Өткен жылы Ақтөбе облысында 1722 отбасының шырқы бұзылған. Бұл 6 мыңнан астам бала отбасындағы өзара сыйластық пен рухани құндылықтарды жоғалтып, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқанын айғақтайды. Сондықтан татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығынын азайту, халықтың дауды (жанжалды) соттан тыс реттеуге қызығушылығын арттырудың маңызы зор.
Аталған жобаны жүзеге асыру алгоритмі белгіленді. Осылайша, сот кеңсесіне талап-арыз берілгеннен кейін дауды татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы шешу ісі татуластырушы судьяға бөлінеді. Осыған байланысты сот тараптарға алдын ала оларды қолдану түрлері мен артықшылықтары түсіндірілген хабарлама жібереді. Осы ретте тараптарға бекітілген үлгі бойынша дереу шақырту хаттары жолданады.
Ақтөбе қалалық сотында бұл жоба 2018 жылдың 10 мамырынан басталды. Рәсім «Соттағы татуластыру рәсімдері» қанатқақты жобасын іске асыру шеңберінде жабдықталған кең әрі жайлы кабинеттегі дөңгелек үстел басында өткізіледі. Бейтараптылық, құпиялылық, еріктілік пен тараптардың құқықтық теңдігі медиация рәсімін қолданудағы басты қағидаттар саналады.
Ашығын айтқанда, қазір отбасылық құндылықтар төмендеп, оған ерекше назар аударылмайтындығы байқалады. Ең алдымен, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген ізеті, құрметі, ағайындығы, туыстық қарым-қатынастардың беріктігі маңызды.
Мәселен, ажырасуға арыз берген бір келін өз шағымында күйеуінің сөзін көтере алмай, екі кішкентай баласын алып төркініне кетіп қалып, төрт ай өткеннен кейін, жолдасы соңынан іздеп келмеген соң, некені бұзу туралы шешім қабылдаған. Кейіннен тараптар татуласу рәсіміне шақырылғанда әйел «мінезіміз жараспайды, куйеуім жиі балағаттайды» деген уәж айтқан. Шын мәнінде, әлгі әйелдің үй жинамайтындығы, тамақты уақытында әзірлемейтіндігі, ыдыс жуылмай тұратындығы, интернет желісінде көп отыратындығы, ұялы телефонмен таң атпай құрбыларымен сөйлесіп, уақыт шығындайтыны, тағы басқа жағдайлар күйеуінің ызасын келтіретіндігі анықталды.
Әңгімелесу барысында талап қоюшыға осы жағдайлар айтылып, ақыл-кеңес, ұсыныс берілді. Нәтижесінде ол өзінің істеген қылықтарына сын көзбен қарап, өзінікі дұрыс еместігін мойындады. Нақтылай айтқанда, ол жолдасынан кешірім сұрап, балалары үшін әкесінің орны бөлек екенін, өзімшілдіктен жолдасын сыйламай, қадірін білмей жүргенін, құрбыларының сөзіне еріп, қателікке бой алдырғанын жеткізіп, өз ісіне қынжылды. Осылайша тараптар дер кезінде отбасын сақтап қалу туралы шешім қабылдады...
Негізінде, сотқа келген тараптардың психологиясына қарап, олардың арадағы түсінбеушілікке байланысты болмыстары қатты өзгеріске ұшырағанын байқауға болады.
Үш-төрт айға дейін созылатын кейбір сот талқылауларына қарап, сотқа дейінгі татуласу тараптарға әуре-сарсаңға түспеуге, уақытты үнемдеуге және қорғаушы қызметіне төленетін, соның ішінде сотқа жүгінуге байланысты шығындарды үнемдеуге, бастысы, тату қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік беретінін анық байқауға болады.
Тағы бір айта кетер жайт, татуласу рәсімдерінің қатысушыларына жоба туралы өз пікірлері мен медиацияны дамыту бойынша ұсыныстарын білдіретін тиісті сауалнама өткізіледі. Соның нәтижесінде татуласқан жандар шын ниетімен алғыстарын айтып, осындай жобаны жүзеге асырғаны үшін Жоғарғы сотқа ризашылықтарын білдіріп, татуластыру қызметін «өте жақсы» деп бағалап жатады.
Қорыта айтқанда, аталған жоба соттардағы татуластыру рәсімдерін дамытуға жаңа серпін беретіндігіне және дауды бітімгершілік арқылы шешуге үлкен ықпал ететіндігіне сенімім зор.
Айгүл АБДУЛЛИНА,
Ақтөбе қалалық сотының судьясы