жасады. 

– Елдегі білім беру жүйесі туралы не айтасыз?

– Америкада әртүрлі жастағы адамдарды бір партадан кездестірсеңіз таңғал­майсыз. Бірі белгілі бір кезеңнен кейін ма­ман­дығын ауыстырғысы келеді, ал бірі ман­сап сатысымен алға жылжуды қалай­ды. Бастысы, оқуды аяқтағаннан кейін на­рық­­т­ағы жағдай олардың бәріне бірдей, елде жұмыссыздық деңгейі төмен. Ғылым күн­нен-күнге қарыштап дамып келеді. Жан-жақ­ты зерттеулер мен ғылыми жұмыстар­ды әлемдік компаниялар қаржыландыра­ды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналы­са­тын студенттерге грант беріледі, бұл ға­лым­дар­дың жалақыларына әсер етпейді. ЖОО түлектері қаншалықты қызметке көп орналасса, оның абыройы соншалықты жо­ғары. Маман даярлаудың сапасы компа­ния тарапынан бағаланады. Компаниялар озық универ­ситеттегі студенттерді жұмысқа шақы­рады. Сондықтан оқу орындары арасында бәсеке күшті, сондай-ақ олар бітіруші түлектерге жұмыс табуда айтарлықтай көмектеседі. 

– Америкада ЖОО бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі қандай?

– ЖОО бітірген студентті бірден жұмыс­қа орналастыру маманға деген сұранысқа байланысты. Әлі күнге дейін IT, қаржы, медицина саласындағы мамандар жеткіліксіз. Бұл географиялық жағдайға да байланыс­ты. Мысалы, қаржыгерлер Нью-Йоркке, Бос­тонға, Чикагоға барғаны дұрыс. Ал Кали­­­форния IT, жұртшылықпен байланыс және әлеуметтік мамандарды қажет етеді. Қазір қарт адамдарға күтім жасау және қыз­мет көрсету нарығы белсенді дамуда. Осы арқылы қарттар құқығын қорғау бойын­ша заңнама дамиды. Қысқаша айтқанда, Амери­када жұмыс табу адамның қабілеті мен біліміне тікелей байланысты.

Сонымен қатар Америкадағы ЖОО мен компаниялар жас мамандарға оқу бітірген соң қосымша практика алаңында өз мүмкіндігін сынап көруге мүмкіндік береді. Тәжірибе уақыты – бір жыл. Бірақ Қазақстанда бұл бас­қаша. Еліміз америкалық ЖОО-ны тә­мам­даған студенттің қазақстандық ЖОО-ны бі­тір­ген студенттен айырмасы болатынын тү­сі­нуі тиіс. Егер Қазақстан бизнес пен экономи­ка­да әлем елдерімен бір тілде сөйлесуді көз­десе, «Болашақ» бағ­дарламасымен оқығандар үшін тәжірибе алаңын жасау қажет. 

– Қазір шетелге жұмысқа кетіп жатқан замандастарымыз өз елімізде де аз емес. Бұл жағдайды қалай бағалайсыз?

– Қазір барлық шекара ашық. Шетелдің мамандарымен байланыс орнатуға мүм­кін­дік мол. Аустралия, Канада, Жаңа Зелан­дия және экономикалық миграцияға қызы­ғушылық танытқан басқа да елдер өзге мемлекеттерден ақылы түрде маман алдыртады. Қазір Канада медицина мамандарын өзге ел­дер­ден алдыртуға ынта танытып отыр. Мен отандық мамандар үшін осы жолды дұрыс деп ойлаймын. Олар басқа елде өмір сүріп, өздерін нағыз маман ретінде танытып қана қоймай, жаңа нәрселер де үйренеді. Кез келген адам өзгелермен салыстыру арқылы өз еліне ең озық жаңалықтарды әкеледі. Жаһан­дық миграция – әлемдік кеңіс­­тіктегі таби­ғи процесс. Сондықтан қазақ­стан­дық мамандардың шетелде жұмыс істеуі қалып­ты жағдай деп ойлаймын.

– Қазір қоғамда «шетелде жұмыс істеп, күреп ақша табуға болады» деген пікір бар. Осы қаншалықты рас?

– Америкада тәжірибе өтілі бар білікті маманның жалақысы басқа елдердегі сияқты жоғары. Қазақстанмен салыстырғанда қыз­меткерлер мұнда жоғары жалақы алады, бірақ өмір сүру құны соған сай. Сондай-ақ қызметкерін белгілі бір индустрияға қатыс­ты оқытып, қайтарымсыз қар­жы­лай көмек те көрсетіп отырады. Егер қыз­мет­кер білім саласында еңбек етсе, онда жыл­жы­майтын мүлікке жұмсалған бірінші салым­ның жартысы жеңілдік болып саналады. Егер студент федеральды қаржы ресурстарынан несие алса, оқу бітіргеннен соң мем­лекеттік қызметте 5 жыл жұмыс істесе, бұл несие қайтарылмайды. Сонымен қатар діни орындар да қай дінді ұстанатыны­на қара­мастан, студенттерге көмек береді. Шіркеу­де бірнеше сағат жұмыс істегендерге белгілі мөлшерде оқуының ақысын төлеуге көмектеседі. 

Америкада адамдар жасына қарамастан үнемі ізденіс үстінде болады. Еңбек нары­ғында бәсекеге қабілетті болу үшін халық­ара­­лық сертификаттар алуға тырысады, ізде­­неді. Адамдар орта жолға келгенде өз­дері­­­нің мамандықтарын ауыстырып жатады. Мы­салы, архитектор заң факультетіне құ­жат тап­сыруы мүмкін. Ол тек архитектор не заң­гер бол­ғаннан гөрі қос мамандықты қатар мең­­гер­генде көп мүмкіндіктердің есігі ашы­ла­ты­нын жақсы біледі. Оның құрылыс пен ар­хи­­тек­тураға қатысты заң нормаларын шы­ғара­тын мемлекеттік қызметте істеуге мүм­кін­­дігі бар. Бір сөзбен айтқанда, еңбек нары­ғын­­дағы трендте бір-бірімен байланысты бір­­неше мам­ан­дықты меңгеру тұр. Амери­ка­да тіс дәр­і­гер­лері екі жыл сайын профессио­нал­­ды ли­цензия уақытын ұзарту үшін оқиды. Адам өзінің қабілетін үнемі жетілдіруі үшін оқуы керек. Бірақ бұл – мақсатсыз диплом­дар­­дың санын көбейту деген сөз емес. Жас­­тар­ға қиын­­­дықтардан қорықпаңыздар, тек алға жү­рі­­­ңіз­­­дер дегім келеді. Бар күш-жіге­р­ді өмір­лері­­ңіз­ді, қоғам­ды жақсартуға жұмсаңыз­дар. 

Әңгімелескен Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»