Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының алғашқы толқыны аяқталды. Ал сәуірдің үшінші онкүндігінен мамырдың екінші онкүндігінің соңына дейін екінші кезең күтіледі. Бұл кезең тау бөктеріндегі және орта таулардың оңтүстік беткейлеріндегі қардың еруімен, сондай-ақ жауын-шашынмен байланысты. Қазіргі таңда облыс аумағындағы қар жамылғысы 19% деңгейінде сақталған. Өңірде алдын алу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Атап айтқанда, 226 шақырым канал, 504 шақырым арық тазартылып, 4778 су өткізу құрылысы мен 409 көпір ретке келтірілді. Сондай-ақ 430 мың текше метрден астам қар шығарылды. Нәтижесінде 16 елді мекенде су басу қаупі жойылып, 50 елді мекенде қауіп азайды, ал 5 елді мекенде қауіп сақталып отыр. Бұл – Глубокое және Алтай аудандарындағы жалпы 813 тұрғыны бар 329 үй.
Қазір облыста гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі су деңгейі қауіпті межеден төмен, су басу деректері тіркелмеген. Мамандар тәулік бойы бақылау жүргізіп, таулы аймақтардағы қар қорын бағалап отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында да жағдай тұрақты бақылауда тұр. Мұнда Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінің күштері жұмылдырылып, Петропавл қаласы, Заречный кенті және Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жұмыс жүргізіп жатыр. Қорғаныш бөгендерін нығайту үшін 29 мың қап дайындалып, оның 10 800-і төселді. Сонымен қатар Есіл өзенінің тасқын суының әсерін азайту мақсатында 2,5 мың метр полиэтилен төсемі төселді.
Министрлік су тасқынына қарсы жедел штабы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмысын жалғастырып, қабылданған шаралар жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр.