Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын өндірісте 1 000-нан астам жазатайым оқиға тіркеледі, оның шамамен 200-і қайғылы жағдаймен аяқталады. Салалар ішінде ең жоғары көрсеткіш тау-кен металлургия кешеніне тиесілі – 17-18%, ал құрылыс саласында 10-12% деңгейінде.
Қазіргі таңда шамамен 500 мыңға жуық адам зиянды және қауіпті жағдайда еңбек етеді, 100 мыңнан астамы ауыр дене еңбегімен айналысады. Жыл сайын 650-700 мыңға жуық жұмыскерге осындай еңбек жағдайы үшін өтемақы төленеді.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін 3 000-нан астам кәсіпорында еңбекті қорғау стандарттары енгізілген. 2019 жылдан бері «Нөлдік жарақаттану» (Vision Zero) тұжырымдамасына 600-ден астам кәсіпорын қосылды. Сондай-ақ 300-ден астам кәсіпорында қауіпсіздікті бақылаудың моделі енгізілді.
Жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік төлем қарастырылған. Оны 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы жарналары төленген азаматтар ала алады.
Елімізде 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Кәсіпорындардың цифрлық картасы мен Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы іске қосылып, еңбек қауіпсіздігін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар жасанды интеллектке негізделген құралдар енгізіліп, тәуекелдерді алдын ала анықтау жүйесі дамып келеді.