Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Екпе салғызу бөбектердің ауру-сырқауларының азаюына ықпалын тигізеді — ҚР бас педиатры

1012 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бала денсаулығын қорғау мәселесі медицинаның әлеуметтік-маңызды бағыты. Балаларды сапалы медициналық қызметтермен қамсыздандыру бойынша қандай шаралар қабылданып, қандай алдын алу жұмыстары жүргізіліп, қандай көрсеткіштерге қол жеткізілгені туралы PrimeMinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында еліміздің басты балалар дәрігері – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева айтып берді. 

Екпе салғызу бөбектердің ауру-сырқауларының азаюына ықпалын тигізеді — ҚР бас педиатры

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында ұлт саулығы — мемлекеттің басты басымдығы және табысты келешегінің негізі екенін атап өтті. Салауатты өмір салтын ұстану және аурулардың алдын алу мәдениеті ерте жастан басталады, мектепке дейінгі жас адамның дене және психикалық денсаулығының негізін қалыптастырудың шешуші мезгілі саналады.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Р. Боранбаеваның айтуынша, Қазақстанда соңғы 10 жылда балалар ауруларының төмендеу үдерісі байқалуда. Өткен 10 жылда балалар мен сәбилер өлім-жітімі екі еседен астамға төмендеген. Сонымен қатар, елімізде ауруларды түрлі даму сатыларында анықтау жүйесі жақсартылған.

«Ауру-сырқаулар құрылымында бірінші орында тыныс алу мүшелерінің аурулары, екінші орында – ас қорыту жолдарының және үшінші орында – қан аурулары тұр. Көптеген ауруларға диагноз қою жақсартылды, аутоиммундық және генетикалық ауруларды анықтау жетілдірілді. Осыған байланысты ауру түрлері өсіп келе жатқандай көрінеді, ал шындығында диагностикалау жұмыстары жақсартылып жатыр», — деп түсіндірді Р. Боранбаева.  

Дәрігердің айтуынша, халық денсаулығы 50% әлеуметтік фактілерге, 20% — генетикаға, 20% — экологияға және 10% — денсаулық сақтау жүйесінің ықпалына байланысты. 

«2016 жылдан бастап мектеп медицинасына Денсаулық сақтау министрлігі жетекшілік етеді. Дәрігерлер қолға алған алғашқы шара – мектептегі медицина қызметкерлерін оқыту, себебі бұған дейін олар жүйелі түрде оқытылған жоқ, сертификаттаудан өтпеген болды. 2 жылға жуық уақытта еліміздің мектепте жұмыс істейтін медицина қызметкерлері оқытылды», — деді Р. Боранбаева.

Бұдан өзге, Денсаулық сақтау министрлігі салауатты өмір салты орталықтарын құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Орталық қызметкерлері мектептерді аралап, салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысады.

Қауіпті жұқпалардың алдын алу және ескертуде міндетті вакциналау үлкен маңызға ие, ол кішкентай емделушілердің ауруханаға түсуі мен ұзаққа созылатын ауыр сырқат көрсеткіштерін төмендетуге ықпал етеді. 

«Бізде республикада вакциналауды насихаттау бойынша көлемді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екпе салумен қамту 95% құрайды, 2018 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 2 млн 800 мың балаға вакцина салынды, олардың 200 мыңнан астамы – жасөспірімдер», — деді дәрігер.

Оның айтуынша, түрлі наным-сенімдерге байланысты вакциналаудан бас тартатын ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

«Соңғы кездері кейбір ата-аналар екпелер салғызуға қарсы. Соған байланысты біз түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, себеі бұл – қате түсінік, вакцинадан бас тарту балалардың арасында қауіпті жұқпалардың таралуына ықпал етеді. 2018 жылы 5 мыңнан астам ата-ана оны қабылдамады. Жергілікті жерлерде дәрігерлер ұзақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы 3 мыңнан астам ата-ананы (еск. – вакциналаудан бас тартқандар) көндіре алды», — деді Р. Боранбаева.

Сонымен қатар, дәрігер Қазақстандағы педиатрияның даму перспективалары туралы айтып берді. 2018 жылы 208 жаңа педиатрлық учаске ашылған.

«Белгілі бір кезеңде педиатрлар тапшылығы байқалды, әрі барлығын педиатрлық учаскелермен толық қамтамасыз ету мүмкін емес, бірақ біз біртіндеп бұған қол жеткіземіз. Педиатрлық учаскелер саны жылдан-жылға артып келеді. Өңірлерде 2 мыңнан аса педиатрлық учаскелер жұмыс істейді. Өңірлер мамандардың даярлану деңгейіне қарай өздері де учаскелер аша алады, жалпы тәжірибелік дәрігерге 80-90% көшкен, оған көңілі толатын өңірлер де бар, себебі олар бұған сенім артады. Олардың ішінде – ЖТД-ге біліктілігін өзгерткен сол педиатрлар да бар», — деп түйіндеді Р. Боранбаева.