Медицина • 14 Наурыз, 2019

«Zhas Project» жобасы көптеген кәсіп көзін ашты

3806 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жұмыссыз жастардың үздік әлеуметтік жобаларын сынға салатын гранттық конкурсқа қазірге дейін 5508 жас қатысып, 1616 бірлескен жоба жеңімпаз болған. Яғни, осыншама жұмыссыз жас өз кәсібін бастап, бүгінде еңбегінің жемісін жеп отыр. «Zhas Project»-тің ең тиімді тұсы сол, әр жобаға миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат және әр қатысушыға алты ай бойы 40-60 мың теңгеден шәкіртақы беріледі.

«Zhas Project» жобасы көптеген кәсіп көзін ашты

Аталған жобаға 2017 жылы 2000 жас қатысып, 589 әлеуметтік жоба іріктеуден өткен. Былтыр қатысушылардың саны 3508-ке жетіп, 1027 әлеуметтік жоба ақшалай грант ұтып алған. Биыл қатысушылардың санын 3 мыңға, әлеуметтік жобаның санын 1100-ге жеткізуді көздеген ұйымдастырушылар 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында zhasproject.kz сайты арқылы өтінім қабылдайтындарын хабарлады.

«Жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылы Қарағанды, Алматы, Түркістан және Павлодар облыстарынан басталған еді. Өткен жылы жоба Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылды. Биыл Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын және Астана мен Алматы қалаларын қамтитын боламыз. Мақсатымыз – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, оларды пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыз жастардың санын азайту. Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Басымдық жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын және жұмыс істейтін табысы төмен адамдарға беріледі. Бір әлеуметтік жобаны 3-5 адам бірігіп дайындауына болады. Үш кезеңнен тұратын іріктеуден сүрінбей өткендер 1 миллион теңгеге ие болады да, алты ай бойы өз жобаларын жүзеге асырады. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орнын бітірген әр қатысушыға ай сайын 60 мың, басқаларына 40 мыңнан шәкіртақы төленеді. Жеңімпаздар 1 миллион теңгеге керекті құрал-жабдықтар сатып алады да, өз жобасы бойынша халыққа жарты жыл тегін қызмет көрсетеді. Алты айдан кейін қатысушылар құрал-жабдықтарды тегін өз иелігіне алып, кәсібін жалғастыра береді», дейді Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев.

Жастар корпусын дамыту жобасы басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова жоба аясында қаржылық қолдаудан бөлек, «Менторлық қолдау» атты жастарды оқыту бағдарламасы да бар екенін айтады. «Менторлар алты ай бойы жастарға жобаларын қалай жүзеге асыру, құжат жұмыстарын қалай жүргізу керектігін үйретеді. Яғни қатысушылар жобаларды басқару бойынша тренингтерден өтеді. Конкурс талабы бойынша өтінімдер жергілікті халыққа көмегін тигізетін әлеуметтік жоба болуы шарт. Бізде тігін шеберханасын, тіл курстарын, спорт залдары мен жылыжайлар ашқан, мал шаруашылығымен айналысқан жастар әлі күнге кәсібін табысты жалғастырып отыр. Қатысушылардың арасында мертігіп, ұзақ жыл төсек тартып жатқан Нұрболат Қарабасов есімді азаматтың мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобасы болды. Ақтөбелік бір азамат (атын айта алмаймын) істі болғаны үшін еш жерге жұмысқа орналаса алмаған. Былтыр жобаға қатысқан ол бүгінде аяқ киім өндіретін цех ашып, басқаларды да жұмыспен қамтып отыр», дейді Г.Ескендірова

9 жыл төсекке таңылған Нұрболат Қарабасов мүмкіндігі шектеулі Алмас Мұхажанов, Айнұр Әміралинова есімді достарымен бірге «Zhas Project»-ке 2017 жылы қатысады. Бүгінде жұбайымен бірге кәсібін жүргізіп отырған ол айлық табысын 300 мың теңгеге дейін жеткізген. «Жобаға өзімнің көптен қолым жетпей жүрген, шетелде қолданыста бар қоларбаға арналған электрлі жетекті ұсындым. Ұтып алған грантқа Қытайдан 4 құрылғы алдық. Жай қоларбамен күніне 5-6 шақырым жүрсек, электрлі жетек орнатқан соң сағатына 22 шақырым жылдамдықпен, ешкімнің көмегінсіз 30-35 шақырым жолды өтуге болады. Алты айға созылған жоба кезінде құрылғы 33 адамға жалға беріліп, 2000 шақырымға жуық жол жүрілді. Қазір  электрлі жетектердің саны 40-қа жетті. Талдықорған қаласы мен Сарыағаш ауданында орталығымыз жұмыс істейді. Сұраныс әр өңірден бар. Құрылғы қымбат болғандықтан сатып алуға әркімнің қалтасы көтермейді. Сондықтан айына 12 мың теңгеге жалға береміз. Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан болса, 30-40 мыңы қоларбада отырады екен. Қалаларда енді жақсарып келе жатқанымен аймақтарда қоларбада отырған адамдарға әлі мүсіркеп қарайды. Менің мақсатым – біз де қоғамның бір мүшесі екенімізді дәлелдеу болды. «Zhas Project» арқылы қаржылай қолдау көріп қана қоймай, кәсіпкерлікті жүргізудің қыр-сырын білдім», дейді жас кәсіпкер Нұрболат Қарабасов. 

«Жетісу 360» жобасымен Елбасы көзіне түскен Мейірхат Толқынов та Zhas Project жеңімпазы. Жобаға қатысқанға дейін шағын фото-видео студиясы бар ол бүгінде Алматы  облыстық Ішкі саясат басқармасының Техникалық бөлімінде жұмыс істейді. «Менің жобам 360 градустық цифрлы түсіру, яғни «3D тур» деп аталады. Жаңа бастаманы қолға алуда қаржылық жағынан кедергілер болған. Грантты ұтқан соң қажетті техникаларды алдым.  Оны әлі қолданып жүрмін. Жобаларыма қызыққан облыстық ішкі саясат басқармасы тұрақты жұмысқа алды. Қазірге дейін 19 музейді, екі табиғи қорықты түсірдім. zhetysu360.kz сайтын аштым», дейді М.Толқынов.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»