Бұдан кейін Елжан Біртанов Жаңаөзен қаласындағы гемодеализ орталығына барды. Емхана мемлекеттік- жекеменшік әріптестік негізінде жеке әріптес «Клиника Эндохирургии» ЖШС инвестициялары есебінен - 51,0 млн. теңге сомасына құрылған. Орталық заманауи аппараттарымен жабдықталған, бұнда созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін адамдарға амбулаториялық гемодиализдік көмек көрсетіледі. Бұрын бүйрегі ауыратындар облыс орталығына барып емшара қабылдайтын, ендіжаңадан ашылған орталық Жаңаөзен тұрғындарының сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Министр №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігерлерінің жұмысымен танысты. Онда цифрлы бағдарламалар аясында жасалған ақпараттық жүйенің жұмысы мен мобильді қосымшаның жұмысын көрді. Сондай-ақ, амбулаториялық карталарды қағазсыз жүргізу және диагностикалық зерттеулер деректерін қала тұрғындарының электрондық денсаулық паспорттарына енгізу жұмыстары жолға қойылғанын атап өтті.
Емхананың медицина қызметкерлерімен шағын кездесуде Министр Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы жаңалықтарына баса назар аударды.
Министр барған келесі нысан қалалық аурухана болды. Онда қазір мұнай мекемелерінің демеушілігімен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл жұмыстар 2020 жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға берілетінін жеткізді.
Сапар барысында Министр Қарақия ауданына қарасты Жетібайдағы селолық емхананы да назардан тыс қалдырмады. Ауылдық емхана болса да цифрландыру бойынша түсіндірме жұмыстары жақсы жүргізілген. Жергілікті халық ұялы телефондағы қосымша арқылы дәрігерге жазылып, уақытын үнемдей алады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы