Бәрі дәл бүгінгідей есте. «Ағалап» келіп алдымнан шығып, жел тұрса «мен кеттім» деп тұра жөнелуге дайын қара шашын салалы саусақтарымен бір қайырып тастап, жезкөмейден шығатын жарқын даусына жұмбақтау бір рең жүгіртіп, өзгеге қызық, өзіне мінез қосатын пейілмен тосын сырдың тиегін ағытуға дайын ыңғайын көріп, құлақ пен күлкіні қатар делбеп, бір иығымды бейімдейтін едім. «Аға, осы мен көп адамға жақпайтын секілдімін, өзім жайсызбын ба, әлде сөзім жайсыз ба, әсіресе әкім-қаралар мен жақындағанда түлкібұлаңға салып, түрін өзгерте қояды. Соны көргенде желкемде жүрген жыным жаныма жетіп келеді де, садағы келген сөз-жебесін тартамын да жіберемін, осыған қалай қарайсыз?» дейді менен емтихан алып отырғандай жауап күтіп.
Оңай-ақ сұрақ сияқты, жауабын да жеделдеп бере салуға болатындай. Бірақ соңында салмағы, алмағы мен аңдамы, қауып түсер қармағы мен бүгулі бармағы бар сұрақ. Ойлана, талай жайды ойға ала жауап беруге тура келеді. «Меніңше, сені он адамның сегізі жақсы көреді, мүмкін екеуі жақсы көрмес, азшылық көпшілікке бағынған заң бойынша, жеңіс сенің жағыңда» деймін әзілге иық беріп. Әйтеуір мен сені жақсы көрем, өзіңді іні тұтқасын ба, сенің әр сөзің қаттаулы құпия, жаттаулы жария деп санаймын. Шындық деген ащы болатынын өзің де білесің, көзіңнен жас, көңіліңнен сора ағызады.
Жасаған адамды жаратқанда тәні мен жанын ретке келтіргенмен, мінезін пенденің өзіне берген дейді ғой дін дәргейлері. Рахымжан әдебиетке мінезбен келді. Ақындық мінезбен келді. Ашық аспаны кенет құбылып, бұлт басып, дауылдатып кететіні бар-ды. Сол мінезбен өзінің 7 баспатабақ өлеңін ақынжанды досының қанжығасына байлап жібергені де бар. Қайтып алмады. Әлгі досы содан танымал ақын болып шыға келді. Қырдан соққан қара желден теңселіп тұрған қарағайдай болған тұрқына қарасаң, иілгенмен сынбайтын еді.
Бір болған оқиға еске келе қалды. Рахымжан онда Астанадағы Ұлттық кітапхананың директоры болатын. Қараша айының басы. Қара суық, қара дүрсін жел. Осында өтетін шараға қатысу мақсатында келген Сауытбек Абдрахманов, Ұлықбек Есдәулет және мен сыртта әңгімелесіп тұрғанбыз. Анадай жерде шашы желден қобырап Рахымжан келе жатыр екен. Жалаңбас. Жанымызға келіп амандаса бергенде, Сауытбек: «Сөздеріне қарасақ билер сияқты» деді әзілге иық бергендей. Ұлықбек: «Түріне қарасақ киллер сияқты» деді ұшындырып. Рахымжан маған жалт қарады. Мен: «Жазғандарына қарасақ Шиллер сияқты» дедім. Рахымжан: «Аға, құтқардыңыз, рахмет» деп мені құшақтай алды. Ол тапқыр сөзге табынып өскен азамат еді. Әрқашан тауып айтатын, мінезі келгенде, кейде қауып айтатын. Оны қалың оқырман біледі деген ойдамын.
