Көрме • 01 Мамыр, 2024

18 елдің басын қосқан көрме

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

EXPO халықаралық көрме орталығында төрт ауқым­ды іс-шара өтті: IV Ondeu EXPO өңдеу өнеркәсібі, V Kazakhstan Machinery Fair машина жасау және металл өңдеу, XIII Su Arnasy – Water Expo су индустриясының және III Chem Tech Kazakhstan химия өнеркәсібі бойынша халықаралық мамандандырылған көрмесі мен конференциясы. Көрмеге 18 мемлекеттен 250-ден аса компания жиналды.

18 елдің басын қосқан көрме

Фото: liter.kz

«Биыл келушілер ұсынған өнім көлемі былтырғыға қарағанда ауқымды. Көршілес және өзге мемлекеттерден келген компаниялар әдеттегідей машина жасау мен металл өңдеу, су индустриясы мен химия өнеркәсібі саласындағы жаңа әрі заманауи технологияларын ұсынды. Сондай-ақ металл өңдеу, дәнекерлеу жабдықтары мен материалдары, аддитивті технология­лар, өнеркәсіптік 3D басып шығару және роботтехника да бар. Әсіресе Қытай, Ресей, Германия елінен әкелген өнімдерді көптеп көруге болады», дейді жоба менеджері Нұржан Төремұратов.

Көрмеге қатысушылардың бірі – «Force Machinery» ЖШС. Аймақтық директор Мырзабек Жолдыбаевтың айтуынша, компанияның нарыққа шық­қанына 12 жыл толған.

«Өзбек­стан мен Қырғыз­станға да өнім жібереміз. Ком­пания көбіне-көп медицина және басқа да өндірісте қол­данатын оттегі және азот гене­раторы, яғни кәдімгі ауа­­дан от­тегіге айналды­ру құрыл­ғы­сын дайындайды. Сон­дай-ақ қосалқы жабдықтар да шы­ға­ды. Қа­зір елдегі ауруха­налардың бар­лығында оттегі стансалары бар, бірақ ұқыпты пайдаланбайды. Дұрысы, оны қолдануды, күтіп-ұс­тау керек­тігін түсінбейді. Фильтр немесе басқа да сұйықтықтарын ауыстырып отыру керек. Әйт­песе ол аппарат таза оттегі бөлмейді. Біз бұған да қызмет көрсетеміз. Серіктестіктің Алматыда екі, Шымкентте бір филиалы бар. Алда Астана қаласында бір бөлімше ашу жоспарланып отыр», дейді «Force Machinery» ЖШС ай­мақ­тық директоры.

Елдегі су желілеріне ең қажетті өнімді шығаратын компаниялардың бірі, Қара­ғанды қаласынан келген «Kaspy Group» серіктестігі де көрмеде өз тауарларын көрсетті.

«Еуропалық стандартқа сай, диаметрі 125-тен 1 000-ға дейінгі құбырларды өндіреміз. Өнімнің негізгі құрамы – полипропилен. Тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттағы ауызсу немесе кәріз су жүйелеріне арналған бірден-бір өнім десек артық айтпаспыз. Жер астында сақталуға шыдамды, тозу деңгейі 60-70 жылға дейін жететін өнімдер ТМД елдеріне де экспортталады», дейді компания директоры Асхат Жайлаубек.

Жоғарыда айтқандай, төрт маңызды көрменің бірі – Kazakhstan Machinery Fair. Бұл – Қазақстан мен Орта­лық Азиядағы машина жа­сау және металл өңдеу саласын­дағы басты көрменің бірі. Бұған дәстүрлі түрде жаңа жабдықтарды өндірушілер мен машина жасау саласындағы жетекші компания өкілдері келді. Сонымен қатар олар металл өңдеу мен пісіруге арналған жабдықтар мен материалдарын, өнеркәсіптік 3D-басып шығару мен роботтехникасын және машина жасау және металл өңдеу саласындағы ең жаңа технологияны ұсынады.

Ал Su Arnasy – Water Expo көрмесінде отандық және халықаралық компаниялар суды тазарту мен жабдықтауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты ин­новациялық технологиялар мен өнімдерін көрсетті. Шарада салаға қатысты кәсіп­орын басшылары, инженерлер мен технологтер, шағын және орта бизнестің, мемлекеттік органдардың өкілдері және салалық қауымдас­тықтар қаты­сып, су тапшылығы мен үнем­деуге қатысты өзара пікір ал­масты.

Химия өнеркәсібіне, сондай-ақ осы салаға байланысты технологиялар мен жабдықтарға арналған Chem Tech Kazakhstan халықаралық көрмесінде де оны дамытуға байланысты инновациялық технологиялар ұсынылды. Мұнда да салаға қатысты мамандар мен кәсіпкерлер диалог орнатып, химия өнеркәсібінің технологиялары бойынша мәселелерді ортаға салды.