03 Шілде, 2012

Қазақстан – ШЫҰ негізін қалаушы мемлекеттердің бірі

4830 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан – ШЫҰ негізін қалаушы мемлекеттердің бірі

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:34

Тәуелсіздік дипломатиясына – 20 жыл

ШЫҰ аясындағы өзара әрекеттесу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Оған ШЫҰ-ның құрылуы, қалыптасуы және дамуына қосқан қомақты үлесі айқын дәлел.

 

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:34

Тәуелсіздік дипломатиясына – 20 жыл

ШЫҰ аясындағы өзара әрекеттесу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Оған ШЫҰ-ның құрылуы, қалыптасуы және дамуына қосқан қомақты үлесі айқын дәлел.

Бүгінгі күні Шанхай ұйымы­ның құрылғанына он бір жыл тол­ғанына қарамастан, жалпы «Шанхай үдерісіне» жиырма жыл толды десек қателеспеспіз. Олай дейтін себебіміз, 1992 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Минск қаласында бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттер – Қа­зақ­стан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Қытай Халық Рес­публикасымен шекара мәселеле­рін реттеу туралы Бірлескен комиссиясы құрылған болатын.

Аталған комиссия мүшелерінің қытайлық әріптестерімен бірігіп атқарған еңбегінің нәтижесінде 1996 жылы Шанхайда Шекара ма­ңында сенім шараларын нығайту туралы және 1997 жылы Мәскеуде Шекара маңында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісім­дер­ге бес мемлекеттің басшылары қол қойды.

Бұл құжаттардың ерекшелігі – олардың Азия құрлығындағы сая­си-әскери саладағы бұрын-соңды болмаған теңдесі жоқ сипатында. Келісімдерге қол қою арқылы бұ­рынғы КСРО мемлекеттері және ҚХР арасындағы шекарада сенім шараларын нығайтып, жүз шақы­рым­дық аймақта қару-жарақ пен әскери техниканы қысқартуға қол жеткізілді. Қауіпсіздік саласын­да­ғы бұл уағдаластықтар өңірдегі мемлекеттердің бар назарын өз эко­номикалық даму және халқы­ның әлеуметтік жағдайын көтеру мә­селелеріне шоғырландыруға мүм­кіншілік берді.

1998 жылы Президент Н.Ә.На­зар­баев алдында өткен мемлекет бас­шылары деңгейіндегі екі кез­десудің нәтижесін назарға ала отырып, келесі кездесуді Алматы қала­сында өткізу туралы бастама көтер­ді. Бұл отырыстың «Шанхай бесті­гінің» құрылымдық негізін қалауға қосқан үлесі ерекше. Өйткені, Алматыда бес мемлекет­тің басшылары Орталық Азиядағы және жалпы Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақ­тас­тықты нығайту мәсе­ле­лерін қарас­ты­ру мақсатында тұрақ­ты негізде сарапшылар, сыртқы істер ми­нис­тр­лері, үкімет және мем­лекет басшылары деңгейіндегі кездесулерді өткізу туралы келісімге келді.

Бұдан кейінгі үш жыл ішінде аталған пішіндерде өткізілген іс-шаралардың ерекше сенім атмосферасына негізделе отырып, 2001 жылы 15 маусымда Шанхай қала­сында өткізілген кезекті саммит аясында бұрыннан «Шанхай бесті­гі­не» кірген Қазақстан, Қытай, Қыр­ғызстан, Ресей және Тәжікстанға Өзбекстан қосылып, Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымының құрылуы туралы мәлімдеме қабылданды.

Сөйтіп, Елбасының дәйекті сая­сатының арқасында бұрынғы Ке­ңес Одағы мемлекеттері мен ҚХР ара­сындағы қатынастар шекара мәсе­ле­сі бойынша тайталастан жасам­паз­дық жолына түсіп, өзара сенімді арттыруға және Еуразия құрлығында көп салалы ынты­мақ­тастықтың жаңа үлгісін қалып­тастыруға түрткі болды. Ал «Шанхай бестігі» XXI ғасырдың басында ШЫҰ кеңісті­гіндегі қауіпсіздік, тұ­рақ­тылық және халықтардың әл-ауқатын өсіруді мақсат ететін толық­қан­ды халық­аралық ұйымға айналды.

Бүгін ШЫҰ сол кезде мемлекет басшылары қабылдаған саяси кө­ре­ген шешімінің арқасында аймақ­тағы маңызды геосаяси факторға айналды. Ол жан-жақты халық­ара­лық ынтымақтастыққа бағыттал­ған, әскери блок немесе альянс болуды көздемейтін ашық бірлестік болып табылады. Қазіргі таңда Ұйым өз жұмысында үш басты ба­ғытты – ШЫҰ кеңістігінде қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, эконо­ми­ка­лық және мәдени-гуманитарлық әре­кеттесуді дамытуды мақсат етеді.

Бүгінгі күні Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы, географиялық және демографиялық тұрғыдан қара­ған­да, ШЫҰ жанындағы байқаушы және үнқатысу бойынша серіктес-мем­ле­кет­терді қосқанда Еуразия мегақұр­лығының үштен екі бөлігін және әлем халқының жартысын қамтыған ірі құрылым болып табылады. Ұйым­ның қызметіне басқа мем­лекеттер мен халықара­лық ұй­ым­­дар тарапынан қызығушылық мол.

2011 жылы 15 маусымда Астанада ШЫҰ құрылуының он жыл­дығына арналған мерейтойлық саммит өткені мәлім. Ұйым үшін осындай маңызды іс-шараның біз­дің елімізде өтуі – Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың халық­ара­лық сахнадағы жоғары беделі­нің, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның құрылуы мен қалып­та­суы­на қосқан ерекше үлесінің нәти­жесі екені, сондай-ақ Қазақ­стан­ның саяси, демократиялық, әлеу­мет­тік-экономикалық, индустрия­лық және мәдени-гуманитарлық да­муда қол жеткізген қомақты же­тістіктерін мойындау болып табылатыны айғақ.

Саммитті өткізердің алдында Қазақстан тарабы бір жыл бойы ШЫҰ-ға төрағалық етіп, Ұйым аясында 120 маңызды іс-шаралар өткі­зіп, бұрын-соңды болмаған жетіс­тіктерге қол жеткізді. Осы мерзім ішінде атқарылған жұмыс­тың ар­қа­сында мемлекет басшы­ларының оты­рысына Қазақстан та­рабының тікелей басшылық етуінің арқа­сын­да терең мазмұнды, сали­қа­лы құ­жат­тардың топтамасы дайындалды.

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы он жылдығының Астана декларациясында өткен кезеңде атқа­рыл­ған жұмысы сарапталып, келешекке деген бағыт-бағдар белгі­лен­ді. Отырыста ШЫҰ он жыл ішінде халықаралық және аймақ­тық жағдайдың терең өзгерулеріне қарамастан, өзін тату көршілік, достық және серіктестік қатынас­тар­ды тереңдетудің маңызды тетігі, сондай-ақ түрлі өркениеттер ара­сындағы үнқатысудың үлгісі, ха­лықаралық байланыстарды демо­кра­тияландыруға бағытталған дү­ниежүзілік талпыныстардың бел­сенді факторы ретінде көрсете білді деп қорытындыланды.

Елбасы осы отырыста сөйлеген сөзінде Қазақстанның ШЫҰ ая­сын­дағы өзара әрекеттесуге мүд­де­лілігін тағы да баса айтып, Ұйым­ның жұмысын одан ары жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан басшысы ШЫҰ жұмысына жан-жақты талдау жасап, жалпы өзінің оң бағасын берді және Ұйымның келешектегі ба­сым­дықтарын қазіргі заманғы түр­лі қауіп-қатерлердің алдын алуға бағыттау қажеттілігіне тоқталды.

Ұйымға мүше мемлекеттер сарапшылары Қазақстан басшы­сы­ның Аумақтық және өңірлік дауларды шешу жөніндегі кеңесті, ғалам­тор­да­ғы қылмыскерлікпен кү­рес жөнін­дегі «Киберпол» секілді арнайы органды, ШЫҰ Бол­жамдау ор­та­лы­ғын, Көліктік-инфрақұры­лым­дық ин­теграция жөніндегі ко­ми­тетті және Су-энергетика коми­тетін құру туралы саммитте жасаған тың бастамалары стратегиялық сипатқа ие еке­нін айта келіп, мұның бәрінің Ұй­ымның одан ары ны­ғаюына ерекше маңыз беретін кө­регендік ұсыныстар болып табылатынын атап көрсетті.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың ме­рейтойлық саммитте: «ШЫҰ-ның бірегейлігі мен тартымды­лы­ғы­ның себебі өзінің саяси-дип­ло­матиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икем­деу­дегі қадам­да­ры­на байланысты. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әр­түрлілігіне қа­ра­мастан, тең және бірдей дауысқа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиетті әлемде қызығушылық тудыруда. Сон­дықтан да әлем біздің Ұйы­мы­мыз­дан үлкен үміт күтеді», – деген тұжырымын ШЫҰ қызметінің тобықтай түйіні деуге келеді.

Сыртқы істер министрлігінің басты міндеті – екі жақты негізде және Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы іспеттес көпжақты құрылымдар аясында Елбасының сыртқы саяси бағытын іске асыру, Қазақстанның егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақ­тық тұтастығын және шекаралары­ның мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қаты­нас­тар­дағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-эконо­ми­ка­лық және өзге де мүдделерiн дип­ломатиялық құ­рал­дар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Шахрат НҰРЫШЕВ,

Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) қызметі мәселелері жөніндегі  ұлттық үйлестіруші, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмаларжөніндегі елшісі.

Соңғы жаңалықтар

Бал ашып байығандар көп

Қоғам • Бүгін, 18:17