«Қазақтың қара сөзін бір кісідей құбылтамын, қойдай айдап, қораға қамаймын, маған сөзден түйін түю қиын емес, ойдан түйін түю қиын, қаламның кейде өзіңе де бағынбай кететін мінезін сіз де білесіз ғой, бірақ артында арамдығым жоқ, ақиқаты осы болар деп алысқа тартатыным бар, әйтпесе ұзында өшім, қысқада кегім жоқ, жер өртеп, ат шығаратын да адам емеспін. Айтсам тілім жазықты, жазсам қолым жазықты» дейді ол өзіне тән шешендігіне қол артып. Жазуын жазғанмен, әр шығармасына әдеп пен әділдіктің өлшемі, шындық пен ақиқаттың теңшемі қажет екенін терең ұғынатын талант екеуара сыр ағысында бұл тұрғыда айтарын талай рет ортаға салғаны бар.
Кезінде, әлі де, азаттық таңы шапағын түре қоймаған кезде Рахымжан «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Сол кездегі ұран да, ұрыс та айдынын алып қашқан Арал теңізінің тағдыры туралы өрбитін. Ақ дариға теңіздің екі бұрымы – Әму мен Сыры теңізге жетпей жұтылып, су басындағыға ұтылып, жоспар деген құтырып тұрған кезінде «Қазақ әдебиетінде» Рахымжан: «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген мақалалар шоғырын қоздатты. Су мен шу қатар ағып, қаламгердің қапысын тауып айтқан қос сөзі нақылдай нақышталып, ауыздан ауызға, қаламнан қаламға көшті.
Көпшілік нақылға айналған бұл тіркесті ауызда ойнатты, жария етіп жайнатты. Жас қаламгерге мақтануға тұратын жағдай еді. Тарихи әділдікке жүгінсек, бұл сөз – ақиқат сөзі болатын. Миллиондаған жылдық тарихы бар, кезінде Тетис атты ұлы мұхиттың шүңгүлі болған Көк теңіз – Кердері теңізі – Арал жағалауына жапырлай қонған талай елдің тағдыры да, ән-жыры да болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Құлындай тулаған қаязы мен сары бауыр сазаны бастатқан сан балықтың атасы да осы айдында дүрмеп көшіп, дүркіреп жосылып жататын. Ел айырылғанда еншімізден де қол үздірген Еділ бойы аштыққа душар болғанда кешегі көсемнің хатына он төрт вагон балық жіберіп, жалпыкеңестік жарияға жалпыұлттық еңбекпен жауап берген Арал еді бұл. Қазақтың несібесін қазанға салған қазына еді қарт теңіз.
Бірде, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, «кезінде Арал тағдыры – адам тағдыры» деп жазып, қалың елді үміт қанжығасына байлап қойғаным бар еді. Бірақ Аралдың орнына келмейтінін біле жүріп, елді елеңдетіп жазып, үмітін алдадым ба деп кейде ұялатын болдым. Сөз оңай, іс қиын екенін білетін жасқа келдік қой, соным қате, асығыстық болды-ау деп өкінемін. Көпті алдағандай болып, көп ұялатын болдым, бұған не дейсіз дегені бар-ды. «Арал тағдыры – аран тағдыры» болды деп күйзелетін қаламгер. Бұл да оның аузынан оқыста ұшып шыққан оқ секілді сөз болатын. Сөзі жүйрік, жазғаны сүйрік болатын.
Арал туралы сиырқұйымшақ сөз болса, қысыр мәжіліс түзілсе, Рахымжанның осы айтқаны есіме келеді де тұрады. Кешегі күнгі Жайық атты жанды судың, Қиғаш атты қанды судың, тепсініп келіп тебіскен, қылыш пен найза көріскен Тептердің бойын бірге аралаған кездерде, Сарайшықтың кешегісін жыл сайын шайып, ертеңінің ендігін кесіп бара жатқаны да әңгімеге тұздық болып, жазатын нәрсе көп, қазатын кім бар, айтатын нәрсе көп, алатын кім бар деп бірге тебіренген шақтарымыз да енді бәлду-бәлду бәрі өтірік секілді.
«Жазсақ осыны жазайық, қазсақ осыны қазайық, жағасында жүрсің ғой, қаламыңды қыса ұста» дегенмін. Кейінгі кезде осы сөзімізді тірілткендей болып, жақсы жаңалық Жайық бойын шарлап кетіп еді. Ойда жоқта Жайықтың бойы қырылған балықтың қырманы болып, ел елеңдеп, жергілікті жұрттың аузына бірде тиіп, бірде тимейтін қызыл балықтың да жүзден астам тоннасы пешке жағылып, көпшілік түтінге ысталып жатыр. «Өзіңе өзің бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» деген сөз еске түсіп, жұмбақтың жауабын таппай жалтақтап жатырмыз.
Сарайшықтың басында тұрып, оның болашағы туралы пайымды пікір, айымды сөз айтқан сәттеріміз дерекке дәт, жанға қуат болып еді. Айтылған сөз қағаз жүзінде қалмай, Жайықтың жағасы жарқын іске толса деп күтіп жүрміз. «Жиен ел болмас» дегендей, қаһарлы Грозныйдың жасағынан қирандыға айналған Сарайшықтың мөлдір көлінде жүзген ханшайымның алтын қайығын түптің түбінде табатын шығармыз деп сенеміз. Мұны сен көре алмай кеттің, Рахымжан. Бірақ рухың сезіп жатқан болар. «Анамды жұтқан Ақ Жайық осы» деп жағасында мұңайып тұрып сыр айтқаның да есімде. Енді Ақ Жайықтың жағасында өзің де жатырсың. Рухың анаңмен табысқан болар.
Рахымжан өмірінің соңғы жылдарында, әсіресе кейінгі бес жылда жанкешті жұмыс жасады. Бар уақытын жазуға, шығармасының түпқазық идеясын ширатуға, жаңа тақырыптарды игерудің терең тылсымына бойлады. Баспасөзде шыққан мазмұнды сұхбатында жары Сәуле де осыны баса айтқан екен. Асықты ма екен, әлде соңғы кездері жиі сыр бере бастаған жүрек жұмбағы қайтпас уақыттың қапысыздығын сездірді ме екен, қашанда суыт, асығыс, алаңшыл жүрді. Бірде Қытайға, бірде Еуропаға, енді бірде Атырауға ұшып бара жатады. Жоспары бастан асатын. Онысын жан-жақты ашып айта да бермейді, бірақ шығармашылық шамырқануы оның жүрдек жүрісінен анық байқалып тұратын.
Оның қаламынан туған тосын тіркестер мен үзік-үзінді ойлардың өзі оқырманның іздеп жүріп оқитын, оқып болып көңілге тоқитын туындыларына айналып жатты. Әсіресе «Жас Алашта» жарияланған қысқа да нұсқа, өткір де өміршең бірқақпайлары, төгіліп түскен тіркестері көптің көзін ашып, мақұлдап бас шұлғытты. Ащысы да бар, тұщысы да бар. Оқырман бірақ тұтас оқып, тұтас қабылдады. Заманға да, қоғамға да, адамға да өкпе-реніші де бой көрсетіп, Фариза апасы: «Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде» дегендей, тегеурінді таланты қайраттанып та, қамырығып та қалатыны байқалатын.
Рахымжанның қазақ прозасындағы қолтаңбасы – айшықты, өзгеге ұқсамайтын қолтаңба. Оның шағын әңгімелерінің өзі үлкен әдеби жанрдың жүгін көтеріп, әлеуметтік-тұрмыстық, адамгершілік-имандылық, азаматтық-салауаттылық мәселелерін тереңнен қозғап, оқырманның көңіл пердесін ашып, қарапайым өмірдің аса күрделі ағыстарын танытып, ойлантып, кейде опындырып отыратын. Төгілген тілдегі өрілген тіркестерді былай қойғанда, оның астарындағы юмор мен сарказм, күлкі мен көз жасы, шарасыздық пен шалдуарлық қасиеттер туындыларының тегін жазылмағанын жайып көрсететін.
