17 Наурыз, 2019

​Қазақстан делегациясы Брюссельде өткен Сирия бойынша конференцияға қатысты

891 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Брюссельде өткен Сирия мен аймақты қолдау жөніндегі үшінші конференцияға қатысты.

​Қазақстан делегациясы Брюссельде өткен Сирия бойынша конференцияға қатысты

Конференцияға Сирия дағдарысының саяси, гуманитарлық және аймақтық даму сияқты негізгі аспектілерін талқылау үшін 57 ел және 20 халықаралық ұйымның жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

Конференция халықаралық қауымдастықтың Сирия халқын қолдау жөніндегі күш-жігерін одан әрі жұмылдыруға және Сирия дағдарысының берік саяси шешіміне қол жеткізуге бағытталған.

Қатысушылар сириялықтарға және сириялық босқындарды қабылдайтын елдерге қатысты ең маңызды гуманитарлық мәселелер мен тұрақтылық мәселелерін қарастырды.

Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могерини 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарын қабылдаудың мақсаты Сирияда инклюзивті басқаруды құруға бағытталған БҰҰ қолдауымен сириялықтардың өздері жүзеге асыратын және басқаратын саяси процесс болып табылатынын атап өтті. Бұл қарар жаңа конституция жобасын құрудан бастап БҰҰ бақылауымен еркін және әділ сайлауға дейін бірқатар қадамдарды қарастырады.

«Мен Астана процесінің үш кепілгерін Конституциялық комитетті құруды және қамаудағы адамдарды босатуды қамтитын тараптар арасында сенім құру жөніндегі шараларды қолдауды өтіндім. Сириялық дағдарыстың оң шешілуіне қол жеткізу үшін барлығымыз бас қосып, үлкен жұмыс атқаруымыз қажет», - деп атап өтті Ф. Могерини.

Өз сөзінде М. Тілеуберді осы жылдың сәуір айында Астанада Сирия бойынша Астаналық процестің 12-ші раунды өтетінін айтты. Астанада қол жеткізілген келісімдерді іске асыру шеңберінде Сирия Үкіметі мен қарулы оппозиция арасында 2018 жылғы 24 қарашада және 2019 жылғы 12 ақпанда жүргізілген ұсталғандармен табысты алмасуы қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді нығайту шараларын әзірлеудегі маңызды қадам болып табылатынын атап өтті.

Қазақстан дипломаты еліміздің Сириядан елге 47 азаматын қайтару бойынша «Жусан» операциясының сәтті өткізілгенін атап өтіп, сондай-ақ 2012 жылы Қазақстан Үкіметі салған қазіргі Әл-Фараби орталығы негізінде Дамаск қаласындағы мәдени орталықты құру туралы еліміздің ниетін жеткізді.

Конференция қатысушылары халықаралық қауымдастықтың Сирияның көрші елдеріне, атап айтқанда Ливан, Иордания, Түркия, Ирак және Мысырға саяси және қаржылық қолдауын растады. Конференция қорытындысы бойынша донор елдер 2019 жылы 6,2 млрд. еуро, сондай-ақ 2020 жылы 2,1 млрд. еуро көлемінде Сирия мен босқындарды қабылдайтын көрші елдерге қаржылық көмек көрсетті.

Конференция қорытындысы бойынша тең төрағалар конференция қатысушыларының Сирия қақтығысын бейбіт жолмен реттеуге және Сирия халқына жан-жақты қаржылық және әлеуметтік қолдау көрсетуге бейілділігін қолдайтын декларация қабылдады.