Әлеуметтік пен әлеуеттілік, әулекілік пен әумесерлік секілді бір-біріне қоңсы қона бермес жайттар оның қаламында авторлық ремаркада ажарын ашып, адам мінезінің сан алуан құбылыстары қоғам өміріндегі келеңсіз көріністерді көз алдыңа әкеліп, қаламгерлік шеберлігі тәнті етіп отырады. Қазақтың сөзін қолындағы алтын сақадай үйірген жазушы алған тақырыбын аша алатын қалам қуатына ие еді. Оның прозалық шығармалары шыншыл болмысымен, драматургиялық туындылары ақиқатшыл мінезімен, публицистикасы азаматтық келбетімен танылды. Кезінде Елбасымыздан алған: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сұхбаты мемлекеттік тілді дамыту үмітіндегі үзеңгі көзқарас болған еді.
Әдетте, жазушының ерекшелігі неде деген кезекші сұрақ көлденең тартылады. Біріншіден, ол ерекше тілді жазушы. Көркем әдебиеттің қозғаушы күші де, оқырманды баурайтын құпиясы да осында жатыр. Яғни, тілдік фактажы орасан ауқымды әрі шұрайлы. Екіншіден, қоғам мен уақыттың тынысын тап басып танып, оның жүрек соғысын дәл айқындай алатын қаламгер болатын. Үшіншіден, оның шығармаларындағы астар мен уытты тұспал жұртшылықтың жанды жеріне тиеді. Тұщы етке ащы таяқтың тигеніндей болмыс танытатын туындылары тұсаусыз төгілетін. Төртіншіден, әлеуметтік әділетсіздік пен азаматтық әлсіздік тақырыбы ашық позицияда бой көрсетіп, проблемалық параллель қоғамның рухани портретін ашып көрсететін. Бесіншіден, оның әрбір шығармаларындағы үстірт қарағанға жеңіл әзіл, уытсыз күлкі болып көрінетін бейімбеттік сарказм пенделіктің пердесін ашып тастайтын. Алтыншыдан, әуелде әдебиетке ақын болып келген қаламгердің ақындық болмысы әлі де өз орбитасын тастап шықпай, шеберлік шеңберінде шырқ айналып жүретін. Жетіншіден, ол көп ізденіп, көп оқып, талай теңді ақтарып, тарихат пен ақиқаттың ара жігін аша алатын. Әдеби дискуссияға түскенде мүйізі қарағайдай, тарих пен шежіренің майталманы болған көрнекті қаламгердің де ауып түскен алаңын, таппай түскен таланын, әдеби плагиаттыққа бір табан жақын барған сәттерін қара жіпке ақ моншақ тізгендей етіп дәлелдеп бере алатын әдеби қуаты болатын.
Рахымжан мемлекеттік сыйлық алу додасына үш рет түсті. Екінші бір түскен сәтінде, көрнекті қаламгер ағамыз Бексұлтан Нұржекеұлы бәйге алған жылы, оның шығармасы туралы өз ойымды айтып, қолдау көрсеткенім бар. Бірақ жасырын дауыс жібермеді. Соны біреуден естіген Рахымжан: «Аға, менің шығармам туралы жоғары жаққа айтқаныңызды естідім, сізге екі дүниеде разымын» деп ағынан жарылғаны бар. Жалпы, Рахымжан ақжарылқап азамат еді.
Жеңіс тек қана соғыста емес, бейбіт күнде де болады. Жеңістің қадір-қасиетін түсінген Қасымғали ағамыз ұлына Рахымжан деген есімді бекерден-бекер бермеген болар. Аға Рахымжан Рейхстагтың төбесіне жеңіс жалауын қадап еді. Асыл ағамыздың ардақты атын Рахымжан да биікте ұстады. Іні Рахымжан бейбіт заманда тіл биігіне ту тікті! Оның тіккен туы қазақ көркем сөзінің асқар биігінде желбіреп тұр. Желбірей де береді. Ойлы оқырманы, қара орман қазағы тұрғанда рухы биік Рахымжанның әдеби биігі аласармайды.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты